Кеше Шымкентте ережесіз жекпе-жек шеберлері Қазақстан кубогін сарапқа салды. Жеңіл атлетикалық манежде өткен бәсекеге жанкүйер көп жиналды.
Сайысты тамашалауға Италия, Грекия, Қытайдан, сонымен бірге еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы қонақтар келіпті. Соңғы жылдары аталған спорт түрі елімізде қарқынды дамып келеді.
Бұл жолғы сайыс «есірткіге жол жоқ» ұраны аясында өтті. Іс-шараны облыстық шығыс жекпе-жек түрлері қауымдастығы мойнына алған. Сайыс соңында жүзден жүйрік шыққандар анықталды. Қатысушылар тыңғылықты дайындықпен келгендіктерін байқатты.
Ушу-саньда бойынша Берік Бектасов, Аслан Оразбеков бірінші орыннан көрінсе, Анита Пак екінші орынға жайғасты. Ал ушу-таулу шеберлерінің арасында Матвей Удальцовке тең келер ешкім болмады.
Қауымдастық басшыларының айтуынша, алдағы уақытта жарыстың деңгейі бұдан да ауқымдырақ болатынына сенім бар.