Тыл еңбеккері Лидия Бабенконың өмірге құлшынысы үлгі тұтарлық

712

Түлкібас ауданының тумасы Лидия  Николаевна бүгінде Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында тұрады. Сергеевка, қазіргі Ынтымақ ауылында үлкен отбасы тұратын.  Әкесін Лида мақтан тұтатын. Жәй ғана  механизатор  халық шаруашылығы табыстары көрмесінің «Алтын» медаль иегері, есімі «Құрмет» кітабына енгізілген.

Жанұяда жеті бала болса, төртеуінің көзі тірі. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Лида небәрі 12 жаста болатын.  Қиын-қыстау кезеңде   қариялар мен балалар  тылда аянбай еңбек етті дейді тыл еңбеккері.

Тыл еңбеккері Лидия Бабенко

Лидия Бабенко, тыл еңбеккері: «Соғыс басталғанда  бригадир үйме -үй жүріп  әйелдерді, ұл-қыздарды жинайтын. Барлығымыз егін даласына барып жұмыс жасайтынбыз. Әкем  1941 жылы тамызда майданға аттанды. Мен  бауырларыма қарадым, осылайша анама қарастым. Мақта да тердік,  қызылшаның да күтіміне жауапты болдық. Сол жылдардағы ауыртпалықты ұмытпаспын. Ерте есейдік. Бір-екі сабақтан кейін дала жұмыстарына араласып, қолымыздан келген тірлікті жасадық.

Есімде қалғаны, қызылша тәтті болғандықтан ба, зиянкестер көп үймелейтін. Сол құрттарды жинау біздің міндетіміз болатын. Звеношылар  ыдыс тасумен әлек, біз толтырумен әлекпіз. Содан кейін  асқа тәбетім тартпайтын. Ұзаққа дейін алдымда тәрелкеде құжынаған құрттар сияқты болып тұрды».

Соғыс Лиданың әкесін аямады. Мәскеуді қорғағанда ауыр жарақат алып, 1942-ші жылдың соңында  елге оралды. Көз жанарынан айырылған  әкесімен қалған анасына қарасу үшін  жас маман педучилищеден жолдамамен жұмыс істеген Түлкібастағы балалар үйіндегі қызметінен кетуге мәжбүр болды. Сергеевкада мектепте жұмыс істеп отбасына қарайласты.

Лидия Бабенко, тыл еңбеккері: «Қиын кезеңді бастан кешуге отбасындағы тәрбие көмектесті  десем  артық айтпағаным. Мінезім де жайлы болды, қызғану, біреуге кек сақтау деген болмады. Біреу ренжітсе, үндемей қоя салатынмын. Таңғы сәріден  кешке дейін  жұмыс жасадық. Барымызға қанағат қылдық».

Лидия әжей саябақта

Лидия Николаевна 2 мамырда 89 жасқа толады. Немере, шөберелерінен бөлек,    партия, атқару органдары мен кәсіподақ ұйымында қызметтес болған  әріптестерін күтеді.  Тыл еңбеккері  жақын жердегі саябақта серуендегенді ұнатады.  Өйткені, ол демалыс аймағының құрылысына  күйеуі  майдангер Степан Михайловичпен бірге қатысқан.

Зейнетке шықса да Лидия Николаевна қол қусырып отырмады. Ауласында жылыжай құрастырып, ерекше экзотикалық жемістер отырғызды. Гибридті лимондарын Лидия Николаевна сатпайды, көршілері мен туыстарына таратады.  Бізге де әжей өзінің өнімдерінен сый жасады.

Лидия әжейдің лимоны