Қыздардың тұрмысқа шықпай қалуы-жеңгелердің дұрыс жұмыс жасамауынан

535
"Жеңгетай" комедиялық қойылымының премьерасы Шымкентте тамашаланды
«Жеңгетай» комедиялық қойылымының премьерасы Шымкентте тамашаланды

«Жеңгетай». Шымкентте осылай аталған комедиялық қойылымның премьерасы өтті. Жеңгелердің қоғамдағы рөлін көрсететін қойылым облыстық Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрының сахнасында тамашаланды. Қойылымның авторы – Ерсайын Төлеубай, қоюшы режиссері – Иманәлі Сапаров. Ал басты рөл – жеңгетайды осы драма-театрда 23 жыл қызмет еткен тәжірибелі әртіс Ұлжалғас Сафаралиева сомдады. Қойылым оқиғасында Толым апайдың пәтерін жалдап тұрып жатқан бойжеткен 4 қызға өмірлік серік іздеген жеңгетайдың әлегі баяндалады.

Ұлжалғас Сафаралиева, әртіс: «Әрине, бұл жеңгетай қойылымы қазақтың дәстүрінен сыр шертеді. Олай дейтін себебім, қазіргі қоғамда тұрмысқа шықпаған қыздар жетіп артылады. Егер жеңгелеріміз өз қызметін жақсы атқарса, мұндай жағдай орын алмас еді деп ойлаймын. Сондықтан, бұл қойылым салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жеңгелерге кеңес ретінде өрбиді. Комедиялық жанрда көрсеткенімізбен, қойылымның астарында ащы ақиқат жатыр. Сондықтан қоғамдағы мәселені осындай қойылым арқылы жеткізгіміз келді. Көзі қарақты көрермен болса, көкейіне ой түйері анық».

Күлімкөз жеңгетай мінез-құлығы төрт түрлі бойжеткендермен төрт түрлі серілерді таныстырып, тездетіп тұрмысқа беріп құтылуды көздейді. Себебі, үй иесі Толым апайдың өзі де Күлімкөз жеңгетайдың таныстырған Қотан ақсақалға тұрмысқа шығып, бақытты өмір сүргісі келеді. Міне, оқиға желісі осылай өрбиді. Айта өтетін жәйт, қойылымдағы кейіпкерлердің бір-бірлерімен танысып, өмірлік серік табуындағы оқиға барысы қызықты комедиялық оқиғалардан құралған.

Марал Аймұрат, көрермен: «Маған бұрын  мұндай ой келмеген екен. Өзімнің жалғыз ғана қайынсіңілім бар. Гүлмариям деген. Жасы 30-дан асса да тұрмысқа шықпай жүр. Неге шықпай жүрсің, деп сұрасақ болды бұлқан-талқан болып, «мені қуа алмай жүрсіңдер ме?» деп шығады. Десе де соңғы уақыттары өзі де тұрмысқа шыққысы келіп жүргендей, «жеңеше мен тұрмысқа шықсам, маған мынандай алқа тағыңдар, мынандай дүние әкеліңдер» деп әзілдейді. Енді мына қойылымды тамашалап отырып, ой түйдім.  Қайынсіңіліме өзім жар тауып беруге тырысайын. Себебі, бұл – ұят емес, қайта салтымыз екен ғой. Сондықтан, өзімнің таныс-тамырларымның ішіндегі ең жақсы деген жандармен таныстыруды жоспарлап отырмын. Жалпы айтқанды мына қойылымның берері көп екен».

Мақсат Марғұланұлы, көрермен: «Расында да қызық қойылым екен. Көрген кезде жеңгелердің қоғамдағы рөлі ерек екенін дәлелдей түседі. Менің ойымша,  қыздардың тұрмысқа шықпай қалуы – жеңгелердің дұрыс жұмыс жасамауынан деп ойлаймын. Себебі, бұрындары жеңгелердің өзі қайынсіңлілеріне өмірлік жар тауып, жанашырлық танытқан. Ал қазіргі жеңгелер тіптен бөлек. Басын ала қашады. Бұл да бір жағынан дұрыс шығар?! Десе де дәл қазіргі кезде жеңгелердің рөлі қажет-ақ. Сонда бұл мәселе шешімін табатын еді.