«Әзіл әлемі» әзілкештердің басын қосты

457
Шымкентте "Әзіл әлемі" фестивальі өтті
«Әзіл әлемі» өтті Шымкентте

Шымкенттіктердің көңілі тағы да бір серпіліп қалды. Анығырақ айтсақ, «Әзіл әлемі» атты халықаралық көңілді фестиваль өтті қалада. Бес елдің әзілкештері бас қосқан шараны Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды. “Әзілің жарасса , атаңмен ойна” демекші бұл күні өнерпаздар осылай елбасының дауысын да салып, күлкіге көмді көпшілікті. Орта Азия елдерінде алғаш рет өтіп отырған мәдени кештің Шымкент шаһарында өтуінің өзі орынды деп есептейді әзілкеш әртістер. Кеште жалпы саны 100-ге тарта өнерпаз жиналып, Оңтүстік тұрғындарын күлкіге қарқы қылды. Сонау Жапония елінен ат терлетіп келген әртіс Хико Ичи қазақ әзіліне бағасын берді. Ауқымы кең көңілді кеш өнерпаздардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ, әлем әзілдерінің рухани құндылықтарымен кеңінен таныстыруды көздепті. Бүгінгі шара – өңір өнерпаздарының өнер өлкесінде өрлеуіне үлесін қоспақ.

 Хико Ичи, Жапонияның әртісі: «Ия, мен расында да қазақ әзілкештерге тәнті болудамын. Әрбір әзілінің астарында ақиқат жатады. Сондай-ақ бұл әртістер әзіл мен мелодраманы қатар алып жүретенін көріп, қазақ театрынының өнерге кенде еметігін аңғардым. Ал Шымкенттің тұрғындарына келетін болсам, барлықтары ақ жарқын. Көздерінен нұр  шашылып, қонақжайлылығы бірден-ақ байқалады. Көрген бойда, қолымды алып сәлемдесіп жатыр. Сондықтан міндетті түрде алдағы уақытта да ат басын бұратын боламын».

Берік Тұрсынбеков: «Бұл атаулы шараның Шымкентте өтіп жатқаны орынды деп ойлаймын. «Өнер ордасы — Оңтүстік» деген сөз текке айтылмаған ғой. Мәселен өнер майталмандарының 85 пайызы осы өңірдің тумалары екені рас. Сондықтан Орта Азиядағы тұңғыш өтіп отырған шараның Шымкенттен бастау алғанының өзі — қаланың мәртебесін марқайтады. Шымқаланың  қасиетті мекен екенін бәріміз  білеміз. Талай театр тарландары, сахна саңлақтары  осы қаладан түлеп ұшқан. Сондықтан, ешкімнің мұндай мәртебеге ие болуында таласы жоқ шығар?! Ал мына шет елден келіп, қазақ өнерімен танысып отырған өнерпаздардың барлығы да жергілікті әртістердің әзіліне таң-тамаша болуда. Бұл дегеніңіз — әлем әзілінің  қазақ әзіліне деген қызығушылының артқанын білдіреді. Ал бұл — қазақ театрының даму-дәрежесін айқындайды».

Күлия Айдарбекова, ОҚО мәдениет басқармасының бастығы: «Мұндай маңызды, елеулі шаралар Оңтүстікте  жетіп-артылады дегеннің өзінде, бұл фестивальдің атқарар рөлі ерекше. Олай дейтін себебіміз, әзіл-сықақ театрының өзі Қазақстан бойынша жалғыз десек, бұл байқау да бірінші рет өңірімізде өтіп отыр. Бұл біздің облыстың әрдайым алда жүретінін көрсетеді. Бүгін осыны тағы да дәлелдедік».