Экологиялық таза көліктер Шымкентке пайдасыз болып шықты

608

Бельгия мен Францияның тәжірибесі Шымкентте ұзақ қолданылмады. Еуропадағы кең қолданыстағы электрлік қоқыс тасығыштар қаламызда жылға жетпей пайдаланудан шығарылды. Үш дөңгелекті байк бізге Қытайдан әкелінген болатын. Биыл қоқыс таситын шағын көліктер Шымкент көшелерінен көрінбеді. Қайда кеткенін біз білуге тырыстық.

Қала көшелерін тазалайтын шағын көліктер көзден ұшты. Қазір қоқыс таситын үлкен көліктер мен аула сыпырушыларды ғана көресіз. Ал осыдан бір жыл бұрын олардың орнына электр қуатымен жүретін үш дөңгелекті шағын қоқыс тасығыштар шыға бастаған еді. Ол экологиялық таза, әрі тез тазалауға мүмкіндік беретін. Алайда шетелдік тәжірибе бізде ұзаққа бармады.

Қытайдан шағын қоқыс тасығыштарды жеткізген «Казкоммунал сервис» компаниясы мамандарының айтуынша әлгі үш дөңгелекті бізге тиімді емес. Биыл аталған фирма жүк сыйымдылығы ауқымды басқа көліктерді сатып алмақшы. Жаңа техникаға 2 тонна қоқыс тиеуге болады екен. Ал о баста тиімді деп сатып алынған трициклдардан Казкоммунал сервис компаниясы оңай құтылған.

Бір қызығы Мақтарал ауданының шенеуніктері электрмен жүретін қоқыс тасығыштарды сатып алған жоқпыз деп ақталуда. Жергілікті әкім бұл туралы сұрағанымызда тіпті, ашуланып кетті.

– Ауданға 10 трицикл сатып алғандарыңыз рас па?
– Сіздер қағыс естігенсіздер. Енді мұндай сұрақпен мазаламыңыздар мені.

Шымкент тұрғындары болса, трициклдардың тиімді болғанын айтады. Қоқыс таситын жүк көліктері кез-келген қоқыс тастайтын орынға кіре алмайды дейді.

«ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің мамандары заманауи қоқыс тасығыштарды қазір еліміздің ірі қалалары сатып алып жатқанын айтады. Ал Шымкентте олар жаз айларында қолданыла бастайды. Оның қанша уақыт пайдаланылатынын уақыт көрсетеді.