Полиомиелит ауруының алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация

20
фото Москва

ХХ ғасырдың 50 жылдарының соңына дейін полиомиелит өте қауіпті ауру болды. Ауру эпидемияға ұласып, әртүрлі елдерде бірнеше мыңдаған адамдардың, оның ішінде балалардың өмірін қиды.

Полиомиелитпен негізінен балалар ауырады, әсіресе 5 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Вирус ағзаға ауыз қуысы арқылы еніп, әрі қарай қанға түсіп, жүйке жүйесіне әсер етеді, кейде сал ауруын тудырады. Көбіне аяқты зақымдайды, әр оныншы науқастың өкпесі жұмыс істемей, тұншығудан көз жұмады.

Полиомиелит – негізінен орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы – полиовирус. Полиомиелит кезінде көбіне жұлынның сұр заты зақымданып, ол барлық жүйке жүйесін ауруға шалдықтырады. Бұл ауру жұқпалы инфекция арқылы беріледі, суық тигендегі сияқты мұнда да қызу көтеріледі, құсып, іші өтеді, бұлшық еттері ауырады. Бірнеше күн бойы баланың дені сау сияқты болып көрінеді. Кейде денесінің жартысы әлсіреп, сал болып қалады. Мұндай жағдай көбінесе бір аяқта немесе екі аяқта бірден байқалады. Уақыт өткен сайын аяқтың әлсіреп семген жағы жіңішкеріп, екіншісіне қарағанда кішірейе түседі.

Аурудың көзі – ауру бала және вирус тасымалдаушылар болып саналады (3-5 айға дейін). Таралу жолдары – ауыз арқылы (ластанған тамақ, кір қолдар, су арқылы). Аурудың алғашқы 1-2 аптасында тыныс жолдары арқылы да жұғады. Ауру жаз, күз айларында жиірек кездеседі.

Полиомиелит қоздырғышы энтеровирус туыстастығына жататын полиовирус болып табылады. Вирус сыртқы ортада тұрақты: суда 100 тәулік, нәжісте 6 ай сақталады, көптеген антибиотиктерге, қышқылға төзімді. Қайнаған кезде және ультрафиолет сәулесі әсерінен жойылады.

Полиомиелит ауруының алдын алудың бірден бір жолы – вакцинация. Профилактикалық егу баланың 2, 3, 4 айлығында, одан кейін 12-15 және 18 айлық балаларға салынады.

Сақтану жолдары. Балада суық тию немесе аурудың басқа белгілері байқалса, қызу көтерілсе, өз бетінше ем қабылдауға болмайды. Суық тию белгілері немесе қызуы бар баланы бөлек бөлмеде ұстаңыз. Ата-ана немесе күтуші адам баламен байланыста болғаннан кейін қолын жуып, жеке гигиенаны сақтауы керек. Полиомиелиттен сал болып қалған бала құнарлы тамақ ішуі керек, бұлшық еттерін нығайту үшін дене шынықтырумен айналысқаны дұрыс. Мүмкіндігінше, балаға аяққа арналған аспа бау, балдақ және басқа қосымша құралдардың көмегімен жүруді үйретіңіз.

Егер вакцинация бағдарламалары тоқтатылса, вакцинамен басқарылатын жұқпалы аурулар қайта пайда болады.

Көп жағдайда вакцина салған жердің ауыруы немесе температураның шамалы көтерілуі сияқты уақытша реакцияны тудыруы мүмкін.

Полиомиелитпен ауырған жағдайда ауру сал ауруын, ал қызылша энцефалит пен соқырлықты тудыруы мүмкін, ал кейбір вакцинамен басқарылатын аурулар тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан, уақтылы екпе алуды ұсынамыз!

 Ә. Төлебаев,

Шымкент қ. СЭБД басшысы