Қош, Лондон! Арма, Рио де Жанейро!

Дүйім жұртты екі апта бойы теледидар алдына телмірткен Лондон ойындары да тарих қойнауына кетті. Әлемнің 4 миллиардтан астам халқы ғаламдық ойындардың қызығы мен шыжығына куә болды.

Лондон ойындары 53 елдің ұл-қыздарына түрлі түсті жүлде үлестірді. Олардың арасында Қазақстан спортшыларын ерекше атап өткен жөн. Біздің қоржында 7 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлде бар. Осы көрсеткішпен қазақ елі жалпыкомандалық есепте бұрын соңды болмаған 12 сатыға нықтап орнықты.

Тізімге көз жүгіртсек, ТМД бойынша Ресейден кейінгі екінші, ал сарықұрлық бойынша төрттікке ілініппіз. Бізің соңымызда Украина, Голландия, Испания, Швейцария, Куба, Иран, Жаңа Зеландия, Чехия, Бразилия, Канада, Дания, Түркия сынды спорт державалары бар. Таңданарлықтай, тамсанарлықтай жетістік.

Дегенмен, көңілде қуаныш, өкініш, жұбаныш, қыжыл да бар екенін жасыра алмаймыз. 6 алтынды қоржынға салып қойып, жетіншісін сарыла күткенбіз. Біз ойлағандай-ақ, доданың соңғы күні боксшыларымыз бен бозкілем шеберлері несібесіз қалдырған жоқ. Алдымен боксшылар ауызға ілігеді. Серік Сәпиев алтынмен аптаса, Әділбегіміз күміспен күптеліп, Ваня қола жүлдені мойнына ілді. Мұнымен қоса, әйгілі ең үздік боксшыға берілетін Вэлл Баркер кубогі қазақ топырағына қайта оралды. Дәстүр мың жылдық болғай. Баркер кубогын иелену жағынан Кубаны артқа тастадық. Бұл да қазақ боксының күрзі жұдырығының мықты екенін аңғартса керек.

2004 жылы Бақтияр иеленген мәртебелі Кубок араға 8 жыл салып, әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимиада чемпионы Серік Сәпиевке бұйырды. Бұдан байқағанымыз, қазақ боксшылары қайта қайратына міне бастағандай. Қатпары қалың боксымыздың даңқы тағы бір рет Лондон төрінде асқақталды. Біз Әділбектен алтын күткенбіз. Алайда, бабы келіскенімен бағы жанбай, орыс Мехонцевке жеңісті ұстата салды.

Оның үстіне, Егор қалың орыстың алтыннан соңғы үміті болғандықтан, төрешілердің бүйрегі соған бұрғандай көрінді бізге. Қапсағай денелі алыбымыз Иван Дычко да жартылай финалда шаршы алаң қожайынынан жеңілді дей алмаймыз. Бұл жерде айқас рингтің сыртында болған сыңайлы. Сөйтіп, жуанжұдырық жігіттеріміз 1 алтын, 1 күміс пен 1 қоланы иеленіп, бас бапкер Мырзағали Айтжановтың тапсырмасын абыроймен орындады.

Сондай-ақ, тұңғыш рет қыздар боксынан Марина Вольнованың қола жүлде иеленуі ерлікке баланарлық. Расында, бозкілемде бағымыз жанбай-ақ қойды. Жарыс басталған сәттен-ақ, татами тарландарының бәрі аттан ауып қалғанын айтқанбыз. Әттеген-айы, дзюдошылардың «синдромы» грек-рим және еркін күрес балуандарына да жұғыпты. Ту ұстаған Тінәлиевтің жауырыны жерге тигенінен кейін басқа балуандарымыздың да кілемде дымы құрып, қарсыластарының ығына жығыла берді. Алтын үшін аттанған Алмат Кебісбаев, Дархан Бахметов, Асхат Ділмұхамедов еркін көсіле алған жоқ. «Классиктердің» абыройын сақтап қалған Қапқаз өрені Даниал Гаджиев болды.

Қуанышымызға орай, 84 келіде белдескен батысқазақстандық балуан қоланы сыйға тартты. Еркін күресте де өкінішіміз жоқ емес. Сең бұзады деген 7 балуанның ішінен тек Ақжүрек Таңатаров қана қола жүлдені місе тұтты. Әрине, бұл жеңістің де орны бөлек. Тараздық саңлақ 1996 жылы Мәулен Мамыровтың ерлігін 16 жылдан кейін қайталады. Бұрымды балуан Гүзел Манюрованың қоласы да дәтке қуат.

Ал Елена Шалыгина бар білгенінен жаңылды. Өзекті өртейтін тағы бір жағдай, бұл таэквондо шеберлерінің жүлдесіз қалуы еді. Даянға шыққан Гүлнафис Айтмұхамедова, Феруза Ергешова және Нұрсұлтан Мамаев жүлдесіз қалды.
Бір айта кетерлігі, Тұманды Альбионда Оңтүстік өрендеріне бірде-бір жүлде бұйырмады. Бұл нағыз сенсация деуге тұрарлық. Бокс, күрес, таэквондо спортының өкілдерінен жүлде дәметкенбіз. Бірақ, спортшыларымыз шешуші сәтте сыр берді. Жағдайдың анық-қанығы алдағы уақытта таразылана жатар.

XXX Жазғы олимпиада ойындарының қорытынды кестесі:

Орын  Елдер                 Алтын  Күміс  Қола  Барлығы

1         АҚШ                       46          29         29          104
2         Қытай                   38         27         22           87
3         Ұлыбритания  29         17          19           65
4        Ресей                    21         25          33            82
5       Оңтүстік Корея 13       8              7             28
6       Германия            11         19          14            44
7      Франция               11        11           12            34
8       Италия                8           9             11            28
9       Венгрия              8           4              5              17
10    Австалия           7         16             12            35
11    Жапония             7          14           17            38
12  ҚАЗАҚСТАН        7         1 5           13
13  Голландия          6          6               8              20

 

Олимпиада айшықтары:

АИБА 49 келідегі боксшылардың ширек финалдық бәсекесінде жаза басты. Олимпиада және әлем чемпионы қытайлық Зоу Шиминь төрешілердің көмегімен жерлесіміз Біржан Жақыповты жүлдеден қақты. Біздің боксшы 3 кезең бойы қытайды қуып жүріп сабағанымен, таразы басы бізге қарай бұрылмады.

Лондон ойындары оғаш оқиғалармен есте қалатын түрі бар. Әсіресе, зілтеміршілер сайысында оқыс жағдайлар көп кездесті. 77 келіде сынға түскен оңүстіккореялық Са Джэ Хуктың арқасын ауыр зілтемір сырып өтсе, неміс спортшысының ахуалы тіпті аянышты. Аса ауыр салмақтағы Матиас Штайнер зілтемірдің астында қалды.

Американың алтын ұлы Майкл Фелпс Олимпиаданың барлық рекордына түзету енгізді. Ол олимпиада тарихында 19 жүлде иеленген саңлақ ретінде әспеттелетін болады. Оның қоржынында барлығы 15 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлде бар. Ал бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш СССР-дің спорттық гимнастшысы Лариса Латынинаның еншісінде болатын.

 

Әлем елдерінің Олимпиада чемпионына беретін сыйақы көлемі

Грузия — 1 миллион 200 мың АҚШ доллары
Әзербайжан — 510 мың АҚШ доллар
Қазақстан- 250 мың АҚШ доллар
Қырғызстан — 200 мың АҚШ доллар
Италия — 178 мың АҚШ доллары
Беларусь — 150 мың АҚШ доллар
Литва — 147 мың АҚШ доллары
Болгария — 130 мың АҚШ доллары
Ресей — 125 мың АҚШ доллары
Чехия — 92 мың АҚШ доллары
Украина- 85 мың АҚШ доллары
Иран — 85 000 АҚШ доллары
Франция – 66 мың АҚШ доллары
Тәжікстан — 63 мың АҚШ АҚШ доллары
Қытай – 55 мың АҚШ доллары
Жапония – 36 мың АҚШ доллары
Оңтүстік Корея – 35 мың АҚШ доллары
АҚШ- 25 мың АҚШ доллары
Австралия — 19 мың АҚШ доллары
Германия — 19 мың АҚШ доллары