Шымкентте дәрігерлер жасөспірімнің бауырынан 9 см эхинакокк құртын алып шықты

27

Шымкентте дәрігерлер жасөспірімнің бауырынан 9 см эхинакокк құртын алып шықты. 14 жастағы қыз баласы осы жылдың 21-тамыз күні ауыр халде Асардағы балалар ауруханасының қабылдау бөліміне түскен. Дәрігерлер пациентті рентген, компьютерлік томография тексеруінен өткізіп, бауыр тұсынан эхинококк кистасын анықтаған. Жедел түрде науқасқа ота жасалған.

“Науқастың түскен кездегі шағымы бас ауруы, дене қызуы, тәбеттің болмауына шағымданған. Диагноз анықталған соң, науқас хирургия бөліміне ауыстырылды. Ота алдын дайындық жасалып, кистаны алып шықтық. Отадан кейін науқас реанимациядағы дәрігерлердің бақылауында бір күн болып, палатаға ауыстырылды”, дейді дәрігерлер.

Айта кетейік, 14 жастағы қыз баласына эхинакокк кистасын алып тастау отасы екі рет жасалған. Нақтырақ айтқанда, науқасқа мұнан алдын облыстық балалар ауруханасында операция жасалған. Бірнеше отаны бастан өткерген науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Дәрігерлер пациентті үйіне шығаруға дайындап жатыр.

Лаура Нақыпқызы