Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрпейіс Ақбаев Домалақ ана кесенесінде болып, жуырда төселген асфальт жолдың сапасын тексерді. Демеушілер есебінен жүргізілген жолдың жалпы ұзындығы 1,1 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілген. Айта кету керек, аталған жолдың тозығы жетіп, көлік қатынасына қиындық тудырған. Сондай-ақ, жолды ретке келтіру бойынша тұрғындардың талап-тілегі болған.
Жалпы ауданындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 937,4 шақырымды құрайды. Жолдардың басым бөлігі асфальтталған. Биыл аудан бойынша 6 елді мекендегі 23 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, биыл аудандық бюджет есебінен жол таңбаларын сызу, 220 жаңа және тозығы жеткен жол белгісін орнату, сондай-ақ аудандық және елді мекен көшелерін күтіп ұстау жұмыстары үшін қаржы бөлінген.







