Қорғасынның күлін жұтқан 900 шымкенттіктің қаны тексерілуде

560

Қорғасын зауытынан шыққан зиянды түтіннің қала тұрғындарының денсаулығына әсері қаншалықты? Мұны анықтау үшін Қарағандыдан арнайы маман келіпті. Шымкенттегі алдын ала тексеруден өткен 900-ге жуық адамнан сараптама алынбақ. Осы уақытқа дейін жасөспірімдер мен ересек тұрғындарынан анализ алынған болатын. Мұнымен қоса салыстыру мақсатында Шымкенттің басқа аймақтарының да тұрғындары тексеріледі деп жоспарланып отыр.

Бүгін балабақшаға келген балалар көп деп қуанып отыр тәрбиеші. Өйткені, олардың төрт көзі түгел жиналуы сирек жағдай. 300 балаға арналған «Балауса» балақбақшасы қорғасын зауыты маңында орналасқан. Таңғы сағат 10 мен 12 аралығында, далада тынығу басталған шақта өндіріс орны қалдықтарын шығарады дейді тәрбиеші. 

Людмила Коминова, тәрбиеші: «Таңғы 10-12-де зауыттың қалдығы шығарылады. Ал біз бұл уақытта далаға шығуымыз керек. Балалар жедел респераторлық вирустық инфекцияларға жиі шалдығуда. Аллергия қысады».

Қорғасын зауытынан шыққан қалдықтардың ауаны ластап, адам ағзасына тигізер әсерін анықтау үшін Қарағандыдан арнайы маман келіп отыр. Тұрғындардан сараптама алып, адам ағзасында ауыр металдардың бар-жоғын анықтамақ.

Зұлқия Намазбаева, медициналық экология бөлімінің меңгерушісі: «Қорғасынның адам ағзасына зияны бар. Бірақ, қаншалықты әсер етті. Осы мақсатта 5-6 жасар балғындарды, 15 жастағы жасөспірімдер мен 18 жастан асқан ересек азаматтарды іріктеп ауырушаңдарды тексеруден өткізіп отырмыз».

Таңертеңнен бері 5-6 жасар 100-деген сәби тексерілу үшін кезекке тұрды. Бұл — соңғы кезең. Көктемнен бері педиатрлар ауруға бейім балаларды іріктеп алған болатын.

Мансия Сарсенбаева, №2 қалалық балалар емханасының бас дәрігері: «Біз қорғасын зауыты орналасқан аймақтағы балаларды қараймыз. 1-15 жасқа дейін бізде 21 мың бала бар. Әрине, қоршаған ортаның адам ағзасына әсері бар. Енді біздің мақсат осы балаларға арнайы сауықтыру орталығын ашсақ».

Амина Құттықожаева 1979 жылдан бері осы қорғасын зауытында қызмет еткен. Ол бүгін немересі Ләйла ертіп, емханаға арнайы келіпті. Жиі ауыратын бүлдіршінді тексеруден өткіземіз дегенде қуана келісіпті.

Амина Құттықожаева, тұрғын: «2006 жылы туылды. Үш айынан ауыра бастады. Әлі ауырушаң. Осы қорғасынның әсері ма деймін. Осы қыста ауырған едік. Әлі балабақшаға бармадық. Анасынан берілді ме. Ол 1983 жылғы туылғанынан осы жерде тұрады. Не болғандада сынамаларын тапсырдық. Нәтиже күтеміс енді».

Сынамалар ұшақпен Қарағандыдағы арнайы институтқа жеткізілмек. Ал қорытынды күз айында белгілі болып, нәтижесіне сай іс-шаралар қолға алынады.