Шымкенттік ата-ана баласына екпе жасатудан бас тартуда

«Балаларымызға егу жасатпаймыз». Өңірде осылай дейтін ата-аналар көбейіп барады. Шымкентте балаларға екпе егу мәселесіне байланысты ақ желеңді мамандар басқосты. Біздегі 93 дәрігерді Алматыдағы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық университетінің оқытушылары арнайы оқытуда.

Оңтүстік астанадан келген қонақтардың айтуынша, медицинаның арқасында адам өмірі соңғы 1,5 ғасыр ішінде 30 жасқа ұзарса, соның 25 жылы екпе егудің арқасында мүмкін болып отыр. Иммундау ісінің нәтижесінде әлемде 20-дан аса қатерлі дерт ауыздықталған. Әлем бойынша жыл сайын 3 млн-дай адам қауіпті індеттен өзін арашалай алып жүр. Ал біздің ата-аналардың арасында сәбиіне екпе ектіруде екі түрлі пікір қалыптасқан. Олар вакцинаның кесірінен көп бала ауруға шалдығып жатқанынан қорқады, соған байланысты егуден бас тартады.

Ата-аналардың егуден бас тартуы негізсіз деген дәрігерлер біздің елімізде де вакциналанған балалар арасында қатерлі дерттердің жыл санап азайып келе жатқанын алға тартып отыр. Екпеден бас тарту кез келген ата-ананың конституциялық құқығы болғанымен, мұның соңы өкіндірер жағдайға әкелуі әбден мүмкін.

Айнагүл ҚУАТБАЕВА, Ғылыми-тәжірибелік орталықтағы эпидмониторинг бөлімінің бастығы: «Осындай бас тартулар көбейе беретін болса, бүгінгі күні европада кездескен 400 мыңнан артық қызылшамен ауыратындар саны немесе бұрқ етпе жағдайлары бізде де орын алуы мүмкін. Ата-аналардың екпе жұмыстарына қарсылығы нәтижесінде осыдан бірнеше жыл бұрын Тәжікстан мемлекетінде полиомелит ауруының жоғары деңгейі кездескен тұғын. Сондықтан бұл мәселеде олардың ойланғаны дұрыс».

Жұмағұл МЕДЕТОВ, Облыстық СЭҚБ бастығының орынбасары: «10-нан астам инфекцияға қарсы вакциналар егілуде. Соның арқасында бізде көптеген аурулар тіркеліп жатқан жоқ. Мысалы алатын болсақ, 2007 жылдан бастап гепатит «А»-ға қарсы егу басталды. Соның арқасында бұрын ауру көрсеткіші мыңнан асып кеткен болса, қазір ол көрсеткіш біршама төмендеп отыр. Мұның бәрі егудің арқасында мүмкін болып отырған дүние. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда гепатит көрсеткіші 4-есеге төмендеп отыр. Негізінен, сол қарсылық білдірген балдардың ата-аналары кезінде екпе алған. Енді болса, балаларына жолатпай әуре».

Мамандар жағымсыз жағдайға бой алдырып жүрген отбасылардың көпшілігі түрлі діни ағымдарды ұстанғандар екенін анықтаған. Тағы бір себеп бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетілетін кейбір келеңсіз құбылыстар дейді. Алайда, түсіндіру жұмыстары сауатты жүргізілсе, қашан да оң нәтижеге қол жеткізетіні анық.