Оңтүстіктегі 18 ананың өліміне кім кінәлі?

Oн айда 18 ана қайтыс болды
Oн айда 18 ана қайтыс болды

Ресми деректерге сүйенсек Оңтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 18 ана қайтыс болған. Оңтүстікте жылына өмірге 79 мыңға жуық нәресте келеді екен. Бірақ оның барлығының өсіп-жетілуі екіталай білем.  Анадан да, баладан да айырылып қалатын тұстар тым жиілеп кеткен. Мысалы, былтыр облыста 180 бүлдіршін (1 жасқа дейінгі) тосыннан келген түрлі дерттің кесірінен ажал тырнағына ілігіпті. Ал биыл 63 бала көз жұмған.

Босану кезінде қайтыс болатын аналардың өліміне көп ретте дәрігерлерді кінәлап жатамыз. Бойына бала бітісімен, оны өмірге әкелгенге дейінгі және кейінгі әйелдің денсаулығы тікелей дәрігердің бақылауында болуы тиіс. Әйтсе де, әйелдің жүктілік кезінде өз денсаулығына немқұрайлы қарауы да көп ретте өкінішті жағдайға әкеп соғатыны жасырын емес. Рас, саулығы сыр бермейтін әйел жоқ. Ал оның барлығы да жүктілік кезінде екі еселене түседі. Анемия, бүйректің түрлі ауруы, жатыр мойнында көп кездесетін аурулар.Әйелдер арасында жиі кездесетін бұл ауру түрлері әсіресе, босану кезінде ауыртпалық әкеледі. Біз осы мәселені көтере отырып, дәрігерлерді жақтап бір жақты сөз айтқымыз жоқ. Мәселенің екі жағы бар. Ол медициналық тұрғыдан сапалы қызмет көрсете алмау, білікті дәрігерлердің жетіспеушілігі, дәрігер тарапынан кездесетін салғырттық. Сонымен бірге әрбір ананың өз өміріне, өз денсаулығына, ұрпағының саулығына деген немқұрайлығы. Осы тұрғыдағы жауапкершілігінің жоқтығы.

Облыс бойынша босанатын жастағы 695 500 әйелдің ішінде 9571 әйелдің жүктілікке мүлде қарсы көрсетілімдері бар.

Осы ретте статистиканы айналып өте алмайтынымыз анық. Агенттіктің мәліметінше елімізде 30 жасқа дейінгі әйелдердің көбіне бала көтеруіне дәрігерлер тарапынан рұқсат етілмейді. Нағыз балалы болатын жастағы әйелдерге бұлайша тыйым салуына не себеп?! Бар мәселе, дәл осы жасқа дейінгі қыз-келіншектердің бойынан түрлі дерттің кездесуі болып отыр. Олардың арасында созылмалы аурудың бір емес, бірнеше түріне шалдыққандары басым. Мұндай келіншектер міндетті түрде дәрігермен кеңесе отырып жүктілігін жоспарлауы тиіс. Өкінішке қарай, бұл ережені ескеріп жатқандары аз. Әсіресе, Оңтүстіктің нәзік жандылары арасында өз денсаулығына мән бермейтіндері жиі кездеседі. Көп ретте біз дені сау анадан ғана, дені сау баланың туылатынын ұмытып кетіп жатамыз.

Десек те…

Бір жыл бұрын ана өлімінің көрсеткіші облысымызда төмендегенін айтып, сүйінші сұрап едік. Айтып аузымызды жиымай жатып, жыл басында жылдық көрсеткішті бір-ақ орындадық. Жіті респираторлы тұмаудан – 6, кейін тағы – 4 әйел, сосын тағы да – 2 ана қайтыс болды. Бұл, бұл ма, қан кетті деген диагнозбен 2 әйел тағы көз жұмды. Бас-аяғы бүгінгі күнге дейін жыл басынан 18 жүкті әйелдің босану барысында қайтыс болғаны белгілі болды. Былтыр бұл көрсеткіш бір жылға шаққандағы дәйек еді. Ал, биыл 9 айда 18 ана өлімі тіркеліп отыр. Медицинасы дамыған өркениетке ұмтылған заманда бұл қалай болғаны? Дал болатын мәселе көп. Ананың артында шырылдап жетім қалатын бала тағдыры да жаныңды тыншытпайды. Бір отбасының ғана емес қоғамның трагедиясына айналған ана мен бала өлімін қайтсек жеңе аламыз?

Жүкті әйелді босану барысында өлімге жетелейтін негізгі факторларға тоқталайықшы. Ана өлімінің себептері акушерлік және акушерлік емес болып екіге бөлінеді. Акушерлік себепке «преэкламсия» яғни жатырдан қан кету, түсік жасау кезінде пайда болған асқынулар, бүйрек және жыныс мүшесінің өзге де аурулары жатады.

