«Болашақ» бағдарламасында өзгерістер орын алды

642
"Болашақ" бағдарламасында өзгерістер орын алды

«Болашақ» бағдарламасының талапкерлері үшін жағымды жаңалық! Толығырақ мәліметті ұсынған  мақаламыздан оқи аласыз.   Елімізде 1993 жылы 5-қарашадан бастап «Болашақ» бағдарламасы енгізілді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қаулысымен арнайы «Болашақ» стипендиясы тағайындалған болатын. Бүгінде “Болашақ” бағдарламасы – жастардың қиялына қанат бітіретін, мақсатына мирас болатын бірден-бір ауқымы кең мүмкіндік болып отыр. Сондықтан, “Болашақ” бағдарламасындағы орын алған өзгерістерді назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

“Болашақ” стипендиясы. Мәртебелі стипендияға құжаттар қабылдау науқаны биылғы жылдың 14-мамырынан басталды. Бұл үрдіс 31-шілдеге дейін жалғасады делінген болатын. Десе де, үміткерлерге қуантарлық жаңалақты жеткізгелі отырмыз.

«Құжатты қабылдау мерзімі ұзарды, яғни 2012 жылдың 14-мамырынан 1-қазанаға дейін, ал өз бетінше тапсырушы дәрежелеріндегілерге ағымдағы жылдың 14-мамырынан бастап шілде айының 25-жұлдызына дейін “ деп хабарланды “Халықаралық бағдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының арнайы сайтында.

Үміткерлерді іріктеу шет немесе мемлекеттік тілдерді білу деңгейін, психологиялық дайындығын, зияткерлік және кәсіптік даярлығын анықтау арқылы конкурстық негізде жүргізіледі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, құжаттар магистратура, докторантура бағдарламалары, сондай-ақ, ғылыми, педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық тұрғыдан білім-білігін көтеру бағыты бойынша қабылдануда. Осы орайда “Болашақ” бағдарламасы бойынша білімін жетілдіргісі келетін мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлер үшін талап төмендетіліпті. Мысалы, еңбек өтілі мен бакалавр дипломының балдық көрсеткішіне, сонымен бірге шетел тілін білуіне қатысты меже де төмендетілген.

Басты талап – “Болашақ” түлегі елге оралып, кем дегенде 5 жыл жұмыс істеуі керек. Сондай-ақ,күні кеше ғана “Халықаралық барғдарламалар орталығы” акционерлік қоғамының Президенті Саят Нұрбек қуанышты хабар жеткізді. Анығырақ айтсақ, жуырда “Болашақ” бағдарламасына құжаттарды жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығында немесе  “egov.kz.” электронды үкіметі арқылы қабылдайтын боламыз, “Pm.kz.” сайтында осылай мәлімдеді. Сонымен қоса, “Біз одан әрі барғымыз келеді. Сонда электронды қол қоюмен әр азамат портал арқылы құжатын тапсыра алады” дегенді шегелеп айтты. Сондықтан, “Болашақ” бағдарламасы жастарға қолжетімді болу үшін бар жағдай қарастырылуда.

Дидар Байжанова «Болашақ» бағдарламасының маңызын түсіндірді

Дидар Байжанова , “Болашақ” бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау және конкурсты ұйымдастыру бөлімінің жетекші менеджері: “Менің ойымша, бүгінгі жастарға мүмкіндік мол. Кез келген білімге талпынған азамат “Болашақ” бағдарламасын тиімді пайдаланып, шетелде жоғарғы білім ала алады. Алдағы уақытта талапкерлер бағдарламаға кез келген интернеті бар жерде отырып-ақ құжаттарын тапсыратын болады. Конкурсқа қатысу арқылы елінің дамуына сүбелі үлесін қосатынын жастарымыз ұмытпаса игі.Сондай-ақ, “Болашақ” бағдарламасындағы шәкіртақы да орналасқан қаласына байланысты төленеді. Мәселен, Англияның Эксперт қаласында 300 мың теңге болса, онда Лондонда одан жоғары болады. Себебі, әр жердің әлеуеті әрқалай”.

