Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қоры ардагерлерге сый жасады

9-мамыр Ұлы Жеңісті жақындатқандар үшін ерекше күн болып мәңгі есте қалады. Ал олардың ұрпағы үшін жыл сайын осы айтулы күнді мақтан тұтар ардагер аға-апаларымен бірге қарсы алғаннан асқан бақыт жоқ. Өкінішке орай кешегі сарбаз, бүгінгі қарт ардагерлер қатары сиреп барады. Бейбіт өмір сыйлаған асыл қазыналарымызды Қауысбек Тұрысбеков атындағы қор азаматтары ұмыт қалдырмады.

90 жастағы Зұлбыхар Қалиевтің үйіне келетін қонақтардың қатары күндегіден мереке жақындай түскенде көбейеді. Әдеттегідей қалтаға салынған сыйлықтар, қаржылай көмек. Бірақ бүгінгі қонақтардың сыйы ерекше болды. Қиын күндерде қаруласымен бөлісіп жеген тағамдар. Енді бұл тұсқа ән ғана керек деп ақсақал жан-жарымен әндете жөнелді.

Қауысбек Тұрысбеков атындағы қайырымдылық қорының ат басын бұрған екінші үй ҰОС-на қатысқан ерлі-зайыпты Пошутиндердің шаңырағы. Өкінішке орай қонақтарды Вера Николаевнаның жалғыз өзі қарсы алды. 10 күн бұрын 67 жыл отасқан жолдасы майдангер Евгений атай өмірден озыпты. Биылғы мерекені атап өтуге жете алмады деп көзіне жас алды жары.

Біз 32 ҰОС-ы ардагерінің үйіне барып, өз сыйлығымызды табыстаймыз деп жоспарладық. Ардагерлеріміздің қатары жыл санап сиреп барады. Бұл дегеніңіз енді кейінгі ұрпақ соғыс жайлы естеліктерді тек кітаптардан ғана оқып, теледидардан көреді. Сондықтан көзі тірі қазыналарымызды барында қадірлейік дегім келеді. Жеңіс күнімен барлық ардагерлерді құттықтаймыз.