Úı ANONS «Қызмінезді» қоғамның қалыптасуына кім кінәлі?

«Қызмінезді» қоғамның қалыптасуына кім кінәлі?

фото авторы: Айару Совет

 

 

Бүгінде «қызмінезді қоғам қалыптасып келеді» деп Асан қайғының зарын қағатындар жоқ емес. Расында солай ма? Ажырасқан, жалғызбасты аналар көп бүгінде. Балаларды жалғыз өзі тәрбиелейді. Мектепте те ұстаздардың басым бөлігі ақ жаулықтылар. Таздың тарағына іліккен шаштай ер мұғалімдер санаулы ғана. Сонда қоғамда ер балаларды тәрбиелеу тізгіні кімнің қолында екенін бағамдай беруге болар. Оның тиімді тұсынан көрі, кемшін тұстары көп деп айтпауға амал кем. Ер азаматтың қатал тәрбиесін көрмеген ұл қызмінезді болып қалыптаспағанда қайтеді?! Мұның түп-тамырына үңіліп көрейікші…

Сонау Кеңес одағы кезінде жаппай ішімдік ішу сән болғаны белгілі. Саптыаяқты күнде сілтеп, удай мас болып, отбасының ту талақайын шығарып, күнде айқай шу ұйымдастырған әкелер көшінің көзі кете қойған жоқ әлі де. Сол кездің өзінде ішімдік ішсе де, бала шағасын бақпаса да «әйтеуір ер-азаматым бар ғой» деп аналарымыздың өзі басиесін құрмет тұтатын. «Әкеңнен сұра, әкең бар десе барасың, жоқ десе дәмеленбе» деп әкенің беделін биіктетіп, сол арқылы отбасының ұйытқысы болып, балаларына әкесін сыйлатқызған қайран аналар-ай. Әкеге деген құрмет, әкеге деген қошемет жоғары болатын о кезде. Хош, делік… Сонымен әкенің төрдегі беделін босағаға сүйреп тастаған кім? Тоқырау заманы деп ат қойып, айдар таққан сонау 90-шы жылдары аналарымыз ала қап арқалап, жанбағыс майданына шыққаны белгілі. Тұрмыс тауқыметінен шаршап, бала-шағаны өсіріп жетілдіру міндетін мойнына жүктеп алған аналарымыз айлап, жылдап үй бетін көрмей, сауда жасап, безіп кеткен кездері де болған. Балаларын аштан қатырмай, көштен қалдырмай жетілдірген аналар «ішіп кеткен, шегіп кеткен» әкелерін ұлдарына өнеге ете алмай қор болды. Одан қалса, әбден тұрмыс тауқыметінен қажып, жанбағыстың жарапазаны да жанын жаралаған аналар бар ашуын азаматынан алатын. Жерден алып, жерге салған адам кімге өнеге болсын?! Осылайша әкенің беделі босаға сығалап қалғаны рас. Анасының әкесіне беттен алып, төсіне шапқанын көріп өскен қыз бала «шеше көрген тон пішердің» керін келтірмегенде қайтпек?! Сол әке құрметтемейтін ұрпақтың дені бүгінде отызды орталап қалды. Жауапкершілігі жоқ, отбасы алдында, балаларының алдында беделі жоқ әке де осы көштің өкілдері. Сонымен тінді тін жалғап, әкені босаға сығалап қалған беделін көтеру мәселесі отбасы құндылығын насихаттау сынды науқанға ұласуда бүгінде. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін ұрпақ ол науқанға үн қата ала ма? Бәрібір көргенін істей ме?

 

Қоғамда әкенің отбасындағы рөлі артып келеді деуге әлі ерте сынды. Дәстүр бойынша, әке отбасындағы негізгі асыраушы және қорғаушы деп есептелді, бірақ бүгінгі күні оның функциялары айтарлықтай кеңейді және материалдық қолдауды ғана емес, сонымен бірге баланың эмоционалдық қатысуын, тәрбиесі мен дамуын қамтиды.

Әке — отбасының жайлы өмір сүруі үшін бар  жағдайды жасайды, материалдық мәселелермен айналысады, бұл ананың балаларды тәрбиелеуге және оларға қамқорлық жасауға көңіл бөлуіне көбірек мүмкіндік береді. Сонымен бірге баланың бойында жауапкершілік, еңбексүйгіштік, басқаларды құрметтеу сезімін қалыптастыруда әкенің рөлі зор. Әке сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету арқылы баланың өзіне деген сенімділігін арттырады және басқалармен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Оның бала өміріндегі басты тұлғаға айналуы сенімділікті дамытуға және отбасылық байланысты нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, әке құндылықтарды, мінез-құлық нормаларын және өмірлік көзқарастарды қалыптастыра отырып, тәрбиелік функцияны орындайды. Бірге ойнау, сөйлесу, жұмыс жасау барысында балаға қоршаған әлемді түсінуге, қиындықтарды жеңуге, шешім қабылдауға үйренуге көмектеседі. Расында әсіресе ұл бала үшін әкенің орны, тәрбиесі бөлек. Оның тұлға болып қалыптасуына көп көмек қолын созады. Әке тәрбиесін көріп өскен бала кейін өз балаларын да мықты етіп тәрбиелейтін болады. Әке тәрбиесін көрген бала қандай жағдай болғанда да кейін өз отбасының іргесі сөгілмеуіне бар күш жігерін салады. Осылайша  балалардың толыққанды отбасында өсіп, жетілуіне тізгінші болады.

Әйтеуір қоғам болып, отбасы институтын, отбасы құндылығын арттырамыз деп жанталасудамыз. Бәлкім қоғам болып күш біріктірсек, алынбайтын асу болмас, бәлкім?

Г. Жұмаш