Дәрігерлер 4-қабаттан құлап кеткен 2 бүлдіршіннің жағдайы туралы айтып берді

71

Шымкентте екі бүлдіршін көпқабатты үйдің терезенінен құлап кеткен болатын. Мамандардың сөзінше, оқыс оқиғадан зардап шеккен балалар ата-анасының қарауынсыз қалған.

Шымкентте екі бүлдіршін  көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Зардап шеккендер екі отбасының балалары. Оқыс жағдайлардың бірінде 17 шағынаудандағы бес қабатты үйдің төртінші қабатынан 1 жасар сәби құлап кетсе, кешкісін сағат 8-дер шамасында «Спорт» шағынауданында үйінде ойнап жүрген 4 жасар ұл бала төртінші қабаттан құлап кеткені туралы 103-ке хабар келіп түскен.

Оқиға орнына барған  медицина мамандары биіктен құлаған баланы ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер екі  бүлдіршіндің де жағдайы ауыр деп отыр. Тіпті алғашқы сәттерде биіктен құлаған 1 жасар қыз баланың жүрегі тоқтап қалып, реанимациялық көмек көрсетілген.

«Жағдайларының ауырлығына байланысты алғашқы сағаттарда нейрохирругиялық мамандар көріп, қажетті медициналық көмек көрсетті. Екі жағдайда да балалардың жағдайы ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр.  Алғашқы сағаттарда қыз баланың жүрегінде тоқтау белгілері болған. Бірақ реанимациялық шаралар жүргізіліп, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған»,-деді Түркістан облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен ТҰРЫСБЕКОВ.

Дәрігердің сөзінше, қос бүлдіршінде жабық ми жарақаты, ми ісініу және денесінде түрлі дене жарақаттар анықталған. Ауыр халдегі балаларға медициналық көмек көрсету үшін жергілікті мамандар Астана қаласындағы дәрігерлермен кеңесіп, емдеу шараларын жүргізуде. Ал төтеншеліктердің мәліметінше, көпқабатты үйдің терезесінен құлаған балалар ата-анасының қарауынсыз қалған. Оқиғаның мән-жайын Полиция департаментінің қызметкерлері анықтауда.

«Ағымдағы жылы 10 тамыз күні екі жағдай тіркелген. Екі жағдайда балалар қараусыз қалған. Екі баланың жағдайы ауыр. Жансақтау бөілімінде жатыр. Құрметті ата-аналар! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар»,-деді Шымкент қалалық ТЖД бөлім бастығы Ирисмат МАХМУДОВ.

Айта кетейік, жыл басынан бері  Шымкентте балалардың терезеден құлауы бойынша 6 факті тіркелген. Оның ішінде екі бала қайтыс болған, 4 бала жарақат алған. Оқыс жағдайдың басым бөлігінде балалар қараусыз қалған. Сондықтан дәрігерлер ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді.

Автор: Лаура Нахыпқызы