Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында өңірлерді дамыту мәселесін басымдық ретінде белгілеп берді. Бұл жөнінде бағдарлама қабылданды. Түркістан қаласында өткен семинар-кеңесте бағдарламаның орындалу барысы талқыланып, жаңа жобалардың бағыты қарастырылды.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы 2013-2015 жылдарға бағытталған. Атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар бағдарламаның жүзеге асуында туындап отырған қиындықтар да жоқ емес. Жиында осы тұста ұсыныстар жасалды.
Санат Тұңғышбеков, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Өңірлерді дамыту комитеті төрағасының орынбасары: «Біздің келген мақсатымыз, өңірлердегі даму бағдарламасының барысын назарға алып, жетілдіру. Сол арқылы бөлінген қаражаттарды тиімді игеру. Тиісті құжаттамалардың уақытылы және сапалы орындау. Оны сараптамадан өткізу. Бюджеттік сұранымдарды дер кезінде өткізу. «
Бағдарлама барысында ауылдық жерлерді көгалдандырып, көркейту бірінші кезекте атқарылатын жұмыстар қатарында. Қазіргі таңда балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылып, ғимараттарда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіректі елді мекендердің тізіміне облысымыздан 9 аудан-қала мен 29 елді мекен енгізілді. Жоспар бойынша өндіріс орындары ашылып, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылады деп отыр. Әзірге өңіріміздің агроөнеркәсіп кешеніне толығымен талдау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы өнімінің өңдеу саласын дамыту бойынша жобалар жүзеге аспақ.
Бағдарлама өзін-өзі басқаруды дамыту мен шағын қалалардың экономикасын көтеруге септігін тигізбек. Ол үшін келесі жылға бюджеттен 110 млрд тенге қаралыпты.