Облыс спортының тізгінін ұстаған Болат Қырықбаевтың бүгін көңіл күйі жақсы. Өйткені, Әлем чемпионатында Шымкенттің спорт саңлақтары топ жарып отыр. Давранбек Тураханов пауэрлифтинг бойынша әлемдік додада 720 келіні көтеріп, бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Валида Искандирова да жүлделі болды. Ол қоладан алқа тақты.
Ал Жазира Жаппарқұл болса ауыр атлетикадан өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, ел тарихында өшпестей із қалдырды.
Жазира Жаппарқұл, ауыр атлетикадан Әлем чемпионы: «Бұл жолғы Әлем чемпионаты мен үшін ауыр болды. Тынбай еңбектенуімнің арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Бапкеріме алғысым шексіз».
Бүгін Болат Қырықбаев гандболшыларды да арнайы атап өтіп, оларды жүлдесімен құттықтады. Ең алдымен дөңгелек үстелдің басында спортшылармен сұқбат жүргізді. Не себепті медаль күмістен деген сауалдың жауабын білуге тырысты.
Эм Анастас, гандболдан ОҚО аға бапкері: «Намыс деген командадан ғана жеңіліп қалдық. Өйткені ол құрамада еліміздің үздік гандболшылары жиналған. Жалақылары жақсы болған соң біздің де бірнеше спортшымыз сол командаға ауысты. Алайда келесі жылы бұл мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін».
Шымкенттің гандболшылары осымен 21-ші рет өткен ел чемпионатында тоғыз рет жеңімпаз атанған. Биыл ғана жүлделі екінші орынды қанағат етіп отыр. Жарыс барысында өткен 5 турдың соңғысында ғана жерлестеріміз «Намыс» командасын жеңе білген. Ол дегеніміз келесі жылы команда құрамы ептілермен толықса «Намысты» да артта қалдыруға мүмкіндік бар.