Адам баласы үшін соғыстан асқан кесапат жоқ. Соғыс! Жалғыз ауыз сөз. Бірақ қандай қорқынышты?! Соғыс дегеніміз – қайғы – қасірет, қантөгіс, өлім – жетім. Соғыс дегеніміз – күн сайын туған – туыстан , жақын – жорадан, қарулас досыңнан айырылу.
Содан бері арада оқтай зулап 67 жыл өте шықты. Бүгінде сол сұрапыл жылдардың 323 куәгері Шымкент қаласында өмір сүреді. Отан үшін жанын сарп етіп, от кешкен жауынгерлер-бүгін ардагер. Бейбіт өмірге сал болып жетсе де, тәубе ететін Юсуф Керімбаев бұл күнде сексеннің сегізіне шығыпты. 45 немере, 35 шөбересі бар батыр атаның немерелері арнайы Даңқ Мемориалына алып келіп, ерлігіне тағзым етті.
Қарт жауынгер «Даңқ» мемориалын аралай жүріп, сан мыңдаған майдангерлердің аты жөнін шолып шықты. Өткен күндерін есіне ала әңгімесін бастағанда ақсақалдың жүзінен мұң табын сезіндім. Бұл мұң сағыныштың сарқыты емес, әрине. Бұл мұң- қарт жадында жарылып жатқан бомбалар, қан майданда ыңырсып жатқан жаралылар. Өз жанына өшпестей болып түскен ауыр жылдардың салмағы. 1942 жылы майданға шақырту алғанда небары он сегіз жаста екен. Сақадай сай солдат болу үшін, арнайы үйретіпті Моквада. Сөйтіп, Сталинград түбіндегі шайқасқа аттанған. Нағыз соғысты сол жерде көріпті. Ысқырып келіп дәл жанынан снаряд жарылғанда топыраққа көміліпте қалған күндері көп болыпты. Көзінен мөлдіріген жастары, сол кездегі қайрат-жігерінің биіктігін көрсетеді.
«Бірақ жау зеңбіректері біздің рухымызды топыраққа көме алмады. Әрбір кеңес жауынгерінде «Отан үшін!» деген асқақ рух бар еді. Сол рух бойымыздан қорқыныш дейтін сезімді қуып шықты. Тіпті, алдымыздан оқ борап тұрмаса «осы біз әшейін жүгіріп келе жатқан жоқпыз ба» деп ойлайтынбыз»,- деген ардагер 1943 жылы жаралы болған.
Ақыры жауындай атылған жау снарядтарының бірі сол аяғына тиіп, қатты жарақаттанып, госпитальда көп жатқан. Соғысқа қайта кіре алмай,бір аяғын оқдәрі сасыған соғыс даласына тастап кеткен.
Юсуф Керімбаев, ҰОС-ның ардагері:» Өмір болған соң оның бақыты да болады. Оқ пен оттың ортасынан шыққан біз үшін бейбіт күн бейнетінің өзі бір бақыт еді. Аяғымнан айрылған мен елге келген соң, жасанды аяқ салып, еңбек еттім. Шамамның келгенінше, бала-шағамды өсіріп, оқыттым. Қатарынан қалмасын деп, ешқандай жұмысты таңдамадым. Құдайға үшкір, жетілді. Қыздарым қияға қонса, ұлдарым отбасылы болды. Зайыбым екеуіміздің ендігі арманымыз, осылардың қызықшылығын көру. Құдайым соған жеткізсе деп тілеймін».
Соғыстан кейінгі ел жағдайының еңсесін тіктеу де майдангерлердің басты міндеті болғандықтан, жасанды аяққа жүгініп, зейнетке шыққанша ауылшаруашылығы саласында қызмет еткен. Бүгінгі таңда қаламызға қарасты Бозарық ауыл-округінің соғысты көрген жалғыз куәгерінің балалық кезеңі мен албырт дәурені болмаған. Соғыста болған оқиғалары әлі есінде тірі, ұмытылған жоқ.