Ата-баба кесенелерін салу қалай басталып еді…

 Н.Назарбаев: «Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық – балаларының болашағын да қамдай алады.»

Кешегі өткен ата-бабаларымыздың өмірі жайлы бүгінгі ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатта айтып отыру  міндетіміз. Тарихы терең, басынан талай қиындықты өткерген ұлт бола тұра, рухымызды құлатпаған жұртпыз. Ел игілігі үшін атқарып жүрген игі-істеріміз де аз емес. Әсіресе ата-бабалар бейітін түзеп, кесене салдыруға үлкен мән береміз. Ал, сол кесенелер қалай бой көтерді? Оны салуға кімдер мұрындық болды? деген сауалдарға жауап кім-кімді болмасын қызықтыратыны рас.

Біз бүгін белгілі қоғам қайраткері, саясаткер, Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі елшісі болған, бүгінде Украинадағы өкілетті елшіміз Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВтың осы орайдағы ой толғамдарын оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

Ұлы істер үндемей тындырылады

 «Ақиқат храмына аяқ басам десең, өз есебіңді есік алдына қалдыр» деген екен ұлылық. Қандай салмақты сөз!

Адам Алладан жақсылықты іштей тілейді, жар сала жариялап сұрамайды ғой. Сол сияқты, мына кезеңдік құбылысқа толы қысқа ғұмырда халқыңның мәңгілік игілігіне жарар сауапты бір іс бастасаң да-көптің көзіне түсіп, көрініп қалу үшін емес, алақаныңа жүрегіңді жайып отырып, «ниетімді қабыл қыла гөр…»деп, құдайдан осы бастаған ісіңнің абыроймен аяқталуын ғана тілейсің. Себебі, таза ниет-несиеге берілмейді…

Мына жарық дүниеде төрт құбыласы түгел, мұрат-мақсатына жеткен мұңсыз адамды кездестірген емеспін. Нағыз адам-өзін қарыз адамдай сезінеді жер бетінде. Өйтпесе, өзін масыл ретінде көреді. Себебі өмірге келу де-сын, өмірден кету де-сын. Өмір өзен болғанымен, адам ағын су емес қой, артына қарай алмайтұғын. Артымызға бұрылып қарайықшы, ізіміз қалды ма екен? Қалмаса, өмірге келіп-кеткенімізден не қайыр?!

Ал адамның артында қалатын ізі, ол-жасаған ісі. Іс те өз мақсатына қарай бағаланады. Ол бағаны да өзің қоймайсың, қоятын өзгелер. Әділ бағаны беретін уақыт пен халық. Қашан да қатесіз сыншы. Сондықтан шығар, ұлы істер үндемей тындырылады дейтініміз. Алайда, менің үн қатып, бұл әңгімені қозғауымның өзіндік себебі бар.

Әрине, ақиқаттың жолы ауыр екенін білеміз. Көбіне-көп шындық кебісін кием дегенше өтірік ауылды он айналып шығады. Оған да етіміз үйренген. Бірақ, ең қауіпті өтірік-сәл-пәл бұрмаланған шындық. Осыған байланысты, шырылдаған бір шындықтың бетін ашып, қазақтың атымтай-жомарт жеті азаматының атын ардықтап, халыққа жеткізуді жөн санадым.

 

Ескерткіштер- ел еңсесі

«Өлі разы болмай, тірі байымас» деген. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен осынау салмақты сөздің байыбына барып, түп-төркінінен тағылым алған қазақ жұртының ата-бабалар әруағын ардақтап, қадір тұтатын қасиетін білеміз. Асылы, Алла тағаланың халқымызға қарасып, қолдап, мейірім-шапағатын мол төгуі де нақ осы ниетіне берген қайырымы болар деген ой келеді кейде маған…

Мен де қазақтың қара баласы ретінде өзімнің өмір жолымда ұлтымыздың ұлы тұлғаларының есімін қайта жаңғыртып, басын көтеріп, тарихи мұрасының сақталуына, сондай-ақ, маңыздымәдени ескерткіштеріміздің қорғалуына әрдайым назар аударып, жіті көңіл бөліп, бұл іске бар пәрменіммен перзенттік парызымды қосып келе жатырмын.

