Аленаның анасы табылды, бірақ…

Облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына ата-анасынан адасқан тағы бір бүлдіршін келіп түсті. Өзін Аленамын деп таныстырған балақайды мекеме басшылығына Еңбекші аудандық полиция бөлімі Бадам ауылынан тауып, тапсырған. Шамамен 4 жастағы қызбала аталмыш бейімдеу орталығына жыл басынан бері келіп түскен 29-шы бала болып тіркеліп отыр.

Ата-анасынан қапыда адасқан Аленаның оңалту орталығында жүргеніне бүгін жетінші күн. Алайда, арада аптаға жуық уақыт өтсе де бүлдіршінді әзірге ешкім іздеп келген жоқ. Өз есімі мен анасының атын ғана білетін балақай тегі мен қайда тұратынынан да хабарсыз. Бейімдеу орталығының мамандары адасқан бүлдіршіннің көңілін табуға барынша тырысып жүр. Мұнда оның көңілі тоқ, көйлегі көк. Тек, ондағылар анда-санда Аленаның анасын сағынып мұңаятынын айтады.

Орталыққа алғашқы жарты жылдықта ата-атасынан адасып 26 бала келсе, кішкентай Алена жалпы тізімге 29-шы болып тіркелді. Оның 12 қызбала болса, 17 ұлбала. Мамандардың айтуынша, балалар көбінесе, туыстарының үйіне қыдырып барғанда жоғалып қалып, оны туыстары баланың ата-анасына айта алмай жүргенде жоғалады екен. Яғни, ата-ананың балаға деген ұқыптылығы керек мұнда.

Ал мекемеге адасып келіп түскен балалардың ата-аналары табылмаса, белгілі бір уақыт өткен соң балалар үйіне жіберу үшін құжаттар дайындайтын болады екен.
Сәуле Оңғарбаева, әлеуметтік педагог: «Осы қызды таныған адам болатын болса, не болмаса, осы қыздың ата-анасы туралы мәлімет білетін адамдар болса, біздің мекемеге хабарласуын сұранамын. Біздің мекеменің сымтетігі — 95-69-60. Ал мекеменің атауы — Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы».

Ал осы кезде…
Бет қатталып жатқанда, редакциямызға Аленаның анасы табылды деген ақпарат келіп түсті. «Көкек» ана қызының құжаттарын алып келіпті. Айтуынша, бұл отбасының тұрғылықты мекенжайы жоқ, күйеуі араққа салынған, ал қызды асырап-бағу өте қиын. Сондықтан бейімдеу орталығына «тастап» кеткен. Құжаттарды тапсырған ана, қайта кетіп қалыпты. Орталық қызметкерлері Алена жақын күндері анасымен қауышады деген сеніммен отыр.