Сүндетке отырғызу… Иісі мұсылман баласы үшін ұлын сүндеттеу үлкен сауап. Бұл сүннеттің мәні мен мағынасы қандай? Бүгінде ұлан-асыр той жасап, баласының сүндет тойын жасап жатқандар аз емес. Бәз біреулер мұны «ысырап» деп түйсе, енді біреу «ата-салты» дегенді тілге тиек етеді. Дұрысы қайсы?
Сүндет – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Сүндет әуел баста араб халқының әдет-ғұрпы болатын. Сүндет мәселесі Құранда баяндалмағанымен, көне араб поэзиясы мен хадистерде айтылған. Сүндет Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) сүннеті болғандығы үшін де мұсылман халықтарында ерекше маңызға ие болды. Меккеде ер балалар 3 – 7 жасында сүндетке отырғызылады. Бұл ғұрып “таїар” деп аталады. Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне арналып той-думан жасалып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендетеді. Мысырда ұл баланы 5 – 6 жасында сүндеттейді. Сүндетке отырғызатын адамды ерекше құрметтейді. Қазақ халқында сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Бала сүндетке отырғызылған соң көрші-қолаңға қонақасы беріліп, Құран оқытылады.
Сүндеттеу медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. Circumcisiо — дөңгелек кесу) деп аталады. Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені ол үмбеті ретінде Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) ісін қайталауға, яғни, сүннет амалын жасауға жатады. Оған дәлел Әбу Хурайра жеткізген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсені: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ қысқарту аталған. Сүндетке отырғызу ислам дінінен кіріп, кейін келе қазақтардың ұлттық әдет-ғұрпына айналған.
Сондай-ақ, сүндетке отырғызу тек мұсылмандық жол емес, оның ер адамның денсаулығына, ертеңгі күні ұрпағының өсіп-өнуіне де маңызы зор екені медицинада да дәлелденген. Сүндетке отыру адамның тән тазалығы мен жан тазалығы, тіпті болашақ отағасы үшін де, отанасы үшін де пайдалы өмір салты, қазіргі тілмен айшықтап айтқанда салауатты өмір салтының бір қыры екендігі айдан анық. Сүндеттелмегендерге қарағанда сүндеттелген ерлер қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады. Жыныстық жұқпалы ауру туғызу қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары. Ал 10-30%-ы ғана сүндеттелген Кения, Замбия сияқты елдерде жыныстық ауруға шалдыққандар жергілікті тұрғындардың төрттен бірін құраған. Ал, Бенин және Камерун секілді шамамен әр бала сүндеттелетін Африка елдерінде жұқпалы ауруларға шалдыққандар тұтас алғанда 6%-дан аспаған.
Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар СПИД-ке шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер екендігін дәлелдеді. 2000 жылы Американың медициналық ассоцациясы (Аmerican Medical Association AMA) сүндеттеудің несеп қуық жолдарында сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді.
Бұрынғы кезде сүндеттелген балаға арнап кең әрі ұзын «сүндетжейде», «сүндеткөрпе» тігетін болған. Оны бала жара толығымен жазылғанша киген. Дәрігерлердің айтуынша, сүндеттелген бала синтетикалық талшық қосылған киім кимегені дұрыс.
Бар жақсысын баласына, ұрпағына арнаған қазекем құрсақтой, шілдехана, бесіктой, қырқынан шығару, тұсаукесерден кейін сүндет той жасаған. Сүндет той жасау бала қарақұлақтанып қатарға қосылғандығынан бастап ат жалын тартып мініп, азамат атанғандығының алғашқы белгісі саналады. Мұндайда бай-қуатты адамдар ат шаптырып, балуан күрестіріп ұлан-асыр той жасаған.
«Ашамайлы атқа міндің, Мұсылмандық таққа міндің, Сүндетке отырғаның — иманды болғаның. Тойын тойлап, думанды болғаның,» — деп баланың көңілін өсіріп, дәрежесін көтеріп бағады. Балаға ата-әжесі, ата-анасы психологиялық жағынан «сен енді нағыз жігіт болдың» деген сияқты жігерлендіру сөздерін айтып та ауырсынуды сездірмеуге тырысады.
