Қаламызда театр апталығы аяқталды. Көрермендер 1 апта бойынша облыстағы 8 театр ұжымының өнерін тамашалап бір марқайып қалды. Шымқаланың театр тарландарының орындауындағы шараны Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры қорытындылады. Бұл күні сахна төрінен «Ұлы көш» қойылымы тамашаланды. Қойылымның авторы – Еркінбек Тұрысов, қоюшы режиссері – Әскер Құлданов.
Сонымен, театр сахнасында 170-тен астам басты рөлдерді сомдаған өнер майталманы Сапарбай Өтемісұлы бұл күні Бәйдібек бидің әкесі Қараша ханның кейпіне енді. 52 жылдан астам өмірін сахнаға сарп еткен әртіс Қараша ханның болмысын көрсету оңай еместігін айтады.
Сапарбай Өтемісұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі: «Жасырмай айтайын, Қараша ханның рөлін сомдау үшін 1 жыл дайындалдым. Себебі, елді, ортасын басқарған Ұлы адамның түр-тұлғасын көпшілік алдында көрсете білу оңай емес. Өте қиын деп айтуыма болады. Жыл бойы Қараша ханның табиғатын меңгердім. Бүгін, міне, ел алдында ұялмай Қараша ханды ұсынып отырмын. Жылдар бойы осы Қараша ханды сомдау үшін қаншама талант қажет деп жүретінмін. Сондықтан, бүгінгі қойылымның сәтті шығуы әртіс үшін – ең бақытты кез! Мен өзімді дәл қазір бақытты сезініп тұрмын! Қараша ханның болмысын еліме таныта алдым деп ойлаймын. Оның өмірден өтетін қаралы күннің де қандай әсерлі болғанын жеткізудің өзі мен үшін аса ауыр болды. Көшеде отырған қайыршының да кітап болар тағдыры бар емес пе?! Ал бұл патшаның да өзіндік қолтаңбасы, өзіндік өмір жолы бар. Ендеше, мен өзімді өнердің биік шыңына шыққандай немес арқамнан ауыр жүк түскендей әсерде сезініп отырған жайым бар. Осындай ханның ұлы Бәйдібектің де ерліктері мен тарихтан сыр шертетін сөздер де осы қойылымның бойынан табылады».
Қойылымда Бәйдібек бидің өмір сүрген отасы ашық көрініс тапқан. Халық пен билік арасындағы келеңсіздіктер де боямыз баяндалады. Сондықтан келген көпшілік тәнті болды қойылымға. Алған әсерлерін бөлісті.
Маржан Сұлтанхан, көрермен: «Мұндай тарихи қойылымдарға көп келетінмін. Алайда Бәйдібек бидің өткенін ашық бейнелейтін «Ұлы көшті» көруге ынтызар болағынымызды жасыра алмаймын. Енді, міне келіп, Бәйдібек бабамызды көзімізбен көргендей күй кешіп отырмыз. Елі үшін атқарған ұлы ісі де бізге үлгі-өнеге, ал осындай Перзенті бар қазақ ұлты бақытты дер едім. Біз үшін үлкен мәртебе ғой. Мұнда Қараша ханның өмірден өткен күні де баяндалады. Сол кезде Бәйдібек бидің ант еткен көрінісі көз алдымызда қалып қояры анық. Менің ойымша, мұнда оқушылар мен студенттерді жалпы жастар қауымын көп шақыру керек. Сонда тарихымызды біліп, тереңге үңіледі. Мынандай Ұлы адамдардың ұлылығын ұғынуы керек қой. Сонда ғана өзінің осындай тұлғалардың ұрпағы екенін сезінеді деген пікірдемі».
Бақыт Жұмағұлұлы, көрермен: «Мен мұнда баларыммен, жалпы отбасыммен келіп отырмын. Кішкентай ұлым қойылымның ішінде жүргендей тамашалады. Әйншейінде тыпыршып отыратын Бағдат ұлым да тып-тыныш ұйып көрді. Енді үйге барып, апта немес ай бойы дастархан басында осы Бәйдібек бабамыздың өмір жолы талқыға түсері анық. Білгенін ұғып, білмегенін бізден, ұстаздарынан сұрайтын болды. Әрине, бұл мені қуантады. Бабалар жолын түсініп, тарихқа деген қызығушылығы оянады ғой. Қазірдің өзінде Ұлы адамдардың жолына үңілгендей қызыға, көз алмай көріп отыр. Байқайғаным, өзге қойылымдарды дәл бұлай аңтарыла көрмейтін-ді. Ал «Ұлы көшті» таң-тамаша болып көрген ұлдарым енді Бәйдібек бабасының ұлық жолын өнеге етсе деп тілеймін. Солай болды деген сенім де жоқ емес. Бірер минут бұрын «Бұл қойылымды қайталайды ма?» деп сұраған баламның ойы да маған біраз жайды ұқтырды»
Ендеше, театр апталығын қорытындылыған “Ұлы көш” қойылымы алдағы уақытта да көпшілік назарына ұсынылатын болады. Себебі, Оңтүстік жұртшылығы сұраныс арқылы «Ұлы көшті» қайта тамашалауға мүмкіндік алатындарын айтып отыр.