Қасиетті қаламның киесі барын ұмытпайық

қаламның киесі бар

Бірінші кезекте мына мәселенің басын ашып алуымыз керек. Қазіргі мүмкіндіктер кең. Мысалы, әлемнің кез келген елінде шығып жатқан белгілі басылымдарды үйімізде отырып оқи береміз. Осыдан барып, әлем журналистикасының дамуы біріне-бірі жақындады. Мысалы, қазір ақпаратты жариялау, оны дайындау стилі жағынан «Вашингтон пост», «Нью Иорк Таймас», тағы басқа әлем мойындайтын басылымдармен бір деңгейдегі қазақ басылымдары бар.

Бірақ көп емес. Айталық, мақаланы негізгі оқиғадан бастау-бірінші сөйлемдерде оқиғаның түйінін беру әлемдік журналистиканың негізгі бағытына айналды. Бұл оқырманды тартудың қазіргі ең тиімді жолы. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ журналистикасының қазіргі даму деңгейі өте жоғары деп айтуға болады. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған кезде біз-журналистер қандай едік? Журналистикамыз қандай еді?! Кеңестік кезеңдегі тіршілігімізді журналистика деп атауға бола ма? Тек қана құрылтайшының айтқанымен жүріп, айдауына көнетіндерді, солардың айтқандарын ғана жазатындарды кейбір мемлекеттерде журналистер қатарына қоспайды. Біз бұрын қатал, айналасына захар шашып тұрған цензураның бақылауымен жұмыс істегендіктен… Журналистиканың қазіргі жағдайы «пейіш» сияқтанып көрінеді.

Қазір жақсы болсын, жаман болсын демократиялық қоғамға аяқ басып тұрмыз. Қазақ журналистикасы Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өркендеп, өсіп келе жатыр. Бірақ журналистика қоғамның дамуынан сәл де болса алда жүруі керек. «Даму туралы» сөз болған соң айтпасқа болмас. Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасы берген мәліметтерге қарағанда, облыста 180-нен астам БАҚ-ы бар. Облысымыз Қазақстандағы орыс тілінде шығатын газеттер мен журналдардың экспансиясына ұшырамаған азғантай аймақтардың бірі. Тәуелсіздік жылдарында журналистер ұлтымыздың рухын көтеруге орасан зор үлес қосты. Бұл жетістігімізді ешкім бізден тартып ала алмайды.

Қазақ журналистикасының соңғы жылдары көтерілген биігі-интернет журналистика. Ақпарат кеңістігінен интернет басылымдар өз орнын ала бастады. Басқасын айтпай-ақ қояйық. «Абай.kz» ақпараттық порталының өзі не тұрады. Осы порталдың бас редакторы Дәурен Қуат: «2009 жылдың 15-сәуірінен бері жұмыс істеп келеміз. Дәстүрлі БАҚ-ы жариялай алмайтын мақалалар бізде жарық көреді. Қазір бір мезгілде, тұрақты түрде мың оқырманымыз «Абай.kz-ті» парақтап отырады. Біздің порталымызды Қытайдағы, Моңғолиядағы, Түркиядағы тағы да басқа елдердегі қандастарымыз оқиды», -дейді.
Газеттер мен телеарналардың интернет сайттары пайда болды.
Менен кейде «Қазақ журналистикасына не жетіспейді?»,- деп сұрайды.

Біріншіден, қазақ «қаламның, сөздің киесі бар» дейді. Әлемдік журналистикада қалыптасқан дәстүр бар. Мұны журналистиканың әлемдік ортақ этикасы деп те атауға болады. Олар мыналар:

Бірінші, қолыма қалам алдым деп, біреуге жала жабуға, ғайбат сөз айтуға болмайды. Бұл негізгі қағида. Құдай сақтасын, әрине. Егер осы қағиданы жиі, жүйелі түрде бұзатын болсаңыз қаламның киесі ұруы мүмкін.

Екінші, Журналист өз қызметін жеке басының мүддесі үшін біреулермен есеп айрысу құралына айналдыруға жол бермеуге тиісті.

