Кәсіпкерлер халық саулығына салғырт қарайды

329
Дөңгелек үстел барысы

ВИЧ позитивтілер мен туберкулез дертіне шалдыққандардың іскерлік ортадағы белсенділігінің әсерін әлеуметтік зерттеу. Дәл осы тақырыпта ақ халаттылар мен үкіметтік емес ұйымдар бас қосып, онымен күресудің жолын айқындады. Жиынға бизнес қауымдастығының өкілдері де шақырылған болатын, алайда бірде-бір кәсіпкер төбе көрсетпеді.

ВИЧ-инфекциясы және құрт ауруын алдын-алу жұмыстары елімізде белсенді түрде жүргізілгенімен әзірге нәтиже көзге көрінбей тұр. Сондықтан әлемдік тәжірибені ендіру қажет дейді үкіметтік емес ұйымдар. Яғни, Іскерлік қауымдастықтарды тартып, халық денсаулығын қорғауға ықпал ету керек. Алайда қаламыздың кәсіпкерлері бұл жобаға атсалыспақ түгілі, алғашқы жиынына да келмеді.

 Индира Отжанова, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың аймақтық ассоциясының президенті: «Біздің мақсат кәсіпкерлерге алақан жайып, ақша сұрау емес. Мақсатымыз, қоғамдағы әлеуметттік мәселелерді бірлесіп шешу. Қарамағындағы қызметкерлерге дұрыс көз қараспен қарап, емделуіне септігін тигізу. Алайда, кәсіпкерлердің келмегеніне қарағанда, олар әлі ВИЧ пен туберкулездің қандай дерт екенін жіті түсінбегендігінен деп ойлаймын».

Жұқпалы дерт анықталған жағдайда адамдардың көбісі уақыт пен қаржыны өз денсаулығына үнемдеп, өз бетімен емделуге тырысады. Оның үстіне қызметінен айрылып қалу қаупі тағы бар.

 Индира Отжанова, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың аймақтық ассоциясының президенті: «Ия, біздің арамызда ауруын жасыратындар өте көп. Бірінші жұмыссыз қалып кететінен қорқады. Денсаулықтарынан қызметін жоғары санап, өтірік медициналық анықтама жаздыртып алып жатады. Ақыры ауруын асқындырып алып, халі нашарлайды. Егер жұмыс беруші араласса, оң көзқарас танытса сырқаттар өмірден оқшауланбайтын еді».

Қоғамнан шеттетіліп қалуды ойлайтын науқастар ауруын жасырып, асқындырып алады. Сол себепті жұмыс берушілердің сырқаттардың өміріне бей-жай қарамай, жұқпалы дертпен күресуге атсалысқаны жөн.

Жобаны жүзеге асыруда «Жолдас» СПИД сервистік ұйымдарының ассоциациясының ролі-Дүниежүзілік экономикалық форум негізінде ВИЧ және туберкулездің іскерлік белсенділікке әсері сияқты өткір және актуалды мәселесін талқылауға бизнес басшылары, саясат лидерлері, әйгілі адамдар мен журналистер арасында іс-шаралар ұйымдастыру. Дүниежүзілік экономикалық форумы Үндістанда туберкулезбен күресумен айналысатын бизнес-Альянстың құрылуына себепші болған. Оның негізгі мақсаты туберкулез ауруын бастапқы сатысында анықтау, сапасын жоғарлатуға қоғамның назарын аударту. Біздің мемлекетіміздің көздеген басты мақсаты осы. Қоғамда ВИЧ позитивті және туберкулезбен ауыратын адамдарға деген стигма және дискриминация бар болғанына байланысты осы жобаның жүзеге асыруы қажетті екендігін білдіреді.

Бүкіләлемде соңғы жылдары ВИЧ және туберкулез мәселесі ерекше дабыл қағуда. Республикалық СПИД орталығының деректері бойынша қос инфекциямен сырқаттану өсуде. ВИЧ инфекциясы бар адамдар туберкулез ауруына шалдыққан жағдайда үш есе жиі қайтыс болады.

Асқынған дертпен неге жалғыз дәрі­герлер күресуі тиіс? Күн санап жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап көбейіп бара жатқан түнгі клубтардың ішінде не болып жатқанын кім біледі? Қалталыларға қызмет көрсететін бей­бастақтыққа толы мұндай орындарды көріп‑біліп отырған құзырлы орындар неге тиым салмайды? Осы сияқты өткір сауалдар дөңгелек үстел барысында талқыланды. Дәрігерлер жыл санап, жұқпалы аурудың етек алып баратынын мәлімдейді.

