2 мың оңтүстікқазақстандық Меккеде мінәжат етуге аттанды

қажылық сапарға аттанды
Оңтүстіктен 2 мыңға жуық бауырлас Араб еліне аттанды
қажылық сапарға аттанды
Оңтүстіктен 2 мыңға жуық бауырлас Араб еліне аттанды

Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс келетін қажылық үшін бұл күндері ұлы жолға шығатындар жер-жерлерде жиналып жатыр. Бүгін таңертең Оңтүстіктің мұсылман қауымы бес парыздың бірі Меккеге қажылық сапарына аттанды.

Бұл қажылық сапарға баратындардың алғашқы легі. Ұлы жолға шығуды ниет еткендер түнгі сағат екіден бері әуежайға жиналып жатыр. Таңғы беске таяу ұшаққа отырғызу басталады. Жол сөмкесін әзірлеп, құжаттарын түгеп жатқан қалың қауым ұлық сапарға сақадай сай.

Дәулет Узденбаев: «Меккеге баруға біздің дайындығымыз жақсы. Денсаулығымызды тексеруден өткіздік. Керекті дәрі-дәрмектерімізді де өзімізбен алдық. Ол жақта бізді күтіп алады. Қонақүйіміз де дайын. Арнайы автобустар алып жүреді».

Бұл жолы Араб елінде қажылық амал-шарттарды орындауға 170 адам аттанбақшы. Бұйыртса, олар ертең мінәжат орнында құлшылығын бастайды. Жалпы Қазақстаннан қажылық сапарға осы жолы 5 мың адам аттанатын болса, соның басым бөлігін оңтүстік қазақстандықтар құрап отыр. Біздің облыстан 2 мыңға жуық бауырласымыз Меккеде мінәжат ететін болады.

Қалиолла Матжан, қажылық сапар жетекшісі: «Біздің дайындығымыз өте жақсы. Енді сонда барып, бұйыртса, барлық амал-шарттарымызды ойдағыдай орындап қайтсақ деп отырмыз, Иншаллаһ!»

Меккеге кеткен көпшілік мінәжатын жасап, амал-шарттарды орындап, қарашаның сегізіне қажы атанып, елге оралады. Ниет етіп айшылық алыс жерге аттанған бауырластарымызға біз де сәтті сапар тіледік!

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nt3pmsHBc3k[/youtube]