«Жасыл желек» тұқымбағы қаладағы тал-дарақтардың 70 пайызын өсіреді

Шырайлы Шымқаланың күн санап жасыл желекпен көмкеріліп, келе жатқанына баршамыз да куәміз. Алайда, осы көшеттер қайдан алынады деген ой сізді мазалады ма? Білмесеңіз, таныстырайын. ОҚО-да осы іспен бүгінде тоғыз мекеме айналысады. Ал сондағы көшеттердің 70 пайыздайын Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мекемесі өсіреді. Тұқымбақта бүгінгі күні 40 түрлі жас өскін түрі күтіп-бапталады.

Негізінен, Шымкентті жасыл желекпен көмкеруге жыл сайын 1,5 млн-дай көшет тұқымы отырғызылады екен. Бұл облыстық табиғи ресусртар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен болып отырған іс.

«Жасыл желек» мемлекеттік мекемесі 2005 жылдан бастап өз алдына отау құрып, жұмыс істеп келе жатқан тұқымбақ. Мұнда өсірілетін 40 түрлі көшет «Қылқан жапырақтылар» мен «сәндік көшеттері», «бұталар мен жеміс-жидек» һәм «жаңғақ тұқымды жемістер» болып беске бөлінеді. Тұқымбаққа алғаш кіргеннен өзге бір әлемге тап болғандай күй кештім. Бір қарағанда қарапайым ғана жасыл желек деп қабылдайтын ағаштарды мамандар атын атап, түсін түстеп бергенде ғана айырмашылығын байқағандай боласың.

Тұқымды өндірудің алғашқы сатысы кәдуілгідей. Дәнді етінен ажыратып, жуып кептіруге жіберілген соң, жерге егіледі. Одан шыққан қаламшаларды көктемде қайта отырғызып, жас өскіндер плантацияда жайқалады. Осы салада 34 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан мекеме басшысы Мұрсейіт Мейірқұлов көшетті баптаудың әлегі көп екенін айтады.

Мұрсейіт МЕЙІРҚҰЛОВ, «Жасыл желек» тұқымбағының директоры: «Біздің мынау тұрған алқабымыз 2 жылдық мәдени жеміс ағашы. 2010 жылы күзде алманың ұрығы жерге себілген. 2011 жылы тамыз айында біз сол жабайы шыққан көшеттің төменгі бөлігіне «Т» үлгісінде етіп кесіп, мәдени ағаштың бүртігін кесіп, жабайы алманың карасының ішіне саламыз. Сөйтіп пленкамен орап қоямыз. Ал жабайы ағаш өсіп тұра береді. 2012 жылы көктемде жабайы стволын кестік та, пленканы аштық. Өздеріңіз көріп тұрсыздар шыққанды. Бұл уже культурный ағаш. Сонда мынау бір жеміс ағашымыз ұрықты сеуіп, оны сосын улап, баптаған соң ғана 4-5 жылысатуға жарайтын ағаш болады».

Келесі машақаттың бірі еткен еңбекті зиянкестерден қорғау. Жапырақты сақтаудың қыр-сырын осындағы өз ісінің білгірі Әбдіуәхап Әліқұлов жақсы біледі. Маманның айтуынша, зиянкеске тез бой алдыратын көшет – ол ақтерек ағашы екен.

Әбдіуахап ӘЛІҚҰЛОВ, «Жасыл желек» тұқымбақтың инженер-потологі: «Ең бірінші майски жуктарымыз жапырақтың арт жағына отырып кетеді. Біз былай ашып қараймыз. Сосын дәрілеу керек болса, дереу дәрілейміз. Жуктар аздау болса, абден күтеміз көбейгенше, сосын барып барлық плантацияны общий дәрілеп шығамыз».

«Жасыл желек» мекемесі шырайлы Шымкенттің жасыл белдеуін қалыптастыруға былтыр 485 мың түп көшет берсе, биылғы көшет отырғызу маусымына 800 мың дана жас өскін дайындап отыр. Шымкенттен бөлек, бұл мекемеден Сарығаш, Төлеби, Қазығұрт аудандарының әкімшіліктері де көшет сатып алады. Көрші облыстар – Тараз, Қызылорда, Маңғыстаудағы мекемелер де осы тұқымбақтың көшеттеріне үйір көрінеді. Өйткені, мұнда өндірілетін тал-дарақтар жақсы жерсіндірілген.

Дариға ӘДІЛБЕКОВА, «Жасыл желек» тұқымбағы директорының орынбасары: «Біздің көшеттер жақсы жерсінген. Қазақстанның жеріне жерсінген көшет. Біз көшеттерді басқа жақтардан алмаймыз. Тұқымдардың барлығы өзіміздің жұмысшылардың күшімен дайындалады. Теріледі, жиналады, кептіріледі. Ол Алматыдағы қазақ ағаш тұқымы мемлекеттік мекемесіне сараптамаға жіберіледі. Сараптамадан куәлігі келген соң ғана тұқымдар егіледі. Сондықтан біздің ағаштар жерсінген. Сенімді. Сондықтан бізден келіп көп көшет алады. Сол үшін біз сенімді партнер дейміз өзімізді».

Бір тал кессең, ол тал ек дейді халық даналығы. Экологтардың мәліметінше, негізінен әр адам басына он көшеттен келуі тиіс екен. Сонда ғана сіз тыныстайтын ортаның ауасы таза һәм пайдалы болатын көрінеді. Дегенмен, Шымкенттегі экологиялық ахуал көңіл қынжылтады дейді мамандар. Әр адамға он емес, бір көшеттен келеді екен статистикалық мәліметтердің қорытындысы бойынша. Бұл ретте «Жасыл желек» тұқымбағының өз айтары бар.

Мұрсейіт МЕЙІРҚҰЛОВ, «Жасыл желек» тұқымбағының директоры: «Сол егілген көшеттер өз дәрежесінде суғарылып, күтіп баптау жұмыстары жүріп тұрса, онда адам басына он көшеттен болуы мүмкін. Ал енді көшетке қарамаса, адам басына бір емес, жарты көшеттен де қалмайды. Бұны облыс әкімі үнемі айтып отырады. Біз жылда егеміз. Барлық еккен нәрсемізді санасақ, осы күнге дейін орман болып кетер едік қой деп. Сол немқұрайлылықпен қараудың нәтижесінде болады».

«Жасыл желекте» қазіргі күні 896 мың 162 түп өскін жайқалып тұр. Әрқайсысының дайын болу барысы да әртүрлі. 60-қа жуық мекеме жұмысшылары жалақысы мардымсыз болса да, кәсібін сүйіп, осылайша, мұнда суды өте аз қажет етеді деген желектерді ғана өсіріп жатыр.