Былтыр Қазақстан Республикасында туберкулезбен аурушаңдық деңгейі 8,2% төмендеді. Алайда республиканың басқа облыстарымен салыстырғанда Астана, Қарағанды, Өскемен және Шымкент қалаларында жаман індеттің көрсеткіші әлдеқайда жоғары. Өйткені, туберкулез анықталған жағдайда адамдардың көбісі уақыт пен қаржыны өз денсаулығына үнемдеп, өзіндік емдеумен айналысады. Сонымен қатар, ауруының алғашқы белгілерінің қауіпті екенін бағаламай дәрігерге кеш көрініп, ауруының созылмалы, қауіпті кезең, ал кейде емделмейтін жағдайына дейін жеткізеді.

СПИД құрығына түскен адам өлім жазасына кесіліп, үкімнің орындалуын күткен қыл­мыскер іспетті халге түседі. Ажалдың қашан, қалай келетінін білмейді. Бірақ, күн сайын жақындап келе жатқан өлімнің суық ызғарын бар болмысымен сезініп, үрей мен қорқыныш құрсауында күн кешеді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында тұңғыш рет БАҚ арқылы естіп, білген ғасыр індеті бүгінде елімізді түгел жайлап алды. Осы күнге дейін әлем бойынша СПИД ауруынан 28 миллионнан астам адам мезгілсіз көз жұмыпты. Мезгілсіз дейтініміз, олардың бәрі дер­лік өрімдей жастар. Әлем ғалымдары алдағы 20 жылда бұл аурудан 70 миллионнан астам адам өмірмен қоштасады деп болжап отыр.

Қазіргі күні 40 миллион адам СПИД‑пен ауырады екен. Тек өткен жылы ғана 3 миллион адам осы аурудан өлген. Ал, күн сайын осы дерттен 8 мыңдай адам көз жұмады екен.

Қатерлі дерттің кең таралып отырған ошақтарының бірі түзеу мекемелері дейді сарапшылар. Ағымдағы жылғы есеп бойынша елімізде сотталғандар арасында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 3445 адам тіркелген.

Айтпақшы, дәрігерлердің айтуынша, мектеп оқушыларына жаңаша тәрбие беру керек екен. Балалар жұқ­палы жыныс аурулары туралы кө­ше­ден естіп‑білгенше, мектептен үйрен­сін, сауаттылығын партада отырып-ақ ашқаны дұрыс көрінеді. Балаларға қауіпсіз жыныс жақындығы туралы насихат айтуға негізделген бұл тәсіл де жоғарыдағы СПИД орталығының жезөкшелерге тегін мүшеқап таратуы сияқты «суға кеткенде қармайтын тал іспетті ме» деген ой келеді. Нашақорлар… жезөкшелер… тағы да басқа осындай азғындыққа бой алдырғандарды алқымнан алып, солар арқылы енді басқаларға ауыз салып, күн санап қанатын кең жайып таралып бара жатқан емі жоқ ауруды ауыздықтау бағытында жүргізіліп жатқан жоғарыда айтылған шаралардың амалсыздан жасалған әдіс екендігін дәрігерлердің өздері де теріске шығармайды. Сонда не істемек керек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйым­дарының мәліметтеріне назар ау­дарсақ, ғасыр індетінің кең таралған жері нашақорлық пен бейберекет жыныс жақындығы белең алған Батыс ел­дері мен Америка, Африка құрлығы болып отырғанға ұқсайды. Бұл пәлекет мұсылман елдерінде және ұлттық салт-дәстүрі мен дініне берік басқа елдерде жоқ, болса да бірлі-жарым ғана. Осыған қарап, қатерлі дерттің ал­дын алу үшін тегін мүшеқап таратып немесе қауіпсіз жыныс жақындығын насихаттағанша, ба­лаларымыз бен жас­тарымызды имандылыққа ұйытсақ, ұлттық салт-дәс­түрімізді саналарына сіңірсек, ең тиім­ді және нәтижелі тәсіл сол болар еді дегіміз келеді.

Бірақ, бұл енді СПИД орталығы дәрігерлерінің жұ­мысы емес, ең алдымен білім беру меке­мелерінің, одан қалды ата-аналар мен барша қауымның жұмысы.

Аты жаман аурумен қоғам болып күресуіміз қажет.