Кез келген ұл баланың арманы — жігіт болу, азамат болу, сол себепті ол да іштей бұл күнді күтеді, асығады. Дәстүр бойынша осы күні балаға бастан-аяқ жаңа киім кигізіп, екі иығына үкі қадайтын болған. Содан кейін өзінің ашамайлы бәсірелі тайына мінгізген, ал оның атына қоржын салған. Қасына сәнді киінген 1-2 бозбаланы ілестіріп, ағайын-туғанға тойдың қуанышын жеткізуге жіберетін болған.
Сүндет тойдың басқа тойлардан ертеректегі ерекшелігі — тойға сүндеттелетін баланың өзі шақыратындығында. Тіпті, жолаушы барып та шақырып келген. Өйткені бұл — баланың есейгендігінің белгісі. Өз тойына шақырып келген балаға барған жерінде шашу шашқан. Атының жалына орамал, шүберек байлап, қоржынына тәтті салған. Сыйлығын беріп жіберген. Ол бала ауылына келгенде «бізді де осы күнге жеткізсін» деген ниетпен елдің салған шашуынан барлығы бөлісіп алған екен. Ал тойға келген туған-туыстар, жекжат-жұрағаттар балаға міндетті түрде сый алып келген. Тіпті, кейбір туыстары бала тойға шақырып барған кезде-ақ атаған малын жетектетіп жіберген.
Қазақта бала үшін нағашы жұртының орны бөлек. Баланың нағашы жұртынан, бір жерде — «қырық серкеш», енді бірі — «қырық шұбар тай» дейді, яғни жиеннің нағашысынан алатын үлесі болады. Нағашы жұрты жиенінің сүндетке отыруына орай, ертеңгі күні төлі өсетіндей етіп, осы үлестің бір бөлігін — малын айдап келген. Оны өздеріне міндет әрі үлкен дәреже санаған. Баланың, анығы ер-азаматтың ауқатты болуы осылай өзіне тиесілі жеке мал басының жиналуынан басталады. Бұл бұрынғыдан қалған ұғым. Қалай болғанда да, бала сүндет тойында үлкен сыйға, құрметке ие болған.
Десек те, бүгіндері сүндет тойды «ысырап» қылатындардың қатары да қалыңдай бастағанымен, ұлан-асыр той жасап, даңқын асырғысы келетіндер де жоқ емес. Не десең де, бар жиғанын баласының жақсылық қуанышына арнаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе?! Тек, өткізіп жатқан тойдың мәні мен маңызын өсіріп отырған ұл-қызыңыз ұғынып өссе екен деген тілек қана бар бізде…
Ербосын Орын, облыс имамының орынбасары: «Сүндеттеу-Пайғамбарымыздың істеген амалдарының бірі. Үлкен сауаптардың бірі. Мал сойып, құран бағыштау…Мүмкіндік болып жатса, ол да сауап. Ал сүндет той жасау шариғатта қарастырылмаған. Ол ұлттық салт, ғұрпымыз ғой. Құран кәрімде 3 адамның тілегі кері қайтпайды делінген. Соның бірі қонақтың тілегі. Егер елді жинап, сүндет той жасап, үлкеннің батасын алып жатса, ол да құба-құп. Тек дастарханыңыз адалынан болса болғаны. Тойға жиналған қонақтар балаға ақ батасын беріп, ақ тілегін тілеп жатса, қабыл болады, иншалла».
Әйгерім Ералиева, ата-ана: «Біз екінші ұлымызды сүндеттедік. Аллаға шүкір, мал сойып, құран бағыштап, ағайын-туғанның, үлкендердің батасын алып жатырмыз. Той-халықтың қазынасы. «Жиған — тергенің тойға шашылсын» деп тілеген ұлттың ұрпағы болғасын, сүндет той жасап, балалардың қуанышын тойлағанды жөн деп санаймын. Тек, қазіргідей аста-төк еткендерге қарсымын. Өз шама-шарқыңа қарап, мүмкіндігің келіп жатса, ұлыңа сүндет той жасап, ұл-қызыңның қуанышын тойлаған дұрыс».