Оңтүстік қазақстан облысының әкімі болып жүргенімде, сол тұстағы экономикалық жағдайлардың қиындығына қарамастан, халықты, кәсіпкерлерді жұмылдырып, Бәйдібек бабаның, Домалық ананың Бес ананың кесенелерін қалпына келтіріп, жаңғырту жұмыстарын ұйымдастыра алдық. Атқарылған істердің халық рухын көтергенін айтпағанның өзінде, идеологиялық тұрғыдан да мәні зор болды.

Айталық, бір сәт тоқсаныншы жылдардағы зауыт, фабрика тоқтап, бюджетке қаржы түспей, жалақы мен зейнетақы қолға тимей, жағдай біршама қиындаған кезеңді еске түсіріп көрейікші. Осы тұста елдің ертеңге деген сенімін жоғалтпай, келер күндердің кемел жақсылығына үмітін оятып, бір мұраттың жолына топтастыра түсу қажет еді. Ал ата-баба рухына тағзым ету- халыққа қашан да рухани күш берген. Осы мақсатпен кесенелерді қалыпына келтіру, танымал тұлғалардың есімін жаңғырту сияқты сауапты істерді қолға алдық.

Әлі есімде, Бәйдібек баба мен Бес ана кесенелерінің құрылысына қажетті қаражатты бүкіл ел болып жинағанбыз. Өзімнің рухани ағам Қуаныш Төлеметов екеуміз өнеге көрсетіп, қорға бірінші болып 1000 доллардан қаржы құйдық. Сол жылдардың бағамымен бұл өте қомақты ақша болатын. Ал ақшасы жоқ адамдар малын салды. Сөйтіп, халық аянбай, қолдан келген көмегін қосты.

Құрылыстың бірінші кірпішін қалау маған жүктеледі. Кесене жобасын Ғабит Садырбаев жасады, ал құрылыс жұмысын менің әкемнің досы Сабыр Рахымұлы Адылов ағамыз басқарды. Айта кету керек, Сабыр Рахымұлы жиырма жылдан астам уақыт Ташкент қаласының бас сәулетшісі болған, көршілес Өзбекстан астанасының айрықша келбетін қалыптьастыруға атсалысқан адам. Сөйтіп, Бәйдібек баба мен Бес ананың кесенесі бой түзеді.

Осы тұста Домалақ ана кесенесінің құрылысы да қатар жүріп жатты. Мұны қаржыландыруды Оңтүстік өңіріне танымал кәсіпкер Алтынбек Төлепбеков өз мойнына алса, жобасын белгілі сәулеткер Сайын Назарбеков жасады.

Біз бұл жобаны ұзақ талқыладық. Себебі Маңғыстаудың Ұлтутасына қатысты мәселенің сенімінен гөрі күдігі басым болды. Әрине, ол кезде мұның не екенін біз білген жоқпыз. Ұзақ ойланып, ақылдасып, ақыры осы жобаға тоқталдық.

Сол бір өтпелі кезеңде халқымыз үшін атқарылған бұл жұмыстың маңызы аса зор болды. Мен осы объектілердің басы-қасында жүрдім десем де болады. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанда осы екі кесенеге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арнайы келіп, өз атынан құлыптас қойды. Ал ашылу салтанатын біз қараша айына жоспарладық. Бірақ ауыл ақсақалдары бұл рәсімді көктемге, яғни күн жылынып, жер көктейтін мезгілге қалдыруды өтінді. Біз келісім бердік.

1997 жылғы 9-желтоқсанда мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі міндетін атқарудан босатылдым. Ал аталған кесенелер арада бір жарым жыл өткен соң, яғни 1999 жылдың көктемінде ғана ашылды.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылғы 13-қарашадағы жарлығымен мен ҚР Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып, бірінші рет дипломатиялық жұмысқа тағайындалдым. Елші болу-өте маңызды әрі жауапты жұмыс.Оған орасан зор міндеттер жүктеледі. Өйткені елші-Қазақстан Президентінің өзге мемлекеттегі жеке өкілі.

