Балаларды сүндетке отырғызу тегін жүргізілуде

247

Шымкенттік дәрігерлер қайырымдылық шарасын қолға алды. №1 Қалалық клиникалық ауруханасының хирургтары балаларды сүндетке отырғызып, аналарға диагностикалық медициналық қызметін тегін көрсетуде. Игі шара барысында дәрігерлер екі күн бойы 100-балаға тегін хирургиялық операция жасауды жоспарлаған.

Алғашқы күннің өзінде аталмыш шараға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Себебі сүндетке отырғызу әрбір ата-ананың өз еркі болғандықтан ақылы түрде жүргізіледі. Бүгінгі тегін сүндеттеу әлеуметтік аз қамтылған жанұялар үшін таптырмас жағдай. Медициналық мекемеде жасалған сүндет жеңіл әрі қолайлы болды дейді сала мамандары.

«Нәресте туғаннан жеті күн өткеннен кейін сүндетке отырғызуға  болады. Кейбір кездерде баланың кіші дәретке баруы қиындаса да да осындай ота жасалады.  1,3, 5 жаста  жақсы,  бала сезбей қалады» дейді Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының хирург-дәрігері Баймаханбет Бөрібеков.

 

Қала тұрғыны Мұсаева Фатима бүгінгі сүндеттеу қайырымдылық шарасына бес немересін алып келіпті. Көп балалы отбасылар үшін мұндай игі шара зор қолғабыс дейді қарт ана.

Фатима Мұсаева, көп балалы ана: «Доктор болған соң алып келіп отырмыз, медициналық мекеме болған соң  таза болады,  мамандардың өздері сүндетке отырғызады. Сенемін».

Айта кетейік, бұл игі шара №1 Қалалық клиникалық ауруханасы мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қорының жасаған екі жақты меморандум аясында өтуде. Шымкенттік дәрігерлер тегін сүндеттеу акциясынан бөлек, аталмыш қорда тіркеуде тұрған аналарға тегін диагностикалық тексеру өткізіп, дәрігерлік кеңес берді.

Абылай Дөңбай, Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері:  «Диагностика барасында аналардан аурулар анықталса, стационарға жолдама береміз, жатқызып емдейміз, ота қажет болса оны да жасаймыз. Бізде өзімізде уролог, нейрохирург көп салалы аурухана болғандықтан, барлық  мамандар жеткілікті».

Қайырымдылық шарасы аясында дәрігерлер 17-18 тамызда жалпы 100-бала мен 100-анаға тегін медициналық қызмет көрсетеді.

Шынар Оразова