Дауға нүкте қойылған жоқ…

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов
Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов

Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов пен облыстағы бірқатар емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері арасында дау туындағаны белгілі. Тіпті бұл мәселе облыс көлемінен шығып, республикалық деңгейде талқыға түскені жайлы да көзі қарақты оқырман біледі.

Нақтырақ айтар болсақ, 2012 жылдың 31 тамызы күні республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Дауға нүкте қоятын кез жетті» деген мақала жарық көрген болатын. Осыған орай облыс әкімінің 12 қыркүйек күнгі өкімімен аталған материалда айтылған фактілерді тексеру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған болатын.

Мақалада айтылған мемлекеттік сатып алу және тендерді өткізуге қатысты жайды жұмыс тобы зерттеп, зерделемеді. Бұған үстіміздегі жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу, тендерді ұйымдастыру және жүргізу заңдылығын анықтау мақсатында бақылаушы органдардың бірнеше рет жүргізген тексерулері себеп болды.

Құзырлы органдар тексерулерінің қорытындылары бойынша нәтижелері облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткізген конкурстық комиссия шешімдеріне кері әсерін тигізбегені анықталған. 2012 жылы өткізілген тендерден талапқа сай болмағандықтан шеттетілген компаниялардың арыздары бойынша сот процестері жүргізіліп, сот шешімдері денсаулық сақтау басқармасының пайдасына шешілген.

Жұмыс тобы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаилов туралы облыстағы 45 бас дәрігермен жеке-жеке әңгімелесу өткізіп, олардың ой-пікірлері сұрастырылған. Нәтижесінде, бас дәрігерлердің басым бөлігі Ж.Исмаиловты бірінші басшы ретінде оң бағалаған.

Жұмыс тобы тексеру жұмыстарын жүргізіп, облыс әкімінің қарауына бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, Қ.Ыдырысов, С.Рахымбердиев, А.Ошақбаевтың қызметтен босатылуы заң шеңберінде жүзеге асырылған. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жылдар қызмет атқарғанын, тәжірибесін ескеріп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес, оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.

Сондай-ақ ұсыныстардың бірі ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаиловқа өзінің мінез-құлқымен қызмет барысында қарамағындағылармен мемлекеттік қызметшінің ар-намыс Кодексінің қағидаларын сақтамағаны үшін шара көрілу керектігі туралы да айтылған. Соның нәтижесінде облыс әкімінің 2012 жылғы 25 қыркүйектегі өкімімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаиловқа сөгіс берілді.

Денсаулық сақтау саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Б.Нажметдинұлына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, алдағы уақытта осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеу мақсатында тиісті шаралардың қабылдануын, ар-намыс Кодексі қағидаларының денсаулық сақтау жүйесіндегі қызметкерлер арасында сақталуын және моральдық-этикалық ахуалды жақсарту үшін өз тарапынан шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.

Алайда облыстың №1-ші дәрігерінің орнында қалуы, облыс әкімінің оған тек қана сөгіс берумен шектелуін қарсы тараптағы дәрігерлердің одан сайын ашу-ызасын тудырып отырғаны байқалады. Олар егер Исмаилов орнынан кетпейтін болса, өздерінің денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбековадан бастап, премьер-министр Серік Ахметовке, тіпті Елбасыға дейін арызданатындарын айтып, баспасөз беттерінде ашық жария етіп отыр. Алайда әзірге №1-ші дәрігер орнында отыр. Ал облыс басшылығы «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» істі тындырудың жолын қарастыратын сияқты.