Шымкенттік спортшылар мәселесі көтерілді

29

Ережесіз жекпе-жек бөлімінің спортшылары жаттығу залының жабылғанына наразылық білдіруде. Бапкерлер спорт шеберіне үміткер жастар далада қалатын болды деп алаңдап отыр. Ал спорт басқармасы уайымдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Мәселе қалай шешілмек?

Шымкенттік спортшылар ережесіз жекпе-жек бөлімінің жабылғанына наразы. Бірнеше жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Олимжан Абдукаримов енді жас шеберлер далада қалатын болды дейді. Сондықтан олар қалалық спорт басқармасы алдына жиналыпты.

«Мен 12 жылдан бері жаттықтырушымын. Осынша жыл жұмыс істеп келіп, неге енді мектепті жауып жатыр. Соның кесірінен жаттықтырушылар жұмыссыз қаламыз. Ал біздің қаншама жыл тәрбиелеп, жарыстардан жүлде алып келіп жүрген шәкірттеріміз далада қалайын деп тұр», – дейді жоғары спорт шеберлігі мектебінің бапкері Олимжан Абдукаримов.

Жаттықтырушылардың сөзінше биыл мектепке 10 млн. теңге бөлінген. Мамандар бұл қаржы бір жыл түгілі бір айға жетпейтінін айтады. Сондықтан шәкірттерін жарысқа өз қаражатына апарып жүр екен. Ал сайыстан жүлдемен оралған спортшылар әлі күнге уәде етілген шәкіртақымыз қолымызға түспеді деп отыр.

«Бізге басқа спорт түріне ауысыңдар дейді. Менің таэквандомен шұғылданғаныма 10 жыл болды. Әлемдік жарыстарға Қазақстанның атынан шығып жүрмін. Ал басқа спортқа аяқ асты ауыссам, мен қалай тез нәтиже көрсете аламын. Айлап ол спорттың техникасын үйрену керек болады. Сондықтан біз далада қалайын деп тұрмыз. Ал мен Әлем чемпионатынан 2 орын алып келгенде стипендия береміз деген. Ол да жоқ, спорт шебері деген атақты да әлі бермеді», – дейді спортшы Сұлтан Дауытов.

Ал жауапты өкілдер жоғары спорт шеберлігі мектебі басқа мекемеге көшетінін тілге тиек етті. Ал, ескі ғимаратта бұқаралық спортты дамыту орталығын ашу көзделіп отыр.

«Азия ойындарынан кейін Олимпиадалық спорт түрлеріне көңіл бөлу керек деген тапсырма келді. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Спорт түрлерін жауып тастайтын ой жоқ. Тек олимпиадалық спорт түрлерімен біріктірсек деп отырмыз», – дейді Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Мықтыбеков.

Еске салайық, үшінші мегаполисте олимпиадалық емес спорт түрімен 2500 бала шұғылданады. Ал оларды 161 бапкер жаттықтырады. Басшылық ел намысын қорғап жүрген жастарды далаға қалдырмаймыз дейді. Десе де мектеп секциялары бірнеше бағытқа бөлінуі мүмкін.