Úı ANONS Шымкентте аюлар балмұздақ жеп, ыстықтан қорғанып жүр

Шымкентте аюлар балмұздақ жеп, ыстықтан қорғанып жүр

Аптап ыстық адамдарға ғана емес, жануарларға да оңай соқпайды. Шымкент тұрғындары салқын жерді паналаса, қалалық хайуанаттар бағының тұрғындары да жазғы ыстықтан өзінше қорғанады. Біріне балмұздақ ұсынылса, енді бірі суға шомылып сергиді. Ал кейбір аңдарға жайлы жағдай жасау үшін тіпті кондиционер де орнатылған.

 

Жеміс-жидек, көкөніс және еттен әзірленген ерекше балмұздақ – аюлардың сүйікті жазғы асы. Шымкент хайуанаттар бағында әр жануардың қоректену ерекшелігіне сай арнайы мәзір жасалған. Ал күн қатты ыситын мезгілде олардың рационы салқындатылған тағамдармен толықтырылады. Мұндай дәмді ас жануарларды сергітіп қана қоймай, ағзасына қажетті дәрумендермен де қамтамасыз етеді.

 

Ірі жыртқыштар күннің аптап уақытын көбіне көлеңкеде өткізеді. Арыстан, жолбарыс және мысық тұқымдасына жататын басқа да аңдар белсенділігін азайтып, салқын жерді паналайды. Олар үшін қоршауларда салқындату және автоматты су бүрку жүйелері жұмыс істейді. Соның арқасында ең ыстық күндердің өзінде қолайлы температура сақталады.

 

НҰРЖАН КӨПЖАСАРОВ  ШЫМКЕНТ ХАЙУАНАТТАР БАҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: «Сонымен қатар, біздің хайуанаттар бағында салқын климатқа бейім жануарлар да бар. Олар – пумалар, қабыландар және кейбір түнгі жануарлар. Солар үшін кондиционермен жабдықталған арнайы орындар қарастырылған. Онда қажетті температуралық режим тұрақты сақталады»

 

Хайуанаттар бағының өзге де тұрғындары жазғы ыстықты әртүрлі жолмен еңсереді. Аумақта арнайы бассейндер, жасанды су айдындары мен су толтырылған орындар жабдықталған. Онда жануарлар шомылып, бойын сергітеді. Ал питондар мен қолтырауындар күннің ең ыстық мезгілінде судан шықпайды. Олар бассейн түбінде немесе суда тынығып, тек кешкі салқын түскенде ғана белсенді қимылдай бастайды.

Нұргүл Жолымбетова