Шымкенттің еріктілері тағы да игі істің бастамашысы болды. Яғни ерікті жастар қолдан жасалған қолөнер бұйымдарын жасауда. Себебі, 17-маусым күні, Сәкен Сейфуллин атындағы халықтар достығы үйінде өтетін қайырымдылық акциясында дәл осы жасаған қажеттіліктерді сататын болады. Сондықтан, олар қолдан көптеген қажетті деген заттарды жасап, күн сайын қоржындарын толықтыруда. Қоғамдағы көмекке зәру жандарға көмек қолын созу мақсатындағы шараға еріктілер белсене атсалысуда. Мұндағы мақсаттары да көңілге қонымды.
Олеся Ли, Қазақстанның Жастар ақпарттық қызметі бойынша қайырымдылықты дамыту департаментінің басшысы: «Ия, біздің бұл дайындығымыздың басталғанына да біраз болды. Барлық қолдан келген бұйымдарды жасап, тіпті тігіс те тігіп жатырмыз. Мәселен, мына сөмкелер мен көйлектер, ұялы телефонға арналған қалташалар, қолға сән беретін моншақтардың барлығы да сол атаулы акцияда сатылымға шықпақ. Біз мұндай заттардың барлығын сатып, балалар үйіне қажеттіліктерді сатып алып бермекпіз. Сондай-ақ біз бұл шараны бірінші рет емес, әрдайым қолға алып жүреміз. Бұл – біздің мақсатымыз деп білеміз.
Шарапаты мол шара биыл 2-рет қолға алынып отыр. Әрдайым балалар үйі мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуді міндеті санайтын еріктілердің жұмыстары жемісті. Бұл жолы да қайырымдылық шарасына келген қонақтар қолдан жасалған — ең бастысы шын жүректен жасалған құнды бұйымдарға қызығушылық танытып, қажетті қаражат жиналады деген сенімдеміз. Құрамында 23 ерікті бар Қазақстанның Жастар ақпарттық қызметі бүгінде осылай жұмыла жұмыс атқаруда.
«Десе де әрбір жиын-басқосу сайын санымыз артып кетеді», — дейді еріктілер тобы.