Қанат Қошақов, Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы: “Мен бакалаврды Ұлыбританияда, Манчестер қаласының университетінде оқыдым. Саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығын меңгеріп шықтым. 300 мың теңге шәкіртақы алдым. Ал осы Қазақстанмен білім деңгейін салыстыра қарайтын болсақ, ол елде парақорлық деген мүлдем жоқ. Сондай-ақ, денешынықтыру сабағы секілді мәнсіз сабақтар университтерге мүлдем енгізілмеген. Лекция жазбайсыз. Барлығы электронды форматта алдыңдағы компьютерде шығып тұрады. Жатақхананың1 бөлмесінде 1 ғана адам тұрады. Бұл адамның миын тынықтыру үшін жасалған жағдай. Жатақханаға ай сайын 900 доллар төледік. Айта өтейін, ол елде студенттерге ешқандай қысым көрсетілмейді. Мәселен, бізде студенттерді қинап орталық алаңдағы немесе өзге де жердегі шараларға апарады. Еріксіз сол шараның билетін алуын талап етеді. Бұл – дұрыс емес. Ал Ұлыбританияда әр адам өзі біледі, қызығушылығы бар болса ешкім ешкімді ұстап тұра алмайды ғой. Біздегідей студенттер мен ұсаздардың арасы жер мен көктей деп қарастырылмайды. Ұстаздар шәкірттеріне достық, сыйластық қарым-қатынас қалыптастырады. Сонда ғана студент мазалаған сауалдарын еркін қойып, білімнің шыңына шыға алады деген қағида қалыптасқан. Ал алдағы жоспарым жоғарыда айтып өткен жоғарғы санатты жағдайды Қазақстанда қалыптастырғым келеді. Сол үшін елден кетпей жұмыс жасаудамын. Ең бастысы, Қазақстан экономикасының Ұлыбританиядан асып түскенін көргім келеді”.

Дәулет Қанашаев «Болашақ» стипендиясының иегері: “Жасыратыны жоқ, Қазақстан дәл қазіргі уақытта білімді әрі қабілетті

Дәулет Қанашаев Англия мен Қазақстан оқу жүйесінің айырмашылығын айтты

мамандарға зәру. Міне сол себепті мен жоғарғы оқу тәмәмдай сала, “Болашақ” бағдарламасына тапсырдым. Жолым болып, “Болашақ” мәртебелі стипендиясының иегері атандым. Бүгінде Англияның Эксперт қаласындағы Эксперт университетінде экономика саласы бойынша магистратурада білімімді жетілдірудемін. Англияда магистратура 1 жыл ғана оқытылады. 1 жыл ішінде қаншама бағдарламаларды меңгеріп, тәжірибе алмасып үлгеруің шарт. Мемлекет біздің барлық жағдайымызды жасап отыр. Тек соны тиімді пайдалансақ болғаны. Мәселен, менің оқу ақымның барлығын мемлекет төлейді.Оқуыма қатысты кез келген шығын мемлекеттік бюджеттен бөлініп отырады. Сонымен қоса, ай сайынғы шәкіртақым 300 мың теңгені құрап отыр. Бірақ бұл қаржыдан 900 долларын жоғарғы оқу орнының жатақханасына төлеймін. Күнделікті тамағым да осы қаржының қаралған. Десе де, ай бөлінген шәкіртақы маған жетіп-артылады. Ал артылған кішігірім ақшаның басын қосып, өзімше жинап жүрмін. Себебі, болашақта қажеттілігіме жарататын боламын. Сондай-ақ, менен көбісі Қазақстан мен Англияның білім беру деңгейінің айырмашылығын сұрайды. Сондықтан айта өтейін, Англияда жоғарғы оқу орнының ұстаздары атына сай өте жоғарғы дәрежеде сабақ өтеді. Және дамыған технологияның озық үлгілерін тиімді пайдаланады. Қарапайым ғана мысал келтіретін болсам, біз емтихан тапсырған кезде емтихан парақшасының сыртына аты-жөнімізді жазуға тыйым салады. Ал ұстаз емтиханды тексерген уақытта кімнің жауабын тексеріп отырғанын білмейді де. Әрине, бұл ұстаз бен студенттің құрметін сақтап қалатын әрекет. Әділ баға қойылуы үшін әрдайым осындай сан түрлі әдіс қолданылады. Алла қаласа, қаңтар айында диплом аламын. Докторантураға ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ, мен елімді қатты сағындым. Сондықтан, Қазақстанға барып, оқыған білімімді елімнің қажеттілігіне жаратсам деймін. Бізге өз елінде кемінде 5 жыл жұмыс істеуі керек деген шарт қойылғанымен, мен өмір бойы Отанымда қалуды жоспарлаудамын”.