Шымкентте бір ауданның өзінде 5 кісіні егеуқұйрық, 2 азаматты тышқан тістеген

804

Кеміргіштермен күресуге қаржы да, уақыт та тапшы. Өткен жылы осы уақытта қала тұрғындарының шағымының негізінде Төтенше жағдайлар және СЭҚ басқармаларының араласуымен қала әкімінің қорынан 43 млн. тенге қаржы бөлініп, көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл бірде-бір құзырлы мекеме бұл іске асығар емес. Ал егеуқұйрықтар бүгінде жаңа шағынаудандарды да басып алды

Еңбекші ауданында 5 кісіні егеуқұйрық, 2 азаматты кәдімгі тышқан тістеген. Бұл соңғы 5 айдағы мәлімет. Ал өткен 2011 жылдың 12 айында көрсеткіш 11-ге жеткен. Шымкент қаласы эпидемилогиялық тұрғыда қолайсыз қалалардың қатарына жатқанымен, 15 жылдан бері бұл салаға көңіл бөлініп қаражат қаралмаған. Өткен жылы қазынадан қаралған 43 млн. тенге қаламыздың 8 пайыз аумағын ғана дәрілеуге жетті. Онымен кеміргіштер кеміген жоқ.

«Бізге шағымданып келген азаматардың мекен жайын тез арада залалсыздандыруға ұсыныс береміз. Емделу мерзімін қадағалаймыз»-дейді арнайы мамандар.

Мамандардың мәлімдеуінше бүгінгі таңда аса қауіпті ауру таратқыш кеміргіштермен күреске 400 млн тенге қаражат қажет. өзге жағдайда шымқаланың жұқпалы ауру ошағына айналуы ғажап емес. Өкінішке орай, бұл мәселеде не ТЖБ қызыметкерлерін, не СЭҚБ мамандарын тіпті қала әкімдігінің ветеринария бөліміндегілер де бастарын ауыртқысы жоқ.

Әділхан Сұлтанбеков: «Мен қала әкіміне хат жаздым әлі жауап жоқ .Соған қарағанда хаты оқитын адам қалмаған ба деймін».

Әкімдіктің жауапты азаматтарына хабарлассақ, арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқтығын айтты.Көпқабатты тұрғын үйлер кондоминиум жүйесіне өткендіктен бұл жұмыс тұрғындардың есебінен жасалуы тиіс дейді. Қала аумағындағы қоқыс қалдықтарының аралына айналған аумақтар кімнің есебінен дәріленетініне әзірге жауап берер жан жоқ.