Астана күніне оңтүстікқазақстандықтар тарту жасамақ. Шымкенттік ипподром аумағына таңертеңнен ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген көліктер жиналды. Бірер сәтте керуен Астанаға жол тартады. Әзірге ұзақ жол алдындағы соңғы дайындықтар пысықталып жатыр.
Қанатбек Оспанбеков, облыстық ауыл шарауашылығы басқармасының бастығы: «Бүгін Шымкент қаласынан 200 тоннадай көкөніс пен бақша өнімдері Елордаға жөнелтіледі. Астанада олар төмен бағамен сатылады. Нарықтағы бағадан 45-50 пайызға төмен».
Биыл өнім көп, сапасы да жақсы дейді сала мандары . Жарты жылда 750 мың тонна көкөніс 1 млнға жуық тонна бақша өнімдері жиналыпты. 167 мың тонна көкөністің 85 пайызы солтүстік өңірлерге жіберілуде. Бұл ретте Сайрамдық диқандардың үлесі сүбелі.
Нұрпапа Көпеев, Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы: «Астанаға 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін жөнелттік- болгар бұрышы, қияр, қызанақ, қырыққабат. Сондай-ақ астаналықтардың дастарханына дәмді сары өрік, алма жібердік».
Сайрамдық Тасболат Момынов жолға темір тұлпарын дайындауда. Ұзақ жол болғандықтан техниканы алдын ала жіті тексеріп жатырмыз дейді былтыр да игі іспен Астанаға барып қайтқан жүргізуші.
Тасболат Момынов, Сайрам ауданы Күлкент ауылының тұрғыны: «Жолымызды берсін. Алла бұйырса, екі тәулікте жетіп қалармыз. Көлігіміз бұзылмаса болғаны. барлығымызға сәтті жол тілеймін».
Оңтүстікқазақстандықтардың сәлемін қабыл алғайсың Астана деп сапарға шыққан жерлестерімізге ақ жол тіледік. Елордалықтар дархан көңілді шымкенттіктердің тартуына тиісті бағасын береді деген сенім бар!