Бағзы заманнан-ақ «Елдестірмек-елшіден, жауластырмақ-жаушыдан» екенін түсіне білген кемеңгер халқымыз дипломатиялық мәселеге ерекше мән берген.

Қазақстан мен Өзбектан- қатар қонған бауырлас, туыс, достас мемлекеттер. Құдай қосып, тағдыр табыстырған көрші. Уақыт пен тарихтың талай-талай тезінен қатар өткен қазақ пен өзбектің рухани тұтасттығының тамыры тым тереңде жатыр…

Халқымыз: «Сайрамда бар сансыз баб, Түркістанда-Түмен баб, Бабтың бабы-Арыстанбаб» дегенде, осынау қазақ даласында мәңгілік тыныстаған өзбек бауырларымыздың бабаларының мүрделерін меңзесе керек. Ал өзбек жерінде қазақ ұлтының ұлы тұлғалары-Төле би, Әйтеке би, Сейітқұл әулие, Ораз қажы, Жалаңтөс баһадүр, Ақша би сияқты асылдарымыз жерленген. Ал кезінде сопылық орденді басқарып, есімі ислам әлеміне әйгілі болған Бахауддин Нақышбанд бабаға мәңгілік мекен Бұхарадан бұйырған.

Бахауддин демекші, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыздарға зер саплсақ, сонау бір замандарда «Ісім оңға бассын» деп тілеген кез келген мұсылман баласы осы Бахауддин шейхтың дұғасына жүгінген екен. Оның «Бахауддин, бәле керден» деген сиқырлы сөздері бәле-жәледен, ауру-сырқаудан, тіл-көзден сақтауға септігі тиген. Адамдар Бахауддинді әулие тұтып, ұзақ жолға шығарда одан бата алатын болыпты.

Кім біледі, аңыз артында ақиқат жүреді ғой. Бұл жайында мынадай бір аңыз бар.

 Ерте, ерте, ертеде Бахауддин Нақышбанд мұсылманның бес парызының бірі-қажылық парызын өтеу үшін Меккеге, Мединедегі Мұхаммед пайғамбар зиратына, басқа да қасиетті жерлерге баруды ұйғарды. Ол заманда Мекке-Мединеге маңдай түзеген жолаушы үшін дайын ұшақ, не болмаса пойыз қайдан болсын.Мұсылман қауымы қасиетті Қағбаға арып-ашып, жаяулап қана жеткен. Ал осы жолда жаны құрбан болса, оны да сауапты іске жорыған.

Бахауддин Нақышбанд та осындай алыс Һәм ауыр сапарға аттанады. Қорасан мен Гератты, Бағдат пен Дамаскіні басып өтеді. Сол қажылық сапарынан Бұхараға үш жылдан соң ғана қайтып оралыпты.

… Бахауддин Нақышбанд ұзақ-ұзақ жол жүреді. Талай-талай асу-белдерден, талай-талай қашық елдерден өтеді. Аштық қысады, шөл қинайды. Сонда да алған мақсатынан таймай, алға қарай жүре береді, жүре береді… Сөйтіп, бір бейтаныс елге, бұрын соңды атын естіп көрмеген үлкен шаһарға жетеді. Қаланың қақ ортасындағы қайнаған базарға тап болады. Әбден ашығады. Базарда мал сойып жатқан бір адамның жанына келіп, одан тамақ сұрайды. Қасапшы алыстан талып жеткен мүсәпір жолаушыны аяп, малдың шикі бауырның шетінен қанын сорғалатып кесіп береді. «Мұны қуырып берші» дейді оған Бахауддин Нақышбанд. Қасапшы бейтаныс жолаушының мына қылығына қайран қалады. Бірақ қуырып бермейді әрине.

Міне, осы сәтте Бахауддин Нақышбанд қолындағы бауырды жоғары көтеріп, зеңгір көктегі қасиетті күнге қайырыла одан «Мына бауырды қуырып берші» деп өтінеді. О, Құдірет… со заматта көктегі күн төмен қарай түсіп, от қызуымен бауырды қуыра, жеуге жарамды етіп, пісіріп береді. Бірақ қасиетті Күн қайтадан жоғары көтерілмей, сол төмендеген деңгейінде қалып қояды. Сөйтіп, күн бір табан жерге жақындаған соң осы төңірек түгел бұрынғыдан да қып-қызыл ыстық өлкеге айналады. Аңызға қарағанда, бұл әлде Пәкістанның, әлде Үндістанның аумағы екен. Сол мезеттен бастап осы мекен нағыз ыстық аймақтарға айналыпты деседі.

