Спорт ардагері әлі де мықты қарсылас екендігін дәлелдеді

341
Құрал Орынбасар енді Әлем біріншілігінде ептілігін сынға салатын болады

Шымкенттің самбодан спорт ардагері Құрал Орынбасарды бүгін №10 спорт мектебінің ұжымы арнайы құттықтауда. Жерлесіміз Түркістанда өткен Қазақстан чемпионатында ептілік танытып, әріптестерін алтын медальмен қуантты.

Саян Мекенбаев, №10 күрес түрлері мектебі директорының орынбасары: «Біз үшін бұл үлкен мақтаныш. Құралдың жеңіске жетуі біздің мектептің де мәртебесі арта түсті деген сөз. Енді Әлем чемпионатында топ жарса, қуанышымыз екі еселене түсер еді. Біз оның жеңіске жете алатынына сенімдіміз».

Бүгінде бапкер әрі спортшы самбодан өзінен кейінгі ізбасарларын кезекті турнирге дайындауда. Маусым айында Азия чемпионаты өтеді. Оған Құрал Орынбасардың 4 палуаны қатысады. Олар Айбек Сапарқұл, Бағлан Абдразақов, Сабыржан Әбілдаұлы және Гаухар Тұрмаханова.

Құрал Орныбасар, спорт шеберлері арасында самбодан ҚР чемпионы: «4 жекпе жек өткіздім. Көңілімнен шықты. Енді шәкірттеріммен Азия чемпионатына барамын, сол жақта ел қоржынына жүлде саламыз деген үміттеміз».

Оқу жаттығу жиыны Таразда өтуде. Негізгі дайындықтан кейін чемпионның шәкірттері Азия құрлығында епті екенін дәлелдеу үшін тырысып бағатын болады. Байрақты жарыс Ташкентте өтеді.