Қыз алып қашудың алдын алу мәселесі талқыланды

0

Шымкентте биыл қыз алып қашпақ болған 1 азамат 4 жылға сотталды. Ал қалған жайттар сотқа жеткізілмеген. Құқық қорғау мамандары 15 сәуірде қабылданған заң өзгерістеріне байланысты жаза күшейгенін айтады. Сондықтан мамандар бас қосып, түсіндірме жұмысын жүргізді.

Шымкентте жыл басынан алып қашу дерегі бойынша 1 азамат 4 жылға сотталды. Десе де заң жүзінде құқық қорғау органдарына жүгінбегендер саны белгісіз дейді мамандар. Ал былтыр қалыңдықтың келісімінсіз үйлену мақсатында қызды алып кеткен жағдайы болғанмен олар сотқа жетпеген. Прокуратура қызметкерлері жәбірленуші тарап кешіріп, екі жақты келісімге келуіне байланысты іс қысқарып отырғанын жеткізді. Алайда жаңа заң аясында талап күшейіп отыр.

«Алып қашу бойынша іс бұрыннан бері 125 бабпен қаралатын. Бұрында мұндай жағдай көп болатын, бірақ қылмыстың аяқталуына байланысты сотқа бара бермейтін. Қазір заң аясы күшейді. Соған сай енді жаза да қатаңдайтын болады», – дейді Ержан Марат Шымкент қаласы прокурорының орынбасары

15 сәуірден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісіне қатысты жауапкершілік күшейтілді. Мәселен бұрындары мамандар аталған саладағы құқық бұзушылықты тіркеумен ғана шектелген болса, былтырдан бастап зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін, оны анықтауға кірісті. Полицейлер содан бері қалада әйелдерге қатысты заң бұзушылықтың азайғанын айтады.

«Әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар 32.2 пайызға азайған болса, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресу мақсатында жасалған жұмыстар нәтижесінде қылмыстар 7-ден 4-ке түсті», – дейді Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абраманов.

Сонымен қатар дөңгелек үстел аясында түзету енгізілген заң бойынша әйелдерді ұрып-соғу, денсаулығына қасақана зиян келтіретін жағдай үшін қандай жаза қолданылатыны айтылды. Атап айтқанда енді нәзік жандыларға қауіп-қатер тигізген азаматты 80 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап, 12 жылға дейін бас бостындығынан айыру жазасы күтіп тұр.