Қарапайым халық абыр-сабыр. Таяуда ғана елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей басшысы Владимир Путиннің тектен-текке келмегенін қазақстандық БАҚ өкілдері жарыса жазуда. Байыптап, астарына үңіліп қарасақ, Путиннің қазақ жерін халқымен қоса жалға алмақ ниеті бар екендігі турасында бұрқ-бұрқ қайнаған қауесетке қанығамыз. Міне, саясаткерлер мен қаймана жұрттың дүрлігуіне осы жағдай сеп болған.

Алдымен, әлқисса. Ресейлік «Известия» газетінің тілшісі, есім сойы Иван Чеберко деген азамат екі ел басшыларының кездесуі алдында «Путин Назарбаевтан жалға халқымен қосып жер сұрайды» («Путин попросит у Назарбаева в аренду земли с населением») деген мақала жазды. Онда келіссөздер маусымның 7-сі болатыны, келісілген жер бағасының құны жылына 460 мың доллар екендігі айтылған. «Қазақстан басында жалға беру үшін жылына 2 млн доллар сұраған. 460 мың доллар онша үлкен сома емес. Онда ұшырылым кезінде қосымша шығындар да кетеді, зымыран құлайтын аумақта елдімекендер бар, сондықтан тұрғындарды эвакуациялау керек.

Бірақ, бұл ұсақ-түйек дүние. Онда тұратын халықтың саны аз» – деп, «Жер бетіндегі ғарыштық инфрақұрылым нысандарын пайдалану орталығы» бас директоры Александар Фадеев «Известияға» сұхбат берген.
Алайда, әзірге отандық ақпарат құралдарында жалға жер беру мәселесі бойынша келіссөздердің болған-болмағаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Бір анығы, Қазақстан мен Ресей басшылары Ақордададағы келіссөздер барысында зымырандық-ғарыштық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегі туралы мәселелерді талқылаған. Нәтижесінде қос мемлекет басшысы «Ғарыштық саладағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Ресей мәлімдемесін» қабылдады.

Бүгінде Ресей елімізге жылына 115 миллион долларды беріп, «Байқоңырдың» қызығын көріп отыр. Дереккөздер тек зы­мыран ұшырулардан солтүстік көрші­міздің табатын табысы 1 миллиард дол­лардан асатынын айтады. Ал Ресей тарапы еліміздің ға­рыш айлағын 2050 жылға дейін басыбайлы пайдаланады.

Сондай-ақ, екі ел басшыларының әңгіме ауанына құлақ түрсек, алдағы уақытта Қазақстанда ресейлік атом электр стансасы салынуы мүмкін. Енді, жоғарыда айтылған тақырыпты тарқатып айтар болсақ, Путиннің көздегені еліміздің солтүстік, Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалға алмақ ниетте екен. Аталған аумақ «Роскосмосқа» зымыран-тасығыштардың жекелеген бөлшектерінің құлауы үшін қажет. Негізінен, бұл аймақтар бұған дейін де бірнеше рет зымырандардың құлайтын ошағына айналған еді. Тек 2007 жылы Үкімет жекелеген келісім жасалмайынша, аталған облыс жерлеріне зымыран сынықтарының құлауына тыйым салған. Бұл туралы ресейлік «Интерфакс» агенттігі хабарлады. Агенттіктің мәлімдеуінше, маусымның 7-сі күні Ресейдің Астрахань облысындағы Капустин Яр полигонынан «Тополь» құрлықаралық баллистикалық сынақ зымыраны атылып, еліміздегі Сарышаған полигонындағы нысанаға дөп тиген.

Бақсақ бақа екен демекші, «Абай.кз» ақпараттық порталының мәлімдеуінше, елдегі жер алпауыттарының бірі Терещенко біздің облыста да жердің жалға сатылып кеткендігін мәлімдепті. Оның сөзіне сенсек, израильдіктер облыс аумағындағы 500 гектар жерді өңдеп жатқанға ұқсайды. Расында жердің жалға берілуі қоғам арасында гулеп тұр. Бұл туралы сақа саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері не дейді? Қоғамның жарасын дөп таба білетін белсенді тұлғалардың пайымынша, бұл мәселенің ара-жігін дер кезінде шешіп алуымыз қажет.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов біз өзіміздің ұлттық мүддемізді, негізгі ұстанымдарымызды әлі де болса нақтылап алмаған сияқтымыз деп қынжылады.

«Немқұрайлылық түбімізге жетеді. Біздің рухани дүниеміз әлсіз. Жерді ешқандай себепппен беруге болмайды. Ғұн дәуірі кезінде Мөде қағанның өзі «жерді бермеңдер» деп айтып кеткен. Өйткені, жер – қасиетті. Жерді жалға беру – елімізге тырнақ батыру, егер тырнақ ілінсе, жағдайымыз мүшкіл болады. Бұл мәселеде аса мұқият болуымыз қажет,- дейді қоғам қайраткері.

Ал саясаттанушы Әміржан Қосанов: «Үкімет осы бағытта келіссөздер жүргізген болса, ол туралы көпшілік неге бейхабар? Байқоңырдың әлеуетін болашаққа сақтау үшін зымыран ұшырылып тұрады. Оның өз заңдылықтары бар. Яғни, оның бастапқы бөлшектері зымыраннан кезең-кезеңімен бөлініп, Жерге құлайды. Алдымен сол бөлшектердің Қазақстан жерінен тыс жерге құлайтындай траекторияны қарастыру керек. Егер оған мүмкіндік жоқ болса, қауіпті аймақта өмір сүріп жатқан халыққа тиісті өтемақы берілетіндей, экологиялық зардап болмайтындай барлық жайт тиянақты қарастырылуы тиіс»,-деген пікірде.

Жерді сату – расында абыройлы іс емес. Ата-бабаларымыз мирас етіп қалдырып кеткен ұлан-ғайыр жерімізді кім көрінгеннің қолжаулығына айналдырмауымыз керек.