Акушерлік емес себептерге экстрагенитальды яғни жыныс жолдарынан тыс аурулар. Бұған әйел ағзасындағы түрлі созылмалы дерт себепкер. Мысалы босану барысында бүкіл ағзаға күш түседі. Мұндайда бүйрегі, жүрегі, бауыры, қалқанша безі, өкпесінің қабынуы сияқты дерті бар әйелдер қатты қиналады. Ана өлімінің көбі жүрек талмасынан және миына қан құйылудың салдарынан болады екен. Дәрігердің «денсаулығыңыз жарамайды» деген ескертуін елемеген көп әйел тәуекелге бел буып, өмірін қыл үстіне өздері қояды. Тағы бір қателік бар. Ол жүкті әйелдің тіркеуге тым кеш алынуы. Жүкті аналарды есепке алып, көзден таса етпеу-ге дәрігерлер қауымы жұмылдырылып-ақ келеді.

Балалы болғысы келген келіншек, алдын-ала дәрігерлік тексеруден өтіп, гинеколог мамандардың кеңесіне жүгінгені абзал. Өкінішке қарай, бізде әзірге барлығы керісінше. Көп келіншек жүктіліктің 16-20 аптасында тіркелуге келеді. Ал мұндайда әйел денсаулығы сыр берген күннің өзінде жүктілікті жалғастырмауға әрекет ету жағынан дәрігерлердің ешқандай мүмкіндігі болмайды. Амалсыз, түрлі патологиялық аурулармен сәбиді дүниеге алып келу керек болады. Қауіп тек анаға ғана емес, балаға да төнетіні содан.

Жұмағали Исмаилов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:

– Облыста ана мен нәрестелер өлімінің көрсеткіші 2011 жылы  республикалық көрсеткіштен төмен болды. Бұл бұрын соңды болмаған жағдай. Ал биылғы жылы қыс айларында вирустық пневмония бойынша жүкті әйелдер арасында өлім-жітім орын алғаны рас. Сондықтан қазір осы күзден бастап бізде бірінші рет жүкті әйелдер арасында вакцина егу қолға алынды. Ал кешегі аптада орын алған оқиғаны да растаймыз. Бірақ, ол өлімнің себебі қазір арнайы комиссияның бақылауында. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң қорытынды шығаратын боламыз.

Облыс бойынша босанатын жастағы 695 500 әйелдің ішінде 9571 әйелдің жүктілікке мүлде қарсы көрсетілімдері бар. Осыған қарамастан біз бала туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарде келеміз. Ұрпақты болу жасындағы әйелдер денсаулығының индексі ең төмен аймақ та бізбіз. Жоғарыда айтылған дерттерге шалдыққан, жүкті болуға мүлдем болмайтын әйелдердің 8-і бүгінде жүкті. Басын қатерге тігіп отырған олардың өмірі үшін жауапты дәрігерлер бүгінде қатты алаңдаулы. Абырой беріп, Алла нәсіп еткен күнін көруіне тілеулеспіз.

Дегенмен, егер ертең босану кезінде қиындықтар туындайтын болса, қоғам тағы да дәрігерлерді кінәлайтыны рас. Ал кезінде сол әйелдерге «Сізге бала көтеруге мүлдем болмайды» деген ескерту жасалғанын ешкім де қаперіне алғысы жоқ. Көп ретте, «баяғыда апа-әжелеріміз тезек теріп жүріп-ақ босана берген» дегенді көлденең тартамыз. Бүгінгі экологиялық жағдайды, тамақтану рационын, құнарсыз азық-түлікті пайдаланып отырғанымызды есепке алғымыз жоқ.

Жіті респираторлы тұмаудан – 6, кейін тағы – 4 әйел, сосын тағы да – 2 ана қайтыс болды. Бұл, бұл ма, қан кетті деген диагнозбен 2 әйел тағы көз жұмды. Бас-аяғы бүгінгі күнге дейін жыл басынан 18 жүкті әйел босану барысында қайтыс болған.

Қазір ана мен бала денсаулығына қатты мән беріліп отыр. Соңғы 4 жылда жағдай біршама тұрақталғаны белгілі. Өткеннен сабақ болсын деген шығар, қазан айынан бастап 40 мың жүкті әйелге республикада алғаш болып, облысымызда тұмауға қарсы егу жүргізілуде. Бұдан бөлек, учаскелік акушер-гинеколог, учаскелік уролог, терапевт, хирург, кардиолог алдарына келген жүкті әйелдерді бақылап, қандай созылмалы сырқаттары барын анықтап, бірлесе жұмыс жасайды. Бала туу өміріне қауіп туғызатын жүкті әйелдер қаладағы отбасын жоспарлау орталығы мен облыстық перинатальды орталықта есепке алынады. Әрдайым дәрігер бақылауында болады.

Алайда…

Өткен аптада Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету ауруханасында тағы бір жүкті әйел көз жұмды. Марқұм 28 жаста ғана еді. Жедел жәрдеммен жеткізілген ол босану барысында қайтыс болған. Өлімнің себеп-салдары анықталып жатыр. Қалай болғанда да жеке азаматтың денсаулығының тек 15%-ы ғана медицинаға байланысты екенін естен шығармайық. Десек те, облысымызда 4 перинаталдық орталық бола тұра, жүкті әйел не себепті жедел жәрдем ауруханасына жеткізілгені, дертінің асқыну жағдайлары не себепті алдын-ала анықталмағаны түсініксіз. Қазір арнайы құрылған комиссия осы мәселелерді тексеріп жатыр.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА