Таяу күндері Рамазан айы да басталады. Мұндайда базардағы нарықтың арзандағанын емес, көтеріле түскенін аңғарасыз. Себебі, Рамазан айында ораза тұтқан жамағаттың сауабын алғысы келетіндер, ауыз бекіткендерге дастархан жайып, ауызашар беретіні белгілі.
Осы кезеңді пайдаланған базарда сауда жасайтын ағайындардың көпшілігі таразыдан қағып қалатыны жасырын емес. Ал дінімізде кісі ақысын жеудің аса үлкен күнә екенін естіп-біліп отырып, бұған мән беріп отырғандар шамалы. Жалпы, таразыдан жемейтін саудагерлер кемде-кем. Мұны қазір жұрттың бәрі де жақсы біледі. Тіпті сататын тауардың салмағын арттыру үшін түрлі құйтырқылықтарға баратын саудагерлердің бұл әдеттерінен де көпшілік хабардар. Осы мақсатта, мысалы, құмшекерді қабымен алдын ала буға қойып, біраз салмақ арттырса, таразыға қойылатын тастардың түбін ойып, оның ішін қуыс етіп қоятын «өнертапқыштар» да табылып жатады.
Кісіге ақысын жегізгісі келмейтін кейбір пысықай жеңгейлер болмаса, жұрттың бәрі бірдей базарға өз таразысын алып бара бермейді. Мұның барлығы да саудагерлердің иманының әлсіздігін көрсетсе керек. Себебі таразыдан жеп жүргендер Алла-тағалаға иман келтірсе, ақырет күніне сенсе, махшарда Алланың алдында бұл дүниедегі барлық ісі үшін есеп беретінін білсе, жұрттың ақысын жегені үшін қандай азап тартатынын білсе, бұл жалған дүниеде ондай күнәлі іске бармас еді.
Құран-Кәрімде Алла-тағала таразыдан жегендерге былайша ескерту жасайды: «Оларға айт: Әй, қауымым, Аллаға құлшылық етіңдер, сендердің одан басқа тәңірлерің жоқ! Сендерге Раббыларың тарапынан ашық бір дәлел келген. Өлшегенде таразыны тура тартыңдар, адамдардың заттарын кемітпеңдер. Тура жолды тапқаннан кейін жер бетінде бұзақылық жасамаңдар. Егер иман келтірген болсаңдар бұл сендер үшін әлдеқайда жақсы». («Ағраф» сүресі, 85-аят). «Өлшемде және таразыда тура тартыңдар». («Әнғам» сүресі, 152-аят). «Аспанды Алла жоғарылатты және өлшемді Ол қойды. Абайлаңдар, таразыда хақсыздық жасамаңдар. Өлшемді дұрыс тартып, таразыдан жемеңдер». («Рахман» сүресі, 7-9 аяттар).
«Өлшегенде, таразыға тартқанда айла жасағандарға нендей өкініш! Олар адамдардан бір нәрсе өлшеп алғанда тура өлшеп алады. Бірақ өздері басқаларға бір нәрсе өлшеп бергенде кемітіп өлшеп береді. Олар үлкен зор бір күні адамдардың, бүкіл әлемнің Раббысының құзырында тұратын күн үшін қайта тірілетіндерін ойламай ма?» («Мутаффифин» сүресі, 1-6 аяттар).
Құран-Кәрімде кісі ақысын жеудің ақыретте үлкен өкініші болатыны айтылады. Ислам сауда жасайтын саудагерге тиісті қағидалар қойған. Солардың бірнешеуіне тоқталып өтейік:
1. Біреудің саудасын бұзып, оның үстіне сауда жасауға болмайды.
2. Сенің қолыңдағы тауар басқа жерлерде таусылып қалса, осы мүмкіндікті пайдаланып, тауар бағасын шектен тыс көтеруге болмайды.
3. Сауда жасаған жан өтірік сөйлемеуі, әрі аманатқа қиянат жасамауы керек.
4. Сататын малдың немесе заттың кемшілігін айтып сауда жасалуы керек.
5. Сатылатын затқа деген сұраныс артып тұрған кезде оның бағасының артуын күтіп, сақтауға болмайды.
6. Сатылатын затты қандай болса, солай айту керек. Оның ойдан шығарылған керемет қасиеттерін айтып мақтауға болмайды.
7. Саудагер ырыс-несібені адалдан тауып, өсімнен сақтануы керек.
Пайғамбарымыз шыншыл әрі әділ сауда жасаған адамдарды былайша сүйіншілейді: «Әділ, шыншыл саудагер Арыштың көлеңкесінде болады». «Тура сөзді, шыншыл және әділ саудагер, ақыретте Пайғамбар, сыддықтар және шәһидтермен бірге болады». «Адамдардың жасаған ісінің ең жақсысы - жақсы тәрбиелеген бала-шағасы және қиянатсыз жасаған саудасы».
Адам баласы дүниеге құнықса, оны ешнәрсе тойдыра алмайды. Алла-тағала қанағатшылдарды ұнатады. Сондықтан, саудада да қанағатты ұмытпаңыз. Жалған өмірде дүние табамын деп шайтанның құрған торына өзіміз барып түсіп жүрмейік. Біреудің ақысын таразыдан жеп жатқанда, ақыреттегі таразының біздің күнәміз салынған жағына өз қолымызбен салмақ қосып жатқанымызды да ұмытпайық. Барша мұсылман жамағаты сабыр мен қанағатты естерінен шығармай, шариғат шарттарына лайықты өмір сүргей!
С. ҚАЛЫБАЙ.