Шымкентте тағы да ерекше байқау өтті. Анығырақ айтсақ, 8 жылдан бері ұмыт қалған би додасы қаламызда жалғасын тапты. 4 жастан бастап 25 жасқа дейінгі үміткерлер спорттық-балдық биден сайысқа түсті. Байқауға бишілер Ресей, Өзбекстан, Қазақстанның 700-ден аса бишілері атсалысты. Таңертең басталып, кешқұрым мәресіне жетті.
Татьяна Катечева, халықаралық сәнді-спорттық сайыстың ұйымдастырушысы: «Соңғы 7-8 жылда Шымкентте ешқандай сәнді-спорттық жарыс болмады. Сондықтан сол құр өткен уақыттың орнын толтыру үшін халықаралық жоғарғы дәрежедегі сайысты жоспарлы түрде өткізіп отырмыз».
Сайысқа жер-жерден келген үміткерлер қазылар алқасының алдында ең сүйікті билерін билеуі керек болды. Ал шымкенттік үміткер 11 жасар Лана Нұрбаева Алматы қаласында өткен республикалық «Best open» федерациялық спорттық би байқауының 1-орын иегері. Бұл жектікншек жеңісінің бір бөлігі ғана. Ал бұл байқауда Лана «ча-ча-ча» биін билеп, өз қабілетін көрсете алды. Оның айтуынша, бұл биде ең сүйікті де ең алғашқы үйренген қимылдары бар.
Лана Нұрбаева, балалар өнер мектебінің 4-сынып оқушысы:»Әрине, қорқыныш болды. Алайда осы уақытқа дейін жиған тәжірибемнің арқасында қорқынышқа бой алдырмадым. Ал қазылар алқасы менің өнерімді дұрыс бағалап, ақтық мәреге жолдама берді. Сондықтан, жүлдеден күдерімді үзбеймін. Десе де мен мұнда жүлде үшін емес, өнерімді дәлелдеу үшін қатысып отырғанымды шегелеп айтқым келеді».
Жастайынан өнердің өрлеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген 7 жасар Нұрай Өзенбай бұл сайыста өз талантын таныта алды. Яғни 2-орынды қанжығасына байлады. Бұл — Нұрайдың ең алғашқы бағындырған белесі.
Нұрай Өзенбай, 2-орын иегер (№25 Тұрар Рысқұлов атындағы мектептің оқушысы: «Мен мұндай байқауға тұңғыш рет қатыстым. Жасыратыны жоқ, қатты қорықтым. Сахна алдындағы қобалжуымды сөзбен жеткізе алмаймын. Алайда анамның жанымнан табылғанына қуаныштымын. Рухани демеген соң ба, әйтеуір бүгін жұлдызым жанды. Бастысы, асқақ арманымның бастауы орындалды».
Сонымен, жалпы саны 78 медальдің 6 алтын, 10 күміс, 13 қола медаль шымкенттік бишілерге бұйырды. 10-11 жас аралағандағы «Ең үздік жұп» аталымын «7-ші құрлық» мектебінің шәкірттері Никита Волобуев и Фатима Жамурова иеленді.