Күллі мұсылман жамағатының асыға күткен шарапаты мол Шағбан айымен де қауышқалы жатырмыз. Ертең жақсылыққа толы қасиетті ай есігімізді қаққалы тұр. Шағбан айы несімен қасиетті? Бұл айда не істемек керек?
Шағбан — мұсылман әлеміндегі қасиетті үш айдың бірегейі. «Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие Шағбан Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Бұл айда қасиетті «Бәраат түнінің» маңызы зор. Оны ислам ғұламалары берекелі, рухани, шуақты түн болғандықтан «Мүбәрак», кешірім тілегендерге рахымы мол Ұлы Жаратушының кешірімі берілетіндіктен «Бараат» деп атауы сондықтан. Бәраат — айдың 15-нен 16 — на қараған түнмен тұспа-тұс келеді. Бұл түні періштелер жер бетіне түсіп, Алладан медет тілегендердің дұғасы қабыл болмақ. Сонымен қоса, адамның бір жылдық ғұмырының ризық несібесі жазылатын, өмірінің ұзаруы мен қысқаруы жайлы хабарларды Аллаһтың әмірімен періштелердің білетіні білдірілген.
Енді қасиетті Шағбан айы хақында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін баяндай кетейік. Мүслімнің жеткізген риуаятында Айша анамыз (р.а.) : «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім» десе, Ибн Мажә жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с): «Шағбан айының ортасының түні болғанда намазға тұрыңдар. Күндізінде ораза ұстаңдар. Алла Тағала күн ұясына батқан шақта «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деген.
Ал Шағбанның қасиеттілігі жайында Абу һурайра (р.а.) былай дейді: «Шағбан айының ортасының түнi болғанда жетi қат аспан есiктерi ашылады. Әрбiр есiкте перiштелер тұрады. Олар мұсылмандарға жарылқау тiлейдi. Сол түнi — мұсылмандардың барлығының күнәсi кешiрiледi, тек қана Аллаһқа серiк қосушылардың және үлкен күнәларды тәубеге келместен iстей берушiлердiң күнәлары кешiрiлмейдi».
Жалпы, бұл айды қалай өткізген жөн? Дін ғұламаларының айтуынша, Шағбанды Алла елшісіне (с.ғ.с.) көп салауат айтып, Алладан біліп-білмей істеген күналарымыздың кешірілуін тілеп, дұға, ғибадат, құлшылықпен өткізуіміз абзал. Бұл айдың тағы бір ерекшелігі деп, айдың ортасында құбыланың Құдыс мешітінен Қағбаға қарай өзгеруін айтамыз. Сол себептен мүбәрак айда Алла Тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп салауат арнауымыз керек. Тағы бір хадисте: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмметімнің айы» деп, ережеп айында кәлиманы, шағбанда салауатты, рамазанда құранды көп оқу керектігі жөнінде ескерткен еді.
Қорыта айтқанда, берекеге толы шағбан айын бекерге өткізбей, күндіз ораза ұстап, түнде құлшылыққа көңіл бөлейік құрметті жамағат!
Бегайдар ҚЫМБАТОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары: «Бұл ай еліміздің, барша мұсылман жамағаты үшін үлкен маңызға ие. Құндылықты, шуақты берері мол мереке. Расын айтқанда, әлі де болса Шағбан турасында халық көп біле бермейді. Мұның жақсылығын алуға ұмтылып қалуымыз керек. Шағбан — қатарынан келетін қасиетті үш айдың ортаңғысы. Яғни, Рамазанның алдында ниетімізді дұрыстап, құлшылыққа ерекше көңіл бөлуге мүмкіндік береді.