Ал Бахауддин Нақышбанд болса әрі қарай жол тартып, Меккеге де жетеді. Алайда, ол жеткенше мұндағы іздеп келген ғұлама адамы дүниеден өтіп те кеткен көрінеді. Бахауддин Нықышбанд онымен көзі тірісінде көрісе алмағанына қатты күйініп, марқұмның зираты басында қырық күн қайғыра аза тұтады. Қырық бірінші күні ғана орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады. Сол сәтте оған бір елес аян беріп: «Қырқына шыдаған соң, қырық біріне де шыдауың керек еді. Бірақ, олай болмады. Енді сенің бойыңа ажал қайтару құдіреті емес, бәле қайтару қасиеті қонады» деген дауыс жетеді. Атам қазақтың «қырқына шыдаған қырық біріне де шыдар» деген көне сөзінің түп-төркіні де осыдан шықса керек.

Міне, Бахауддин Нақышбандттың қасиетті есімі мен оның «Бахауддин, бәле керден» деген киелі сөздері ұрпақтар санасына осылай сіңіп, ғасырдан-ғасырға осылай жалғасқан. Бұл аңызды маған анам әңгімелеп берген еді. Ол кісі мұны бала кезінде әкесі Мадуаннан есітіпті. Әруағы риза болсын, халықтық шығармаларды өте көп білген нағашы атам Мадуанның көзі ашық, көңілі ояу, оқыған, жан-жақты білімді адам болғанын да айта кеткім келеді. Ол сонау бір қуғын-сүргін жылдарында Сейітқали Меңдешев сынды белгілі мемлекет қайраткерімен Норильскінің түрмесінде бірге отырған.

Осындай аңыздар мен тарихи болжамдардың жаңғырығы Самарқан облысы Заминск ауданының аумағында ұлы Дулат бабамыздың жерленгені жайлы жылы бір хабаорды жеткізді.

2008 жылдың ерте көктемінде, студенттік кезден бергі үзеңгілес досым Қаражан екеуміз, бабаның бағзы зиратының орнын іздеп жолға шықтық. Ақсақалдар айтқан әр алуан әңгімелерді негізге ала, қолымызға картамызды ұстап, аудан аумағындағы барлық зират қорымдарды аралап шықтық. Осы іздестіру барысында ежелгі Жібек жолына таяутұста жерленген Шейіт баба зиратына тап болдық. Бұл шын мәнінде қасиетті жер екен. Жанына шипа, сырқатына дауа іздеп, жер-жерден жеткен орасан көп адамға жолықтық. Жұрттың айтуынша. Шейіт әулиенің зиратынан алған бір уыс топырақты денедегі жараға сепсе, жара лезде жазылып сала береді екен. Не де болса, мұнің әлі де жұмбағы шешілмеген өз шындығы бар екені даусыз…

Өкінішке қарай,бұл сапарымызда Дулат бабаның зиратын таба алмадық. Жалпы баба зираты турасында әртүрлі болжамдар бар екені мәлім. Бір аңызда Дулат баба Бабырдың әскерімен қосылып, ұлы шайқаста қаза қаза тауыпты, сөйтіп Кашмирде жерленген екен делінеді. Ал Ташкенттен 550 шақырым жердегі Нұрата қаласы маңында әйгілі Әйтеке бидің сүйегі жатқаны жайлы жұртшылық арасында көп айтылып жүретін. Енді Алтынсары мен Қаражан үшеуміз Әйтеке бабаның зиратына барып, тәу еиіп қайтуды ұйғардық.

