Роза Әлқожа туған жерінде концерт берді

3200

Қоңыр сазды әндерімен әнсүйер көпшіліктің жүрегін жаулап алған танымал әнші, сазгер Роза Әлқожа туған жері Жетісай қаласында Қ.Жандарбеков атындағы драма театрында 11-ші мамыр күні концерт берді.

Концертте әнші Хадиша Сейітова мен Розаның туған бауыры, жас талант Әбдімәлік Жаппар өнер көрсетті.

Айта өтейік, Роза Әлқожаның «Жүрек назы» атты шығармашылық кеші Шымкент қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Халықтар Достығы үйінде 9-шы мамыр күні өткен болатын. Шымқалада өткен концертте белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева рухани сіңлісі Розаға деген ақ тілегін өлеңмен өріп, өзінің жаңа әндерімен шашу шашты.

Кештің жаңалығы — Роза Әлқожаның бауыры Әбдімәлік Жаппардың өнері. Өнерге таласы бар жас талаптың таланты жиналғандарды тәнті етті. Бұлай болуы заңды құбылыс. Роза Әлқожаның анасы Алтынай ана кәсіби музыкант. Алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Алтынай ана қызы Роза Әлқожамен бірге сахнада  ән шырқады.

«Жүрек назы», «Мен сыйға тартқан орамал» сынды талай танымал болған әндерімен танеылған Розаның өнерін жерлестері жоғары бағалап, «Дала періштесі» деп атады кеште.

Қазақи бояуы қанық, ұлттық құндылықты жоғары қоятын әнші, сазгер, ақын Розаның шығармашылығына ризалығын білдірген көпшілік кештен тәтті сезіммен тарасты.