Шымкентте Қайрат Нұртастың шығармашылық кеші өтті

521
Қайрат Нұртас Шымкентте
Қайрат Нұртас Шымкентте

Шымкентте талантты жас әнші, жерлесіміз Қайрат Нұртастың шығармашылық кеші өтті. «Оңтүстік Цирк» ғимаратында өткен есеп беру кешінде 20 әннің, 17-сін Қайраттың өзі орындады. Жанды дауыста айтқан әнші көпшіліктің қошеметіне ие болды. Айта өтейік, өнер иесінің талантын таразылайтын кеш «Сен жалғыз…» тақырыбы аясында өрбіді.

Атаулы кештің басты қонағы, эстрада жұлдызы – Бақыт Алтай. 1200 орынды ғимаратқа арналып сатылған билеттер жетпей қалып, халық өнер иесіне екінші аусымды кешін беруін өтінген болатын. Әрине, жерлестерінің көңілін қимаған Қайрат кешкі сағат 21:30 шығармашылық кешін қайта ұсынды. «Жерлестеріне деген құрметінен жаңылмады» деп разы болғандар есік алдында әншінің орындауындағы әндерді шырқап, мәртебесін марқайтты. Екінші ауысымға жиналған өнерсүйер қауымның санында есеп болмады. Сатылымға шыққан билеттердің тағы да жетпей қалғанын айта өтейік. Салдарынан, көше бойында көліктердің кептелісі орын алды. Ал кешке келген әнсүйер қауым алған әсерлерін жасырмады. Бірі – қосыла ән шырқаса, енді бірі гүл шоқтарын тарту етті. Суретке түсіп, қолтаңба алудың өзі көрерменге тосын сый болды. Кешке барар алдын, көрермендер залындағы көпшіліктің басым бөлігін жастар құрайды-ау деген пікірде болғанбыз. Алайда, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Қайраттың тыңдарманы екеніне көзіміз жеткендей болды. Елімізге кеңінен танылып, «Саз әлемі» республикалық ән жобасының бас жүлдесін қанжығасына байлаған Қайрат Оңтүстік тұрғындарының ықыласына бөленді бұл күні. Десе де әнші жиналған жұртшылық алдында бас иіп, жерлестерін сағынғанын жеткізді.

Марал Жамбылқызы, көрермен: «Толқып отырмын мен. Қуаныштан, көзіме жас келді ғой тіпті. Аузыма сөз келмей жатыр.  Кез келген әнді жүрекпен орындайтын әнші жоқ қой Қазақстанда осы Қайраттан басқа. Тек теледидардан ғана көретін сүйікті әнішіміз бүгін біз үшін, біздің көңіліміз үшін көз алдымызда ән айтып жатыр. Неткен тамаша!  Енді не дейін, жас қанат қой бұл. Өнері жансын, халқының сүйікті көзайым әншісі болып жүре берсін! Суретке де түсіп алдық, енді бізге Қайраттан сый болды бұл. Менің басты тілейтінім, аман-есен ел алдында ән салып, жүре берсін. Ешқашан бізді-Оңтүстік елін ұмытпаса екен. Кей әншілер бар ғой осы, шыққан жерін ұмытып «жұлдыз» ауруына шалдығатын. Сондықтан, біз Қайраттың талантына сеніп, өзін құрметттеп, әндерін сүйіп келіп отырмыз. Біздің артқан үмітімізді ақтап, жұлдызы жарқырай берсін дегім келеді. Мойындау керек, Қайрат – нағыз талант! Елдің сүйікті әншісі! Біз Қайратпен мақтанамыз!»

Батырхан Өсер, көрермен: «Осыдан 1-2 апта бұрын көшелерге жарнама қағаздары, афишалар ілінді. Қайрат Нұртастың шығармашылық кеші деген мазмұнда. Міне, сол күннен бастап біз Қайраттың кешін асыға күттік. Анам, әкем, жалпы айтқанда отбасымызбен келіп отырмыз бүгін. Топтастарым да келді. Достарымның дені Қайраттың махаббат туралы әндерін жақсы көреді. Сондықтан, 11-қазан деген датаны айрықша күткенімізді айтқым келеді. Сонымен қоса, Қайрат есеп беру кешін тамаша өткізуде ғой. Цирк әртістерінің қатысуымен қызықты әрі ерекше көріністермен өрбіп жатыр. От шашулар мен қалықтаған көріністер ел есінде жатталары анық. Әндеріне сай нөмірлер таңдағаны жарасып-ақ тұр. Алдын-ала гүл шоқтарын дайындап алып келген едік. Әне менің кішкентай қарындасым сыйға тартып жатыр. Қолтаңбасын алып, суретке түсуде. Ал әндерін қосыла шырқап, Қайратқа рухани демеу беріп отырғанымыз да әншіге деген сыйластығымыздың белгісі деп білемін. Айта кетерлігі – біздің Оңтүстік қасиетті жер. Себебі, Бекзаттай, Шәмшідей – Ұлы адамдарды дүниеге әкелген. Қайрат та Оңтүстіктің біртуар перзенті дер едім».