Жолға Самарқан арқылы шықтық. Жолай Жалаңтөс бвһадүр жерленген жерге әдейі бұрылдық. Жалаңтөс бабамыздың 47 жыл бойы Самарқанның әмірі болоғаны, Бұхара ханы Дінмұхаммедтен тәлім-тәрбие көргені, алғаш рет медреседен білім алғаны да бізге біршама белгілі болатын. Ол 1595-1598 жылдары Бағдатта оқып, кейін Бұхара хандығының саяси өміріне қызу араласқан. Сосын хан кесенесінің мүшесі, әскери істер бойынша кеңесші, уәзірдің ішкі мәселелер жөніндегі орынбасары болғанын білеміз. Содан кейін өмірінің соңына дейін Самарқанды билеген. Ол дәуірде Самарқан әлемдік ғылым орталықтарының бірі еді. Сол заманның гарварды да, Оксфорды да, Кембриджі де самарқан болатын. Регистанда үш медресе бар. Оның біреуін Әмір Темірдің немересі, ұлы астроном Ұлықбек салдырыпты. Ал «Шер-дор»-парсы тіліндегі «Арыстанды қақпа», «Тіллә қари»- «Алтынмен апталған» сияқты ұлық медреселер Жалаңтөс баһадүр Самарқанды билеп тұрған кезеңде салынған. Ол ғасырларда түрік тілінің сөздік құрамының үштен екісі парсы сөздерінен тұрған ғой. Медреселердің парсыша аталуы содан да шығар.

Батыр баба осы ғимараттарды жорық арасында жүріп тұрғызуына 40 жылдай уақыт жіберген. Қытай, үндістан, Ираннан түсіп тұрған барлық алым-салықтарды түгел Самарқанның сәулеті үшін жұмсапты.

Жалаңтөс жас кезінде-ақ әскери әрі қолбасшылық талантын кеңінен танытып, батыр атағына ие болған. Жоңғарларға қарсы шайқастағы қаһармандық ерлігі үшін1625 жылы «Аталық» құрметті атағын алды. 1640 жылы 30 мың әскерді басқарып, жоңғардың қалың қолын қиратса, 1643 жылы Орбұлақ шайқасы кезінде Жәңгір ханға көмекке келіп, жоңғар әскерінің тас-талқанын шығарған. Жалаңтөс парсылармен шайқасып, жеңіске жеткен Бұхара армиясына да қолбасшылық жасаған.

Кіші жүздің төбе биі атанған Әйтеке бидің атасы Ақша би- Жалаңтөс баһадүрмен бірге туған. Жалаңтөс Самарқанға әмірші болып тұрғанда, ағасы Ақшаны Қоқанға хан сайлатқан дейді. Сексенге қараған шағында қайтыс болған Жалаңтөс баһадүрдің сүйегі Самарқаннан жиырма шақырымдай қашықтағы Дағбит қыстағында өзі салдырған «Махтум-ағзам» қорымына қойылған. Заманында ырысты елдің құтты мекені болып, қазақтың біртуар арыстарының сүйегі қалған көне шаһар Нұрата-Өзбекстанның Науайы облысындағы аудан орталығы. Ел аузында ежелгі Нұратаға қатысты айтылатын аңыздар аз емес. Солардың бірінде былай делінеді:

… Осыдан өте көп жылдар бұрын адамдар шөл далада адасып кетіпті. Таңдайлары кеуіп, әбден қаталап өлетіндей шамаға жеткен жерде алыстан бір нұрлы сәуле көрінгендей болады. Кеуделерінде үміт оты тұтанған олар соңғы күшін жиып, сол нұр төгілген жерге жетіп жығылады. Бұл-айнадай сәулеленген бұлағы бар қасиетті Нұратаның көне жұрты екен.

Кезінде Александр македонский төрт ай жатып, осы бұлақтың шипалы суын ішіп емделген көрінеді. Нұратада оның тұрғызған қамалы да сақталған. Тағы бір аңызда адамдардың шөлін басқан бұл бұлақтың пайда болуын -Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы Әлидің есімімен байланыстырады. Халықтың шөлін қандырайын деген Әли жерді таяғымен түртіп қалғанда, кәусар бұлақтың көзі ашылыпты деседі….

 

(Жалғасы бар…) (Толық нұсқасын «Оңтүстік Рабат» газетінен оқи аласыздар)