ALMA-TAU шипажайы белсенді түрде дамуын жалғастырып, тек отбасылық демалысты ұнататындарды ғана емес, кәсіби спортшыларды да өзіне тартуда. Заманауи бассейндер, жайлы демалыс аймақтары, дамыған спорттық инфрақұрылым және таудың бірегей климаты кешенді өңірдегі ең сұранысқа ие орындардың біріне айналдырды. ALMA-TAU бүгінде келушілерді қалай таңғалдырады және чемпиондар неге дәл осы жерді таңдайды — тілшіміз анықтап қайтты.
Қаланың жазғы аптап ыстығына шыдау қиындағанда, көпшілік салқын әрі жайлы ортаны іздеп тауға қарай асығады. Соның ішінде «ALMA-TAU» таулы шипажайы — қала тұрғындарының ең жиі таңдайтын демалыс орны. Мұнда қонақтарды саф ауа, табиғаттың көркем көрінісі және қаланың қарбаласынан алыс, шынайы тыныштық қарсы алады. Таудың таза ауасы мен мөлдір сулы заманауи бассейндер отбасылық демалыс үшін таптырмас жағдай жасайды. Мұнда әркім өз қалауына қарай табиғат аясында демала ма, әлде белсенді уақыт өткізе ме өз еркінде.
МЕЙІРЛАН ЛЕСБЕК, ALMA-TAU ТАУ КУРОРТЫНЫҢ ДЕМАЛУШЫСЫ: «Алматауға біз кеше келдік. Өте керемет демалыс орны екен. Барлығы ұнап жатыр. Тамақтары да, жататын орындары да, бассейн бәрі ойдағыдай. Тағы да Құдай қаласа қаламыз .Екі күн бойы осы жақта қаламыз».
Шипажайда отбасылық демалысқа ерекше мән берілген. Балалар үшін әр жас ерекшелігіне сай ойын алаңдары қарастырылған. Ал ең көп сұранысқа ие орындардың бірі — кішкентай қонақтардың көңілінен шығатын арнайы картинг алаңы.
Кешен аумағында кез — келген талғам мен қалтаға сай кафелер мен мейрамханалар қызмет көрсетеді. Қонақтар жайлы нөмірлерді немесе жеке коттедждерді алдын ала тапсырыс бере алады. Сондай-ақ ALMA-TAU-ға бір күнге келіп, бассейнге шомылып, табиғат аясында демалуға да мүмкіндік бар.
БАҒЛАН СЕЙІТБЕКОВ, ТАУ КУРОРТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Отбасылық демалысты жаныңызға жайлы өткізгіңіз келсе, «ALMA-TAU» тау курортына шақырамыз»
Кеш түсе курорттың келбеті ғажайып көрініске өзгереді. Заманауи жарықтандырудың арқасында тау етегіндегі кешен ерекше көрікке бөленіп, жайлы демалыс мекеніне айналады. Кешкі жарық табиғаттың сұлулығын айшықтап, қонақтарға ерекше әсер сыйлайды.
ALMA-TAU тек демалыс орны ғана емес. Бұл – еліміздегі маңдайалды спорт базаларының бірі. Заманауи жаттығу залдары, арнайы алаңдары бар. Мұнда спортшыларға қажетті барлық жағдай жасалған. Соның нәтижесінде ұлттық құрама командалар мұнда оқу-жаттығу жиындарын тұрақты түрде өткізеді. Жыл сайын мыңдаған спортшы осы жерде жарыстарға дайындық жасайды.
Спортшылардың қатарында қазақстандық ауыр атлетиканың үздіктерінің бірі Александр Уваров та бар. Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан чемпионы әрі ел рекордының иегері жаттығу базасының мүмкіндігіне риза. Оның айтуынша, заманауи инфрақұрылым мен таудың таза ауасы ірі халықаралық жарыстарға дайындалу үшін таптырмас орта.
АЛЕКСАНДР УВАРОВ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АУЫР АТЛЕТ: «Мұнда бәрі жеткілікті. Штангалар мен құрал-жабдықтар жоғары стандартқа сай. Бұл жерде тек жасөспірімдер командасы ғана емес, ересектер құрамасы да тұрақты түрде жаттығады. Сондықтан бізге бәрі ұнайды».
«ALMA-TAU»-да тек жаттығу процесіне ғана емес, спортшылардың қалыпқа келуіне де баса назар аударылады. Дайындықтың маңызды бөлігі — дұрыс тамақтану. Сондықтан, ұлттық құрама мүшелері үшін арнайы ас мәзірі әзірленген. Бұл спортшылардың физикалық дайындығын жоғары деңгейде сақтап, ауыр жүктемеден кейін тез қалпына келуіне септігін тигізеді.
СЕРДЖИН ГЮДЕР, ТҮРКИЯДАН КЕЛГЕН АСПАЗ: «Спортшылардың формасын сақтауы мен тез қалпына келуі үшін қажетті дәрумендерге, ақуыздарға және басқа да пайдалы заттарға бай әртүрлі мәзір ұсынамыз. Чемпиондарымыз толыққанды әрі теңгерімді тамақтанып, жаттығуларына және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге барынша көңіл бөлуі үшін күн сайын алуан түрлі тағам дайындаймыз».
«ALMA-TAU» — спорт пен салауатты өмір салтын демалыспен үйлестірген ерекше мекен. Кешен кәсіби спортшылар үшін таптырмас жаттығу базасы әрі турнирлер өткізетін орталық болса, отбасылық демалысты аңсайтындар үшін таптырмас орын. Жыл сайын «ALMA-TAU»-дың қонақжайлылығын танып, тау бөктеріндегі тыныштықты сезінуге еліміздің әр өңірінен мыңдаған адам ағылады.