Қайрат Нұртастың кешінде ине шаншар жер болмады

Жасыратыны жоқ, бүгінде интернет желілеріне Қайрат турасында көптеген материалдар қаптап кетті. Бірі – мадақтама болса, енді бірі әншіні жерден алып жерге салып масқаралайтын дүниелер. Көпшіліктің Қайратты қай қырынан танырын білмей дал болып жүргені тағы бар. “Адамды досына қарап таны” деген емес пе қазекең. Сондықтан, 8 жылдан бері Қайрат Нұртастың жан досы болып жүрген жас әнші Бақыт Алтайдан мән-жайды сұраған едік.

Жасы небәрі 23-ке толған жас талант өзін елге мойындатып үлгерді. 9-10-қазан күндері Тараз қаласына өнерін паш еткен Қайрат Нұртас жерлестеріне жеткенінше асыққанын айтады.

Бақыт Алтай, әнші: “Дұрыс айтасыз, 2004 жылдан бері Қайрат екеуміздің арамыздан қыл өтпейтін достар болып жүрміз. Екеуміз де өнер жолындамаз. Талай концерттерді бірге өткіздік. Менің ойымша, Қайрат өмірде өте қарапайым және жаман әрекеттерден бойын аулақ ұстайтын адал дос. Қазақтың қарапайым баласы. Мейірбан, жанашыр жан. Бір жерде жүрсең, «анау не болды екен, мынау не болды екен?» деп көптің қамын ойлап жүреді. Сеніп тапсырған дүниеңді жарты жолдан тастаған емес, жауапкершілігі мсл. Ешқашан өзін біреуден артық санап, танымалдылығын пайдаланған емес. Қанша жерден жұлдыз болса да, «Үлкеге құрметінен, кішіге ізетінен» жаңылмайтынына ризамын ғой. Ия, «Өнер жолы – ауыр жол». Біреулер аяғынан шалғысы келіп, біреулер тілеулес болып жүреді. Сондықтан, ештеңеге таң қалудың да қажеті жоқ деп ойлаймын. Бастысы, мен әрбір досымның табиғатын білемін. Қайраттың да адамдық қалыпын құрметтейммін.   Ал анау интернет дегенде жүрген бейдүнилер қасында жүрген достарының сатқындығынан туған. Өздері алдап-арбап соңында тұзаққа түсірген десек те болады. Ел Қайратты таниды, жандүниесін біледі деп ойлаймын. Ең бастысы, ұлдарыңызға сеніңіздер дегім келеді. Бүгінгі кеш – Қайраттың жанашыр тыңдармандарының сенімінің дәлелі деп білемін өз басым. Жалпы, Қайрат егер жаман адам болса мен де сонша жыл бойы достаспайтын да едім”.

Қайрат Нұртас, әнші: “Менің Оңтүстік дегенде шығарға жаным бөлек екенін өздеріңіз де біледі деп ойлаймын. Қайда жүрсем де Шымкенттің адамдарын жолықтырамын, сол кезде неткен киелі жер едің деймін іштей. Оңтүстік өңірінің тұрғындарына деген алғысым шексіз, мен деп келіп отыр бүгін. Рахмет! Қайда жүрсем де жерлестерімді сағынып жүремін. Себебі, дәл осы өлкенің тұрғындары секілді мені ешкім жақсы көріп, сағынбайтындай болып көрінеді. Міне, ыстық ықыластары мен қошеметтері! Тіпті, бір қарияның келіп бетімнен сүйгенінің өзі мен үшін үлкен қуаныш, бақыт қой! Ақ батасын беріп жатыр! Менің жанымды түсінетін тыңдармандарым үшін мен де өнер жолында талмай-тынбай тер төгіп еңбек етемін. Әрдайым мен өз туған жерім мен жерлестерімді мақтан тұтамын! Менімен бірге толқып, менімен бірге ән салып отыр ғой. Жүрекпен айтқан әндерімді түсініп, жүрекпен қабылдауына қарап тәнті болдым-ау… Қолыма әкеліп табыстаған әрбір гүл шоқтарының төркінінде нендей ілтипат-құрмет сезімдерінің жатқанын білемін. Сондықтан, артқан үміт-сенімдерін ақтау жолында аянып қалмасым анық! Ал шығармашылығымдағы жаңалықтарға келетін болсам, жуырда ғана киномды түсірдім. “Өкініш” деп аталады. Халық өзі бағасын бере жатар. Ал жерлестеріме айтарым, мен Сіздерді ешқашан жерге қаратпаймын”.

Бүгінге дейін 80-нен астам ән жаздырып, 12 бейнебаян, 10-нан астам ән жинағын жұртшылыққа сыйлап үлгерген жас әнші Қайрат Нұртастың алдағы күндерге жоспары көп. Жуырда 2 бейнебаяны жарық көреді деп күтілуде.