Шымкенттік қажылардың алғашқы легі қасиетті сапарға аттанды

35

Меккеде мұсылмандардың қажылық маусымы басталды. Биыл елімізден 5000 қажы қасиетті сапарға аттанбақ. Сауд Арабиясы бекіткен жаңа ереже бойынша ғибадат жасаушылар бүгін Шымкент қалалық әуежайынан ұшты. Қажыларды шығарып салу рәсімінде арна тілшісі де болып қайтты.

 

Шымкенттік қажылардың алғашқы легі қасиетті сапарға аттанды. Исламдағы бес парыздың бірін орындаушы бұл жандар жаңа ереже бойынша қажылыққа аттанып жатыр. Олар бүгін қалалық әуежайдан ұшып, Медина қаласына қонады. Қажыларды ұлы сапарға мегаполистің бас имамы шығарып салып, Қасиетті сапарға ниет еткен азаматтарға ақ жол тіледі.

Бақдаулет Абдурахманов, Шымкент қаласының бас имамы: «Биыл өте қиын болды. Себебі Сауд Арабиясының қойған талаптары болды. Біз қажылыққа барамын деуші 5000 адамды былтыр тіркеуге тиіс болдық. Мүфтият сараптауынан өткен 16 компания қажыларды тіркеп, былтырдан бастап дайындықты бастап кеткен еді. Биыл өткен жылдағыдай келеңсіз жайттар болмайды деп үміттенеміз»

Ұлық ғибадатқа аттанушылардың қуанышында шек жоқ. Ал дін өкілдері оларды қасиетті сапарда атқарылуы тиіс құлшылық түрлерімен таныстырды. Жаңа ереже бойынша қажылыққа аттанғандар арасында 56 жастағы Күләш Апашева да бар.

Күләш Апашева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз өте қуаныштымыз. Шын көңілімізбен, ниетімізбен, Алла разылығы үшін үлкен қажылыққа бара жатырмыз. Осыны ұйымдастырып отырған ағаларымызға алғысымыз шексіз»

7-ші және 10-шы маусым аралығында мегаполистен жалпы саны 2000 адам киелі мекенге қалалық әуежайдан ұшады. Ал биыл еліміз бойынша 5000 қажы асыл дініміздегі бес парыздың бірін орындамақ.