Үшінші, өзің білмейтін тақырыпқа тереңдемеу керек, өзің сияқты қалам ұстаған журналистиканы кәсіп еткен әріптестеріңмен сыйлас, олар туралы артық әңгіме айтпа. Бұл кәсібіңді сыйлағаныңның белгісі, сол арқылы журналистиканың беделі көтерілсе сенің де мерейің өседі. Бізге жетпей жатқаны осы, жас әріптестеріміз әлемдік журналистикадағы осы ортақ этикалық талаптарды білмейді немесе басқа бір себептермен сақтамайды. Ал бұл – трагедия.
Қазақ, Қазақстан үшін журналистика төңірегіндегі үлкен мәселелердің бірі және бірегейі өзге тілдегі басылымдардың экспансиясы. Көрші алып елдің сөзін сөйлейтін бірқатар телеарналар мен газеттер Қазақстанға хабар таратады, көп таралыммен шығады. Әрқайсысының бағыттары бөлек сияқтанып көрінеді. Бірақ мүдделері ортақ. Ол – Ресей басшылығы мен Мәскеудің саясатын жүргізу. Белгілі телешолушы Нұртілеу Иманғалиұлы мұны «анықтап, айқындап отыратын өздерінің институттары бар» дейді. Ал бізде осындай институт жоқ. Бұл қазіргі басты кемшілігіміз.
Осы арада тағы да қазақ журналистикасына не жетіспейді, деген сұраққа жауапты жалғастырғым келіп отыр. Мысалы, Түркияда кейбір күнделікті шығатын газеттердің таралымы 1 млн. данаға дейін жетеді. Халқының саны көптігінің де әсері болса керек. Ең көп тарайтын «Хуриет» деген түрік газетінің таралымы әрбір 70 түрікке біреуден келеді екен. Бізде таралымы сондай қазақ тілінде шығатын газет жоқ.
Қазақ журналистикасындағы ең басты жетіспейтін нәрсе қазақ басылымдарының бірыңғай маркетингтік жүйесі жасалмаған. Газетті сату үшін редакциялар дүңгіршектерге қояды. Сол үшін қыруар қаражат төлейді. Кейбір орыс тілді басылымдардың маркетингтік қызметіне қазақ тіліндегі бірде-бір газет жете алмай келеді. Газеттерде маркетингтік қызмет болуы керек. Газетке жазылуды менеджерлер ұйымдастыруы қажет. Сонда журналистер тек қана мақала жазумен айналысады. Біз осыған жете алмай келеміз.

Қазақтілді ақпарат құралдарының ауызбіршілігін нығайту мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді. Осы мақсатта қазақ тіліндегі БАҚ-дың құрылтайын өткізуіміз керек сияқты. Бұл менің ғана пікірім емес. Бірақ республикалық басылымдардың журналистері осы пікірді жиі айтатын болып жүр. Қазақстанды ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жиі мазалайтынын жасырмаймыз. Бүгінгі БАҚ-ы, журналистер Қазақстан қоғамындағы 60%-дан асатын көрерменмен, оқырманмен санасуы керек. Телеарналарымыз әліге дейін Ресей арналарынан көшіру деген дерттен арыла қойған жоқ. Қазақтілді БАҚ-дың ынтымағын арттыру арқылы қазақ журналистикасының беделін көтеруіміз қажет.

Қазақ журналистикасының келешегі қандай болады? Өз басым, қазақ журналистикасының келешегіне сенемін. Интернет журналистика дамиды. Кез келген басылымның өзінің электрондық нұсқасы болады. Мысалы, басқасын былай қойғанда, «Оңтүстік рабат» газетінің, Түркістан қалалық, аудандық «Түркістан» газетінің сайттарына кіріп алыс шетелдердегі оқырмандар парақтап, оқып отырады. Сонда аймақтық, қалалық, аудандық, облыстық, республикалық газет деп бөлудің қажеті болмай қалады.

Редакцияларда журналистермен бірге маркетингтер, менеджерлер жұмыс істейді. Сонда журналистер өздерінің шығармашылық жұмыстарымен ғана айналысады. Кәсіби шеберліктерін шыңдай түседі. Жалпы, өз басым журналистерді үш топқа бөлемін. Бірінші топтағылар журналист-ұйымдастырушылар. Олар бас редактор, оның орынбасарлары, жауапты хатшы т.б. Екінші топ нағыз шығармашылықпен жұмыс істейтін, мақала жазатын журналистер. Олар тілшілер, бөлім меңгерушілері т.б. Үшінші топ маркетингтік қызметтегі әріптестеріміз. Бас есепші, газетке жазылуды ұйымдастыратындар, жарнама бөліміндегілер, т.б. Жалақының, қаламақының көлемін анықтаған кезде екінші топтағы журналистерге басымдық берілмесе ол күндердің күнінде жұмысқа зардабын тигізеді.

Қазір газеттерді қолдау үшін мемлекеттік тапсырыс беріледі. Мұнан тыс, әкімдіктер мекемелерге «ана басылымға жазылуларыңызды ұсынамыз» деген тізім жібереді. Мұны «разнарядка» деп атаймыз. Тарихтың еншісіне кететін уақыт жақындап келе жатыр. Нағыз бәсекелестік сол кезде орнайды. Көп басылымдар жабылып қалады. Азғантай оқырманымыз жақсы, талғамы дау тудырмайтын, оқырманның үмітін ақтай алатын газеттерді ғана жаздырып алады, сондай телеарналарды ғана көреді. Осылай болуы керек те шығар.

Бұл айтып отырғандарымызды қазіргі ұрпақ көретін уақыт тым қашық дей алмаймын.

Журналистердің мерейлі мерекесі құтты болсын, әріптестер! Қолдарыңыздағы қасиетті қаламның киесі барын ұмытпайық. Шаңырақтарыңыздан шаттық, бақ-береке кетпесін!

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,

Республикалық «Айқын», «Дала мен Қала» газеттерінің

Оңтүстіктегі тілшісі, Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент