Шымкенттік төреші Лондон Олимпиадасында қазылық етуде

Олимпиадалық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсықұлов

Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен төрешілік ететін Шымкенттік Бақытжан Жақсықұлов XXX жазғы Лондон Олимпиадасында қазылық етуде. Өткен жылы желтоқсан айында Ұлыбританияда ұйымдастырылған сыннан, яғни іріктеуден сүрінбей өткен ол  өзге спортшылар секілді лицензия ұтып алған болатын.

«Лондонда әлемнің 60 төрешісі жиналды. Олимпиалық ойындарға қатысты үш кезеңнен тұратын сыннан өттік. Алғашты сын Лондонда өтті. Онда тест сұрақтарына жауап беріп, екінші турға жолдама алдым. Одан соң Сербияда бас қосып, тәжірибе жүзінде білетімізді көрсеттік. Ал үшінші тур Астанада өтті. Бұл кезде біз лицензияға қол жеткіздік. Емтиханның қорытындысы бойынша 47 төреші іріктеуден өтіп, барлығымыз Олимпиада дәрежесіндегі төрешілер болып танылдық»,-дейді Олимпиадалық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсықұлов.

Бақытжан Ержанұлы ағылшын тілін 80 пайызға меңгерген, француз тілін аздап біледі. Ал спортшылар әлемнің түкпір-түкпірінен келетін болғандықтан, оларға әсіресе, ағылшын тілін білу міндеттеліпті.

Төреші Ермек Байдуашевтің ұстазы және Лондон Олимпиадасында оған қолдау көрсететінін жеткізді.

«Мен шәкіртімнің лицензия ұтып алғанына қуаныштымын. Мұны көбісі сәттілік ден санаса, мен мұнымен келіспеймін. Өйткені Олимпиадаға кез келген спортшы бармайды және жолдаманы, лицензияны ұтып алады. Сондықтан ол бұған лайықты және өз еңбегімен қол жеткізді жеп ойлаймын. Енді біз тек алтын медаль үшін жұмыс жасайтын боламыз»,-дейді Бақытжан аға.

Өзінің кәсіби қызметін осыдан он екі жыл бұрын бастаған Бақытжан Жақсықұлов алғашында жастар мен жасөспірімдер арасында өткізілетін халықаралық жарыстарда төрешілік еткен.

«Мен жаңадан төрешілік ете бастағанда үнемі оңтүстікқазақстандық спортшыларға көмектескім келіп тұратын. Енді барлық  қазақстандық спортшылардың тілеуін тілеймін. Менің қызметімдегі дәрежем жоғарылаған сайын маған артылған жауапкершілік те арта түсті. Енді халықаралық дәрежедегі төреші болған соң, қателесуге құқымыз жоқ»,-деген ойын білдірді төреші.

Тамыздың 5-і мен 7-сі аралығында грек-рим күресі бойынша Олимпиада ойындары өтті. Енді 8,9-ы күндері әйелдер арасында, ал 10-ы мен 12-сі аралығында ерлер арасында еркін күрестен біздің спортшыларымыз бақ сынасады.

 «Мен барлық спортшыларға сабырлық, жүректеріне батылдық тілеймін. Алла абырой беріп, спортшыларымыздың ел намысын қорғайтынына сенімдімін»- деген төреші тілегін білдірді Лондонға аттанбай тұрын тілшілерге берген сұхбатында.