Ж.Шанин театрына көркемдік жетекші тағайындалды

640
Қуандық Қасымов

Мәдениет саласында ауыс-түйіс. Өңіріміздегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрына көркемдік жетекшісі тағайындалды.

Бір жарым жыл бойы бос қалған орынға Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, театрда 25 жылдық тәжірибесі бар Қуандық Қасымов келді. Театр майталманы алдымен өңіріміздегі журналистерді жинап, театр саласынан түйгенін және өнер ұжымының алдағы жоспарын айтып берді.

Қуандық Қасымов
                       Қуандық Қасымов

Қуандық Қасымов, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі: «Режиссура деген – философия. Марқұм Әшірбек Сығайдың өзі өмірінің соңғы сәттерінде осы философиялық ойларды айтып кетті емес пе? Ал көркемдік жетекші деген – ол театрдың көркемдік деңгейіне жауапты адам. Анығырақ айтсам, әрбір әртістің сахналық рөліне, кейіпкерді ашуына, олардың әлеуметтік жағдайына, ұжымның шығармашылық топтың деңгейіне жауап береді. Сондықтан, бұл жауапкершілікті көтеремін енді. Әрине, бұған дейін талай орындарға, талай жауапты қызметтерге шақыртулар алдым. Тіпті, қызметтік көлік, баспанамен қамтамасыз етеміз деді. Бірақ менің таңдауым Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ дарама театрына түсті. Себебі жуырда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Шымкентте осы театрда «Абылай ханның арманы» спектаклін сахнаған едім. Ұжыммен жұмыс жасау сондай ұнады. Олардың ынтасын, талантын, көздеріндегі жалынды, мамандығына деген махаббатты көрдім. Енді жаңа премьералық қойылымдарды қойып, әлемдік өнер сайыстарына қатысуды жоспарлап отырмыз. Жасырмаймыз, жуырда ғана театрдың әртістері әйгілі сарапшылар, театр мамандары тарапынан сынға ұшырады. Әрине, кемшілік болады. Енді соны түзеу үшін Алматыдан мамандарды шақырып, шеберлік-сабақтарын жүргіземіз. Сондай-ақ, ұжым жаңа маусымды 15 қыркүйек күні ашады. Және шараның ерекшелігі сол – Ж.Шанин театры бұрынғы орталықтағы ғимараттан бүгінгі нысанымызға дейін отшашу алып, жолда от тұтамын алып жүріп өтеді. Мұндағы мақсат  – біздің «қара шаңырақтың» отын сөндірмей, осы ғимаратқа әкелу, көрермендерімізді осында шақыру. Кейбір қала тұрғындары қазақ театрының көшкенінен де бейхабар екен. Енді қуанышты ақпарды осындай жаңалықтармен жеткізгелі отырмыз».