Оңтүстікте астық жинау науқаны басталды. Дәнді-дақыл биылдыққа 158 мың гектар жерге егілген болатын. Алқап қожайындарының айтуынша, бұл жылы жеңілдікпен берілетін жанармай отыны мен тыңайтқыштар алғаш рет уақытында беріліпті. Алайда, 10 гектарға егін егіп жүрген шағын шаруашылықтар оның өзіне асқан қиындықпен жетеді екен. Сол үшін уақ шаруашылықтар бір-бірімен бірігуге ниетті. Мәселен, облыстағы Амангелді шаруа қожалығы осындай 300-ге жуық уақ қожалықты қоластына алған.
Нұрлан ҚҰРАЛОВ, «Амангелді» ШҚ-ның төрағасы: «Мың гектарға жуық жерге нөлдік технология бойынша бидай, мақсары, арпа секілді барлық дақылдарды егіп көрдік. Толық мүмкіншілік бар. Бірақ үкімет, министрлік және ғалымдар тарапынан біздерге көмек керек. Ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру ісін оңтайландыру қажет секілді. Тауарөндіруші уақ шаруа қожалықтарымен келісім-шарт жасап, нотариалды заңдастыру керек. Осы құжатпен ақ, оларды іріленді деп есептеу ләзім. Ал жердің мемлекеттік актісі мен салық құжаттарын қайта жасау ісі жұмыс барысында ретімен жасала беретін шаруа».
Қуанарлығы сол, егіс даласында күн санап астық жинайтын сапалы техникалар артып келеді. Біздің облыстың табиғи ерекшелігі далалық және таулық климат болып келетінін ескерсек, онда қырман даласында жүрген комбайндардың жұмысы одан әрі өнімділікті арттыратыны анық.
Қанатбек ОСПАНБЕКОВ, Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы: «Күзгі жиын-терім мен дала жұмыстарын жүргізуге 39 мың тонна дизель отыны белгіленген бағада бөлінген. Оның 12 мың тоннасы шілде айында, 12 мың тоннаның 8 мың тоннасы бүгінге толығымен төленді операторлар арқылы. Қазір шаруаларға тарату басталды. Ал астықты ору бойынша Сарығаш ауданындағы дәнді-дақылды жинауды бітіруге жақындадық. Енді ондағы комбайндар жәйменен Қазығұрт ауданындағы алқапқа пен тау бөктеріне қарай ығысуда. Таулы аймаққа жататын Төлеби мен Түлкібас аудандарындағы астық жинау науқаны жылдағыдай 20 тамызға дейін бітеді деп жоспарланып отыр».
Жер құнарлылығы мен түсімділікті сақтау үшін биыл 1000 гектар жерге жер қыртысын минималды өңдеу әдісі пайдаланылды. Жаңа тәсіл арқылы астық шығымдылығын әр гектардан 11 центнерден алу жоспарлануда.