Шымкенттіктер енді сенбі, жексенбі – демалыс күндерінде саябақта серуендей жүріп, сазды әуенге бөлене алады. Бұл күндері қаламыздағы саябақтарда қалалық әкімдіктің қолдауымен үрмелі аспаптар оркестрі көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын болды.
«Абай» саябағында қазақтың ұлттық әндерімен бірге, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерін де әуелете шырқаған әншілер саябақтың сәнін кіргізді. Сондай-ақ бұл кеште «Үрмелі аспаптар оркестрі» 2012 жылғы жарты жылдыққа арналған жаңа концерттік бағдарламасын ұсынды. Басты мақсат — үрмелі аспаптарды дәріптей отырып, халықтық мәртебені асқақтату деп түсіндірді ұйымдастырушылар.
Мөлдір Аймұратқызы, қала тұрғыны: «Мен демалыс күндері саябақтарға келемін. Бірақ, бүгін саябақ ерекшелікке толып отыр. Халықтың барлығы осында жиналып, Шәмші ағамыздың әндерін қосыла шырқауда. Әрине, ел ауызында жүрген әндер ғой. Бірақ қала тұрғындары үшін жасалап жатқан мәдени шара- өте ұтымды әрі дұрыс деп ойлаймын. Енді біз саябақтарға келіп, тынығуға әуес болатынымыз сөзсіз».
Бақыт Дәрібаев, қала тұрғыны: «Бұрындары осы шараны неге ойламаған басшылық?! Мәселен дәл қазір рухани ләззат алып, қаншалықты маңызды екенін ұғынып отырғанымызды айтқым келеді. Қаланың кішкентай тұрғынынан бастап, үлкендеріне шейін оркестрдің үнін естіп, саябақтың төрінен табылып отыр. ”
Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – қала аумағындағы демалыс орындарында, скверлер мен алаңдарда демалыс және мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтарына жүйелі түрде мәдени қызмет көрсету. Үрмелі оркестрдің негізін қалаушылардың бірі – ҚР Білім үздігі Сырым Байғабылов. Оркестрге 17 бірліктен тұратын жоғарғы музыкалық білімдері бар жастар қамтылған. Оркестр әншілері құрамында облыстық және Республикалық ән байқауларының жүлдегерлері Қарлығаш Бейсенбаева, Назерке Маябасова, Айгүл Жұмановалар өнер көрсетіп жүр.
Қарлығаш Бейсенбаева, өнерпаз: «Біз мұнда көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлағалы келдік. Абай атамыздың өзі «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деп босқа айтпаса керек. Міне, көпшілік те жиналып біздің айтқан әндерімізге қосыла шырқап отыр. Бұл- әрине, бізді қуантады. Мәселен, жаздыгүні демалыс алып, Шымкентке келіп жататын жандар көп. Осылайша қаламыздың мәдениетін марқайтуға сүбелі үлес қосып жүрміз деп ойлаймын. Бүгін келгендер «Енді қашан өтеді?» деп сауал тастап жатыр. Соған қарағанда, Шәмші ағамыздың әндерін сағынғаны байқалып-ақ тұрды».
Сондай-ақ, оркестр бағдарламасында Қазақстанның ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың әндері, шетел композиторларының ретро шығармаларымен бірге заманауи әлем композиторларының шығармалары бар. Айта өтейік, қала тұрғындары үшін қолға алынып отырған шара қараша айының соңына дейін жалғасын табатын болады.