Жол шетіндегі көліктер айып тұрағына алынды

279

Қаламызда жол жүрудің тәртібін қадағалайтын кезекті рейд басталды. Нәтижесінде, алғашқы күні-ақ автокөліктерін жолдың шетіне қалдырып кеткен 15 жүргізуші қайтып келген уақытта темір тұлпарларын таппай қалған. Жол полициясының қызметкерлері тәртіп бұзғандардың көліктерін эвакуаторға тіркеп, ақылы айып тұрағына алып кетті.

Республика даңғылы бойындағы аялдамада бірнеше көлік тізіліп тұр. Жүргізушілер тыйым салынған белгіге назар аударуды әлдеқашан ұмытқан. Сондықтан болар, жол полициясы қызметкерлерінің сау етіп келе қалуы мұндағылар үшін күтпеген жайт болды. Инспекторлар жүргізушілердің көліктерін тәркілеп алып, әкімшілік хаттама толтыруға кірісті.

Ереже бұзған азаматтармен сөйлесіп жатқан ешкім жоқ. Автокөліктер эвакуаторға тиеліп, ақылы айып тұрағына тікелей жөнелтілді.

Қала көшелеріндегі тәртіпті қадағалауға шыққан екі сағаттың ішінде инспекторлар ақылы тұраққа 15 көлікті аттандырып үлгерді. Енді олардың иелері әкімшілік хаттамаға сәйкес, 10 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.