Жүргізушілердің 80%-ы жедел жәрдем мен полиция көліктеріне жол бермейді

273
жедел жәрдем көлігі де болды
Рейд барысында 20 автокөлік жүргізушісінің үстінен хаттама толтырылып, 16 мың теңгеге айыппұл салынды

Cіз жедел жәрдем дәрігерлері мен жол полицейлерінің көліктеріне жол бересіз бе? Әрине, «иә» деп жауап беруіңіз мүмкін.  Кейде санаулы минуттар адам тағдырын шешетіні белгілі. Осыған орай бүгін дәрігерлер мен жол полицейлері бірлескен рейд өткізді. Мұндағы мақсат — шымкенттік жүргізушілердің жол тиісті ережелерді қаншалықты сақтайтынын анықтау. Арнаулы көліктердің оқу-жаттығулары бүкіл қаланы қамтыды.

Жол полицейлері ілескен жедел жәрдем көліктері бір жарым сағат бойына қаланың көшелерін кезді. Осы уақыт ішінде арнайы көліктерге түсіністікпен қарап, жол бергендер көп болмады. Ал шұғыл жағдайда ахуал бұдан да ушығып кетеді дейді дәрігерлер.

Гүлзира Ташева, жедел жәрдем станциясының дәрігер-реаниматологы: «Біз түрлі жағдайлармен жедел жетуіміз қажет  кезінде көлік жүргізушілер тарапынан ешқандай да түсіністіктің көлеңкесін де көрмейміз. Адамды өлім аузынан арашалап алуға  асығыс аттанғанда аяқтан шалғандай болатыны хақ. Шымкенттік көлік жүргізушілерге жол ережелерін сақтап, арнайы автокөліктерге жол беруін сұранамыз».

Жол жүру ережелеріне пысқырып та қарамайтын жүргізушілердің кесірінен өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметінің көліктері барар жеріне жылдам жете алмай, талай өмірге араша түсуге тосқауыл болары анық. Бірақ автокөлік иелерінің өз уәжі де жоқ емес.

«Жол кептелісінде тұрып, жедел жәрдем көлігін байқамай қалдым. Байқағанда не, көлігімнің артында ұзыннан ұзын көліктер қаптап тұр»,-дейді көлік жүргізушісі Рашихан Жолдарханов.

Бірақ жол полицейлері керек кезінде жүргізушілердің арнайы көліктердің қызметіне кедергі болмауға мүмкіндік табарына сенімді. Бұған бүгінгі оқу-жаттығуда көз жеткіздік.

Қанапия Орманов, ОҚО ІІД ЖПБ рота командирінің орынбасары: «Рейд барысында 20 автокөлік жүргізушісінің үстінен хаттама толтырылып, 16 мың теңгеге айыппұл салынды. Тағы да 2-ші рет қайталанатын болса, 24 мың теңге көлемінде айыппұл салынатын болады».

Ендігі кезек — өрт сөндірушілерде. Жалпы, жол полицейлері енді айына 2 рет оқу-жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. Арнайы автокөлікті өткізіп жіберу жүргізушілер үшін бағдаршамның қызыл түсіне тоқтағанмен бірдей міндетті әдетке айналуы керек дейді полицейлер. Лайым, солай болсын деп сенейік.